Испания премьер-министрі Педро Санчестің әйелі Бегония Гомеске қатысты тергеу аяқталып, оған бизнес саласындағы жемқорлық, мүлікті заңсыз иемдену және таражға салу баптары бойынша айып тағылған, деп жазды El Mundo.
Тергеу материалдарына сәйкес, Гомес үкімет басшысының жұбайы ретіндегі мәртебесін кәсіпкер Хуан Карлос Баррабестің мүддесін қорғауға және Мадридтегі Комплутенсе университетінде арнайы кафедрасы жетекшісі лауазымын алуға пайдаланған деген күдікке ілінді.
Сонымен бірге, қызмет өкілеттігін кәсіби тұрғыда теріс пайдалану бабына қатысты іс жеткілікті дәлел болмағандықтан тоқтатылған. Прокуратура мен қорғаушы тарап енді бірнеше күн ішінде бұл шешімге қарсылық білдіре алады.
Айып тағу туралы сот шешімі премьер Санчес пен жұбайының Қытайға сапарымен тұспа-тұс келді. Бұл жайт Испаниядағы саяси ахуалды одан әрі ушықтырып, Санчестің азшылық коалициялық үкіметіне қысымды күшейтті.
Әділет министрі Феликс Боланьос жоғары сот инстанциялары тергеу судьясы қаулысынның күшін жояды деген сенім білдіріп, оның әрекеті "сот жүйесіне кір келтіретініні" айтты деп хабарлады RTVE Noticias.
Гомеске қарсы талап арызды Испанияда жемқорлық схемаларын әшкерелеумен танымал болған Manos Limpias ("Таза қолдар") тобы түсірген. Оның жетекшісі әсіреоңшыл саясаткерлермен байланыста деп саналады.
2024 жылдың сәуірінде Санчес әйеліне тағылған айыптарды өз отбасын қаралау науқаны деп атап, отставкаға кетуден бас тартқан. Санчестің мәлімдемесінен кейін Испанияда оны қолдау акциялары өткен еді. Премьер мен оның Социалистік партиясын жақтайтындар Санчес қызметінде қалсын деген талап қойған.