Израиль мен Ливан АҚШ-тың араағайындық етуімен Вашингтонда атысты тоқтату және бейбітшілік туралы келісімге келу туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Бұл жөнінде Reuters жазды. Екі ел арасындағы келісімнің жай-жапсары айтылған жоқ.
Бұған қоса, Израиль әскерінің бір бөлігін Ливанның оңтүстігінен шығару туралы құжатқа қол қойылған. Бұл жөнінде The Times if Israel жазды.
Келісімге қол қойылғаннан кейін Ливанның елшісі Нада Хамад Моавад оқиғаны «Ливанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қалпына келтіруге, соғыс қимылдарын түпкілікті тоқтатуға және халқымыздың өз жеріне оралуына мүмкіндік беруге бағытталған алғашқы қадам» деп атады.
Израильдің елшісі Йехиэль Лейтердің айтуынша, үшжақты келісімге "Иран мен "Хезболла" мәселесі кірмеген.
Израиль әскері сәуір айында Ливанның оңтүстігінде Израиль құрған буфер аймағының бастапқы шекарасынан тыс екі аймақтан ғана шегінеді деді аты-жөні аталмаған израильдік шенеунік The Times of Israel басылымына.
Израильдің премьері Биньямин Нетаньяху "келісім Израиль сарбаздарына буфер аймағында қалуға мүмкіндік береді" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Израиль Ливанның оңтүстігінде екі "ұшу аймағын" құрмақ.
«Біз [Хезболланың] танкке қарсы ракеталары жететін қашықтықты қамтитын бастапқы қауіпсіздік аймағын сақтап отырмыз. «Хезболла» мен Ливан халқының бұл аймаққа кіруіне жол бермейміз. Ең бастысы, Израильдің «біздің қауіпсіздігіміз бірінші орында» деп айтуы» деді Нетаньяху.
"Хезболаның" өкілі "Әл-Маядин" арнасына келісімді мойындамайтынын және оның шарттарын сақтамайтынын айтқан. Бұл жөнінде Reuters жазды. Ұйым Ливан билігіне қарамай әрекет етеді және өзін Ираннан басқарылатын "қарсыластық осінің" бір бөлігі ретінде атайды.
Иран АҚШ-пен келіссөз кезінде Ливандағы соғысты тоқтатуды талап еткен. Тегеран Израиль әскерін Ливаннан әкетуі керек деген талап қойған. Дегенмен талап орындалмаса да Тегеран АҚШ-пен өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды. Ал Израиль аталған келісімге қарамастан өзінің қауіпсіздігі мен мүддесіне орай әрекет ететінін мәлімдеген. Израильдің Ливандағы әрекетін АҚШ әкімшілігінің өкілдері сынап, қатаң мәлімдеме жасаған.