Жексенбі, 7 маусым күні кешке Иран Израильдің солтүстігіне қарай бірнеше зымыран атқылады. Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Ираннан ұшырылған зымырандардың бәрін әуеде қағып түсіргенін мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News телеарнасына сұхбатында: "Иранға айтар кеңесім: сіздер зымырандарыңызды ұшырдыңыздар, жетер. Келіссөзге оралып, келісімге келіңіздер" деп мәлімдеді.
Иран кейінгі екі айда алғаш рет Израильді нысанаға алып әуе шабуылын жасап отыр. Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының өкілдері бұл шабуылды Израильдің Ливандағы әрекетіне берілген жауап деп атаған. Соның алдында ЦАХАЛ Бейруттың оңтүстігіндегі Дахия ауданындағы нысандарға әуеден шабуылдаған. Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрі Исраэль Кацтың бірлескен мәлімдемесінде мұны Израильдің солтүстігіне "Хезболла" жасаған шабуылға қарымта деп айтқан.
Ливандағы ираншыл "Хезболла" тобын АҚШ пен Израиль террорлық ұйым санайды, ал Еуропа одағы ол топтың тек әскери қанатын террорлық ұйымға жатқызған.
Иранның әскери қолбасшылары Израиль бұдан да ауқымды шабуылдарға тап болады деп сес көрсетті.
"Бұл операция бір реттік оқиға емес, үздіксіз шабуылдар аптасының бастамасы ғана", делінген Ислам революциясы сақшылар корпусының мәлімдемесінде.
Иранның зымыран шабуылына байланысты Израиль армиясының штаб бастығы "бұйрық берілген бойда батыл тойтарыс берілетінін" мәлімдеді. ЦАХАЛ өкілі Иранның "қатты қателескенін" айтты.
Иранның зымыран шабуылы АҚШ-тың араағайындығымен Израиль мен "Хезболла" атысты тоқтату туралы келісімге келген соң бірнеше күн өткенде жасалды. Израиль басылымдарының хабарлауынша, келісімдегі негізгі шарттардың бірі – "Хезболла" атқылауды доғарса, Израиль де Дахияға шабуылды тоқтатуға келіскен.