Accessibility links

Ислам Каримов қайтқалы 10 жыл. Өзбекстан қалай өзгерді?

Ислам Каримов
Ислам Каримов

2016 жылғы 2 қыркүйекте Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов өмірден өтті. Ол постсоветтік мемлекеттер арасында ең қатал диктаторлардың бірі саналды. Каримов елді 27 жыл, өмірінің соңына дейін басқарды. Азаттық Азия сөйлескен адамдар оның немен есте қалғанын, мұрагері Шавкат Мирзияев тұсында елде қандай өзгерістер болғанын айтты.

"Өзге елді көрдім"

"Каримов қайтыс болғалы 10 жыл өткенде Өзбекстанға барып, басқа мемлекетті көрдім" деді Азаттық Азияға АҚШ-та тұратын зерттеуші Баходир Файз. "Мінсіз немесе проблемадан ада ел емес. Жай ғана басқа ел. Ашықтау. Динамикасы жоғары. Айналадағы әлемге жақынырақ".

Файз Өзбекстаннан жас кезінде кеткен. 1992 жылы Түркияға оқуға аттанғанда болашақ публицист әрі әлеуметтанушы туған жеріне 30 жылдан астам уақыт бойы қайта аяқ баса алмайтынын ойламаған. Оның айтуынша, бәрі өз еркінен тыс болған.

1994 жылы Анкарамен болған саяси келіспеушіліктер аясында Ташкент билігі Түркияда оқып жүрген өзбек студенттерінен елге қайтуды талап етті. Өзбекстан билігі жастардың сол елде орналасқан өзбек оппозициясы көшбасшыларының ықпалына түсіп кетуінен қауіптенді. Олардың арасында "Ерік" ("Эрк") партиясының негізін қалаушы әрі Ислам Каримовтың басты қарсыласы болған Мұхаммад Салих пен "Бірлік" партиясының негізін қалаушы Абдурахим Пулатов болды.

Студенттер алмасу бағдарламасы бойынша Бурсада әлеуметтану мамандығында оқып жүрген Файз оқуын үзгісі келмей, елге қайтудан бас тартқан.

1999 жылы оқуын тәмамдаған Файз Өзбекстанға оралудан қауіптенген: кезінде елге қайту туралы талапты орындамағаны үшін жазаға ұшырауы мүмкін деп ойлаған. Сөйтіп ол АҚШ-қа көшкен. Бірақ жырақта жүрсе де, туған еліндегі ахуалды бақылап отырған.

"Каримов билігінің алғашқы жылдарында болған мемлекеттік қаталдықты биліктің тұрақсыздықтан қорқуымен түсіндіруге болады-ақ. Алайда уақыт өте тұрақтылық үшін тұрғызылған сол дуалдар елдің дамуына кедергі келтіре бастады" дейді Баходир Файз. "Ақыр соңында тұрақтылық тоқырауға ұласты. Поэзия тілімен айтсақ, құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Халық үнсіз қалды, баспасөзде де тыныштық орнады, саясат болған жоқ. Цензура, саяси қуғын-сүргін, мәжбүрлі еңбек, Әндіжан оқиғасы және оппозицияны жою. Каримов дәуірінің соңына қарай Өзбекстан тіпті ең жақын көршілерінен де оқшауланған мемлекетке айналды".

Баходир Файз
Баходир Файз

Файздың айтуынша, Каримов дәуіріндегі басты мәселе экономиканың жабықтығы болған. Елде валюта айырбастаудың қара нарығы өркендеген, Өзбекстанға инвестиция келмеген, банк секторы дамымаған.

"Валютаны еркін айырбастау мүмкін болмады. Импорт пен экспортта қиындықтар болды. Мемлекет өмірдің барлық саласына араласты. Монополия, бюрократия, жемқорлық белең алды. Мүмкін, бұл модель белгілі бір уақыт аралығында экономикалық күйреудің алдын алған шығар. Алайда кейін ол елдің даму әлеуетін тежей бастады. Мұның салдары ауыр болғаны соншалық, Өзбекстанның миллиондаған азаматы Ресей мен өзге елдерге жұмыс іздеп кетті" дейді Баходир Файз.

Каримов қайтыс болғаннан кейінгі 10 жыл ішінде елдегі ахуал өзгеріп, 2026 жылғы мамырда Файз Өзбекстанға турист ретінде баруға бел буған. Ол басында қорыққанын, әуежайда тоқтатып, тергеуге түсіп қалармын, елге кіргізбей, қайтарып жіберер деп секемденгенін айтады. Бірақ оның бұл күдігі расталмай, туған жерінде бір ай жүріп қайтқан.

"Адамдардың әңгімесінен бұрынғы жылдарға тән қорқыныштың жоғалғанын аңғардым" дейді Баходир Файз. "Жұрт сөйлей бастаған. Олар үкіметті де, әкімді де, баға мен жемқорлықты да сынайды. Тіпті Өзбекстан туралы жағымды әсерлерімді оқып, мені балағаттағандар да болды. Бірақ соған да қуандым. Өйткені адамдар өз пікірін ашық айта бастаған. 20 жыл бұрын билік туралы жазбаға пікір білдіру үшін батылдық керек еді. Ал қазір адамдар мені еркін сынай алады. Бұл да өзгерістің бір бөлігі".


Сыртқы көрініс және оның ар жағындағы жағдай

1989 жылдан бері елді басқарып, Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы биліктегі мерзімін бірнеше рет ұзартқан Ислам Каримовтың қайтыс болғанын Ташкент 2 қыркүйекте хабарлады. Оның өмірден өткені туралы қауесет содан бірнеше күн бұрын тараған. Ресми мәлімет бойынша, өлімге инсульт түрткі болған.

Каримовты жерлеуді ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік комиссияны Өзбекстанның премьер-министрі Шавкат Мирзияев басқарды. Келесі президент те соның өзі болды. Мирзияев экономиканы ырықтандыруды қамтыған реформалар жүргізіп, көрші елдермен тату қарым-қатынас орнатуға кірісті.

Мирзияев тұсында түрмеден ондаған белгілі саяси тұтқын, оппозиционер және құқық қорғаушы босатылды, діни себептермен сотталғандар да түрмеден шықты. "Мемориал" құқық қорғау орталығының дерегінше, Каримов билік еткен кезеңде Өзбекстандағы саяси тұтқындардың саны бұрынғы советтік республикалардағы барлық саяси тұтқындардың санынан көп болған.

"Бірер күн бұрын Каримов режимі туралы ойланған едім" деді Азаттық Азияға Ташкентте тұратын құқық қорғаушы Елена Урлаева. "2015 жылы Өзбекстанға Украинадан немере сіңлім келген. Әжесі, яғни менің анам 80-ге толған. Бәрін ұстады. Әлі тіркеуге тұрып үлгермеген Аннаны үйімізде бір тәуліктен артық тұрғаны үшін, ал сонша жасқа келген анамды оған пәтерін бергені үшін қамады. "Құдай-ай, қандай елде тұрғанбыз?" деп ойлаймын. Каримов тұсында өте қатал режим болды. Біз мұның бәрін басымыздан өткердік. Оның тұсында тек қиындық көрдік, түрлі соққы мен қуғын-сүргінге ұшырадық".

Ислам Каримов президент болған жылдары Елена Урлаеваны бірнеше рет жабық психиатриялық клиникаға мәжбүрлі түрде жатқызған. Ол мұндай клиникаға алғаш рет 2001 жылғы сәуірде жол құрылысына байланысты баспанасынан айырылған азаматтардың наразылық акциясын ұйымдастырған кезде түскен. Құқық қорғаушыны жабық ауруханаға соңғы рет 2017 жылы Халықаралық еңбек ұйымының өкілімен кездесуіне жол бермеу үшін жапқан. Оның айтуынша, содан бері оны мәжбүрлі емдеуге жібермеген.

"Каримов тұсында әбден қиналдық. Көптеген мұсылманды, барлық саяси белсенділерді – құқық қорғаушыларды, журналистерді қамады. Ол кезде бізге қатты қысым жасалды: ұрып-соқты, қолымызды қайырып, сүйреп әкетті. Әр апта сайын қандай да бір аудандық ішкі істер бөліміне қамалатынбыз. Бұл заң сияқты еді" деп еске алады Урлаева. "Бірде поштада үш құқық қорғаушы кездесіп қалдық, бізді сол жерден ұстап әкетті. Тіпті кездесуге де болмайтын. Қазір жағдай салыстырмалы түрде жеңілдеді. Мысалы, 8 тамызда Жоғарғы сот судьяларымен тыныш қана кездесе алдық. Олар кеңес береді, судьялар қабылдайды. Бұл да өте жақсы".

Алайда бәрі соншалықты жақсы емес, дейді Францияда орналасқан "Орталық Азиядағы адам құқықтары" қауымдастығының жетекшісі Надежда Атаева. Ол Өзбекстанда құқық қорғаушыларды ашық қудалау жағдайлары азайғаны туралы халықаралық бақылаушылардың бағасымен келіседі. Бірақ Атаева мұны биліктің төзімділігімен емес, тәуелсіз құқық қорғау ортасының іс жүзінде жойылуымен байланыстырады.

"Мынадай парадокс қалыптасты: диктатор Ислам Каримов тұсында Өзбекстанда тәуелсіз құқық қорғаушылар бүгінгіден көп болды" дейді Атаева. "Олар өлім қаупіне қарамастан, азаптауларды құжаттап, сот процестерін бақылап, әлемге құқық бұзушылықтар туралы хабарлап отырды. Халықаралық оқшаулану билікті беделіне келетін зардаптарды ескеруге мәжбүр етті. Ресей мен Қытайдың Ташкентке ықпалы қазіргіден әлдеқайда аз болды. Қазір құқық қорғаушылар қауымдастығының қатары толығып жатқан жоқ: жаңа тәуелсіз ұйымдар тіркеуден өтпейді, жаңа белсенділер іс жүзінде пайда болмайды, ал қалған құқық қорғаушылардың саны қоғамдық пікірге айтарлықтай ықпал етуге аздық етеді".

Құқық қорғаушының сөзінше, некен-саяқ құқық қорғаушы қалғандықтан, билікке бұрынғыдай ауқымды қуғын-сүргінге барудың қажеті жоқ.

"Бұл реформалардың шегін анық көрсетеді: билік азаматтық қоғам бар екенін көрсетуге дайын, бірақ оның тәуелсіздігіне төзуге дайын емес" дейді Атаева. "Құқық қорғау қызметімен айналысу мүмкіндігі белсендінің билікке адалдығы мен басқаруға көнетіндігіне қарай беріледі. Мирзияев авторитарлық жүйені бұзған жоқ, ол бар болғаны оны жаңғыртып, икемдірек, технологиялық тұрғыдан жетілдірілген және сырт көзге тартымды етті. Каримов кезінде билік үнсіздікті талап еткен. Мирзияев кезінде билік жария түрде адалдық танытуды талап етеді. Бұл демократияландыру емес, тәуелсіз азаматтық қоғамның дамуына мүмкіндік бермейтін әрі билікке деген сенімнің қалыптасуына жол бермейтін жаңарған авторитаризм".

Өзбекстан президенті Ислам Каримов билеп тұр, ал премьер-министр Шавкат Мирзяев (оң жақта) қол соғып тұр. Ташкентте тәуелсіздік күнін тойлау сәті. 31 тамыз 2007 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов билеп тұр, ал премьер-министр Шавкат Мирзяев (оң жақта) қол соғып тұр. Ташкентте тәуелсіздік күнін тойлау сәті. 31 тамыз 2007 жыл.

Мұндай жағдайда елдегі демократиялық өзгерістер мен адам құқықтарының сақталуы туралы сөз қозғау қиын. Мирзияев билікке келгенде әуелі сөз бостандығына ерік бергендей болды, кейін блогерлер мен журналистерге қысым, қуғындау күшейді.

Өзбекстан "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз еркіндігі индексінде 147-орында тұр. Ұйым елдегі сөз бостандығы ахуалы әлемдегі ең күрделі жағдайлардың бірі деп санайды.

"Өзбек билігі ашықтық пен реформалар имиджін қалыптастыруды жалғастырып келеді, бірақ осы сыртқы көріністің ар жағында медиа ортаның айтарлықтай жақсарғаны байқалмайды. Тәуелсіз журналистика өте осал күйінде қалып отыр, ал сыни материалдар үшін кеңістік барған сайын тарылып келеді" деді "Шекарасыз тілшілер" ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бюросының басшысы Жанна Кавелье.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Өзбекстан билігінің "тәуелсіз құқық қорғау қызметі мен пікір білдіру еркіндігін шектеп, басып-жаншып отырғанын", сондай-ақ "интернетте президентті қорлау" сияқты зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмыстар үшін адамдарды түрмеге жабатынын мәлімдеді.

2025 жылғы ақпанда сот шешімімен Дауран Алламбергенова психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі түрде жатқызылды. Оған Telegram-дағы жазбаларына байланысты "сепаратизм" және "интернетте президентті қорлау" баптары бойынша іс қозғалған.

Ташкенттік блогер Шохида Саломова үш жылдан астам уақыттан бері мәжбүрлі психиатриялық емдеуде отыр. Ол Өзбекстан билігін және президент Шавкат Мирзияевтің күйеу баласы, спорт функционері Отабек Умаровты сынаған жазбаларынан кейін жабық мекемеге орналастырылған.

Экономика өсіп жатыр, бірақ саяси бәсеке жоқ

Өзбекстан экономикасы өсіп (2025 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 7,7 пайызға артып, 147 млрд долларға жеткен), елге инвестиция келіп жатқанымен, миллиондаған өзбек азаматы әлі де шетелге жұмысқа кетеді. Көбі Ресейге барады да, сол жерде әскерге тартылып жатады.

Украинаның мемлекеттік "Хочу жить" жобасының мәліметінше, Өзбекстан Орталық Азия елдері арасында Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырғандар саны бойынша (шамамен бес мың адам) да, Украинада тұтқынға түскендер саны бойынша бірінші орында.

Экономист, профессор әрі оппозициялық саясаткер Қыдырназар Аллақұловтың сөзінше, елдегі экономикалық әл-ауқат туралы айтуға әлі ерте

"Инфляция күшейіп, баға қарқынды өсіп жатқан тұста билік зейнетақы, жәрдемақы, жалақы және стипендия көлемін небәрі 7-10 пайызға арттырып келеді. Ал экономикалық сарапшылардың бағалауынша, жалпы инфляция жылына кемінде 15–16 пайыз өсіп отыр. Азық-түлік бағасы да жылына кемі 20 пайызға артып жатыр. Бұл халықтың өмір сүру деңгейі төмендеп жатқанын білдіреді. Номиналды жалақы өскенімен, халықтың нақты сатып алу қабілеті мен нақты жалақысы төмендеп жатыр. Халықтың өмір сүру деңгейі шынымен де нашарлады. Оның үстіне Шавкат Мирзияев билік еткен жылдары адамдар несиеге қатты батты. Пайыздық мөлшерлемелер өте жоғары: 25-тен 49 пайызға дейін жетеді. Мұндай несиені алатындарда басқа жол жоқ, олар оған мұқтаж. Орташа деңгейде өмір сүретін адамдар үшін мұндай қарыздар кедейлікке қарай құлдырауды, ал тұрмысы төмендер үшін одан әрі жоқшылыққа батуды білдіреді" дейді Аллақұлов.

Өзбекстандағы ең төменгі жалақы мөлшері 1,271 млн сомға (шамамен 84 доллар), ал орташа жалақы 6,38 млн сомға тең (шамамен 535 доллар).

Экономистердің бағалауынша, елде еңбекке қабілетті 14,5 млн адам болса, оның 2-3 миллионы шетелде жүр. Ал елде қалған 11 миллионға жуық еңбекке қабілетті азаматтың жартысынан астамының табысы орташа жалақыдан төмен.

Сарапшылардың пікірінше, үкімет ашық статистика жарияламайды. Олардың пайымынша, мигранттардың елге жіберетін ақша аударымдары әлі де экономикада маңызды рөл атқарады. Дүниежүзілік банктің мәліметіне қарағанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша шетелден ақша аударымдарының Өзбекстанның ішкі жалпы өніміндегі үлесі шамамен 14,3 пайыз болды.

Қыдырназар Аллақұлов үшін саясаткер ретінде билікке заң аясында қарсы тұру қиын. Мирзияев билік еткен жылдары экономист Өзбекстанда бірнеше рет өз партиясын тіркеуге тырысқан, бірақ әр жолы әкімшілік қысымға, айыппұлдарға және сот қудалауына тап болған.

АҚШ-та тұратын өзбекстандық Баходир Файз туған елінде саяси еркіндік мәселесі әлі де көп екенін мойындайды.

"Мен елде демократия толық орнықты деп айтып отырған жоқпын. Нағыз саяси бәсеке әлі қалыптасқан жоқ. Тәуелсіз оппозиция саяси процестің бір бөлігіне айналмады. Баспасөз және сөз бостандығына шектеулер бар. Сот-құқық жүйесіне, жемқорлық пен мемлекеттік басқаруға қатысты шешілмеген мәселелер әлі көп" дейді ол. "Бірақ Өзбекстанда адамдардың өзіне деген сенімі біртіндеп қайта оралып жатқанын байқадым. Мұны статистикадан көре алмайсыз. Оны ел көшелерінен, такси жүргізушісінің әңгімесінен, жастардың көзінен, түнде адамға лық толы дәмханалардан, Ташкент әуежайындағы туристердің қалың тобынан және көлік кептелісінен көруге болады. Елдің болашағы оның зәулім ғимараттарының биіктігімен өлшенбейді. Оны халықтың көзіндегі үмітпен өлшейді. Ал мен бүгін көрген Өзбекстанда сол үміт бар".

Айдар
XS
SM
MD
LG