Италияның Парма қаласынан 20 шақырым жердегі Магнани-Рокка жеке қорынан суретшілер Пьер-Огюст Ренуардың "Балық", Поль Сезанның "Шие қосылған натюрморт" және Анри Матисстің "Террасадағы Одалиска" картиналары қолды болған. Құны бірнеше миллион еуроға бағаланған өнер туындылары, жергілікті полицияның мәліметінше, өткен аптада, 23 наурызға қараған түні ұрланған, деп жазды ВВС.
Полиция бетперде таққан төрт ұры бас-аяғы үш минуттың ішінде есікті бұзып, бірінші қабаттағы бөлмелердің біріне кіріп, картиналарды алып, музей бағы арқылы із жасырған деп хабарлады.
Италия басылымдары дабыл белгісі іске қосылғандықтан, ұрылар төртінші картинаны алуға мұршасы болмай, оны іште қалдырып, қашып кеткен деп жазды. Қазір полиция музейдің бейнебақылау камераларының жазбалары мен көрші нысандарды зерттеп жатыр.
1977 жылы құрылған Магнани-Рокка қорында өнер зерттеушісі Луиджи Магнанидің жеке коллекциясы сақталған, онда Дюрер, Рубенс, Ван Дик, Гойя мен Моне сынды әйгілі шеберлердің туындылары да бар.
- Былтыр қазан айында Париждегі Лувр сарайына күндіз төрт ұры түсіп, сегіз минутқа жетер-жетпес уақытта құны 100 миллион долларға бағаланған зергерлік бұйымдарды үптеп кеткен еді. Тергеушілер ұрылар алдын-ала дайындалған жоспар бойынша әрекет еткен дейді. Биліктің дерегінше, сол жолы қылмыскерлер диадемаларды, алқаларды, сырғалар мен түйреуіштерді – жиынтығы сегіз зат алып кеткен. Кейінірек осы қылмысқа күдікті ретінде бірнеше адам ұсталғанымен, ұрланған заттар әлі табылған жоқ. Олардың барлығы 19-ғасырдың жәдігері және бір кездері француз корольдері мен императорларының отбасыларына тиесілі болған.