Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ пен Иранның қысымына қарамастан Израиль әскері Ливанда қалады деп мәлімдеді.
Нетаньяхудың сөзінше, ЦАХАЛ Ливанның оңтүстігінде қалып, "қауіпсіздік аймағын ұстап тұрмақ".
17 маусымда АҚШ пен Иран қол қойған өзара түсіністік туралы меморандум барлық аймақта соғысты, оның ішінде Ливанда да әскери қимылды тоқтатуды қарастырады. Израиль Ливанда "Хезболлаға" қарсы операция жүргізіп келеді. Бұл ұйым АҚШ пен Израильде террористік ұйым танылған. Еуроодақ аумағында саяси партияның өзі емес, оның әскери қанаты террористік ұйым деп танылған.
18 маусымда Израильдің жоғары лауазымды тұлғаларына сүйенген Reuters Израиль Ливанның оңтүстігінде өз позициясын сақтап қалу үшін Ақ үймен "қатаң келіссөз" жүргізіп жатқанын жазған.
15 маусымда Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі және оңшыл саясаткер Итамар Бен Гвир Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөз Израильге ешқандай міндеттеме жүктемейді деп айтқан. Оның сөзінше, Израиль "Хезболланың" көзін толық жоймайынша, өзі жаулап алған аумақта қала бермек.
Маусымның басында Axios Дональд Трамп телефон әңгіме кезінде Америка мен Иран арасында сәтті жүріп жатқан келіссөзге көлеңкесін түсіруі мүмкін Израильдің Ливандағы әскери қимылына қатысты Нетаньяхуға қарата жағымсыз пікір айтқанын жазған. Дереккөздің айтуынша, Трамп Нетаньяхуды "жаншыған". Израиль премьерінің кеңсесі ресми түрде Израильдің ұстанымы "өзгермейді" деп мәлімдеді.