Испанияда ондаған жылдар бойы тұрып келген пәтерінен мәжбүрлеп шығарылғаны елде жаппай наразылықтарға ұласқан Марикармен Абаскаль 87 жасында қайтыс болды. Бұл туралы El Mundo басылымы жазды.
Абаскаль үйінен шығарылған сәттен бастап ауруханада жатқан. "Оның үйіне қайта оралуына мүмкіндік беретін тарихи келісімге қол жеткізілгенімен, бұл шешім тым кеш қабылданды" деп мәлімдеді тұрғын үй жалдаушылар одағы.
23 қыркүйекте Марикармен Абаскаль 70 жылдан астам уақыт тұрып келген пәтерінен күштеп шығарылған. Пәтерді Urbagestión инвестициялық қоры сатып алғаннан кейін, жалға алу құны 500 еуродан 2650 еуроға дейін көтерілген. Оны төлей алмаған Абаскальдің берешегі жиналып, ақыр соңында сот оны пәтерден шығару туралы шешім қабылдаған. Әйелді үйінен зембілге салып алып шығып, кейін жедел жәрдем көлігі оны ауруханаға жеткізген.
Осыдан кейін Испанияда жұрт Абаскальды қолдау акциясына жаппай шығып, биліктен ушығып тұрған тұрғын үй дағдарысын шешуді талап еткен.
28 қыркүйекте Абаскальдің өкілдері Urbagestión компаниясымен келісімге келген еді. Келісім бойынша, әйелге сегіз жылдық жалдау шарты ұсынылып, оның зейнетақысының 30 пайызы көлемінде – шамамен 410 еуро болатын ай сайынғы төлем белгіленген.
Reuters агенттігі Абаскаль қайтыс болғаны жайлы хабар тарағаннан кейін мыңдаған адам Пуэрта-дель-Соль алаңынан парламент ғимаратына дейін шерулетіп, "Бұл жай ажал емес, бұл – кісі өлтіру!" деп ұрандатқанын жазды.
Елдегі наразылықтар 2 қазанда парламент үкіметтің тұрғын үй дағдарысымен күресу жөніндегі заң жобаларын қабылдамай тастағаннан кейін де жалғасты. Заң жобаларында тұрғын үйге халықтың қолы жететіндей өзгеріс әкелетін бірқатар шара қарастырылған еді. Олардың қатарында әлеуметтік тұрғыдан ең осал адамдарды жалға алып тұрып жатқан баспанасынан шығаруға 2030 жылға дейін тыйым салу, үйді қысқа мерзімге және тұрғын үй бөлмелерін жалға беруді реттеуге қатысты ұсыныстар болды.
5 қазанда Испания премьер-министрі Педро Санчес өз үкіметі "қателіктерге жол бергенін және жоспарлағанының бәрін жүзеге асыра алмағанын" мәлімдеп, парламентті таратты. Ол 29 қарашаға кезектен тыс парламент сайлауы өтетінін жариялады.