Accessibility links

Израильдің Стамбұлдағы консулдығы маңында атыс болды, қаза тапқандар бар

Израильдің Стамбұлдағы консулдығы маңында жүрген қауіпсіздік қызметкерлері. Түркия, 7 сәуір, 2026 жыл.
Израильдің Стамбұлдағы консулдығы маңында жүрген қауіпсіздік қызметкерлері. Түркия, 7 сәуір, 2026 жыл.

Түркияның Стамбұл қаласындағы Израиль консулдығы орналасқан ғимарат маңында 7 сәуір күні болған қарулы шабуылдан кемінде екі адам қаза тапқан және екі полиция қызметкері жараланған, деп жазды Hürriyet басылымы.

Басылымның жазуынша, күдікті үш адам консулдық орналасқан ғимаратқа кірмек болған. Екеуінде ұңғысы ұзын қару болған. Олар ғимараттың күзет қызметкерлерімен және полициямен атысқан. Күдіктілердің екеуі мерт болып, біреуі жараланып, қолға түскен.

Түрік қауіпсіздік қызметінің алдын ала дерегінше, бұл үш адам израильдік дипломатиялық мекеме қызметкерлерін нысанаға алмақ болған.

The Jerusalem Post басылымы Стамбұлдағы еврей қауымдастығындағы дереккөздің сөзіне сүйеніп, консулдық бұдан екі жылдан астам уақыт жабылғандықтан, атыс кезінде онда қызметкерлер болмаған болуы мүмкін деп жазды.

Төтенше оқиға болған ауданға полицияның қосымша күші апарылған. Түркияның ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи күдікті үшеу Стамбұлға Измиттен келгені және кімдер екені анықталды деп мәлімдеді. Министрдің сөзінше, күдіктілердің бірінің діни ұйыммен байланысы болған, өзге екеуі – ағайындылар. Олардың бірі бұрын есірткі қылмысына байланысты сотталған.

Израильдің сыртқы істер министрлігі Израиль Стамбұлдағы консулдыққа жасалған шабуылды террористік акт деп атап, қатаң айыптады.

"Түрік қауіпсіздік күштерінің жылдам әрекетін жоғары бағалаймыз. Израиль дипломатиялық миссиялары әлем бойынша сансыз қауіптерге және шабуылдарға ұшырайды. Террор бізді тоқтата алмайды", делінген министрлік X әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемеде.

Айдар
XS
SM
MD
LG