Accessibility links

Джон Болтон: Сенаттағы импичмент жайлы тыңдауға қатысуға әзірмін


АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Джон Болтон.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Джон Болтон.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Джон Болтон президент Дональд Трампқа импичмент жариялау мәселесі бойынша Сенаттағы тыңдауға қатысып, куәлік етуге әзір екенін мәлімдеді. Дүйсенбіде Болтонның күтпеген жерден жасаған бұл мәлімдемесі Сенаттағы тыңдау аяқталуы ықтимал екені жайлы апта бойы жалғасып келе жатқан пікірталасты күрделендіріп жіберуі мүмкін деп жазады Reuters агенттігі.

"Егер Сенат шақыратын болса, онда мен куәлік етуге дайынмын" деген Болтон жазбаша мәлімдемесінде. Ол бұған байланысты қосымша түсініктеме беруден бас тартқан.

Демократтар Болтон және оған қоса Ақ үй әкімшілігінің жоғары лауазымды үш қызметкері Сенат тыңдауына келіп, куәлік берсін деген талап қойып отыр. Трампты қолдайтын республикашылдар болса, куәгерлердің куәліктеріне байланысты кез келген шешім қос тараптың кіріспе мәлімдемелері жарияланғаннан кейін ғана қабылдануы тиіс деген ұстанымнан қайтпай отыр.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған кезде Джон Болтон Мәскеуге екі рет: 2018 жылы маусымда АҚШ пен Ресей президенттерінің саммитіне дайындық мақсатымен, ал сол жылы қазанда "Орта және шағын қашыққа ұшатын зымырандар туралы" келісімнің болашағына байланысты келіссөз жүргізуге барған.

2019 жылғы 10 қыркүйекте президент Трамп ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтонды қызметтен босатты. Трамп оның себебін "көп мәселе бойынша көзқарасымыз үйлеспеді" деп түсіндірген. АҚШ Ресей, Солтүстік Корея, Иранмен қарым-қатынаста және ауған мәселесінде барынша қатаң саясат ұстануы қажет деп санайтын Болтонның ұстанымы президент Трамп пен Мемлекеттік департамент басшысы Майк Помпеоның көңілінен шықпаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG