Канадада 28 сәуірде өткен парламент сайлауының алдын ала қорытындысына сәйкес, Либералдық партия жеңіске жеткен. Партия лидері, елдің қазіргі премьер-министрі Марк Карни жаңа үкіметті басқармақ.
Бірнеше ай бұрын ғана қоғамдық пікір сауалнамаларының қорытындысы 2015 жылдан бері билікте отырған Либералдық партияның жұрт арасында беделі төмендегенін көрсеткен, партия парламент сайлауында жеңіледі деген болжам жасалған еді. Бақылаушылардың айтуынша, бұл жолғы сайлау әдеттегіден өзгеше өтті, өйткені елдегі экономикалық жағдайға қоса, көрші АҚШ-пен қарым-қатынас басты мәселе болды. АҚШ президенті Дональд Трамптың Канада АҚШ-тың 51-штатына айналуы керек деген мәлімдемелері, сондай-ақ оның канадалық импортқа баж салығын енгізуі өз кезегінде Канадада рецессия туғызуы мүмкін екендігі көптеген сайлаушылардың көңіл-күйіне әсер етті.
60 жастағы Марк Карни – экономист, бұрын Канада мен Ұлыбританияның орталық банктерін басқарған – сайлауалды кампаниясында ол өзін Трампқа қарсы тұратын саясаткер ретінде көрсетті және басты назарды АҚШ-пен қарым-қатынасқа аударды.
Ал Консервативтік партияның жетекшісі, 45 жастағы Пьер Пуаливр болса Канададағы экономикалық мәселелерге басымдық беріп, либералдардың осы кезге дейін жүргізген сәтсіз экономикалық саясатын сынға алды. Оның кейбір ұрандары Дональд Трамптың ұрандарымен үндес болды. Мұндай тактика бірнеше жыл бойы нәтиже беріп келген-ді. Жылдың басындағы қоғамдық пікір сауалнамаларының қорытындысы бойынша, консерваторлар бәсекелестерінен оқ бойы озып келе жатқан еді. Либералдық партияның беделі төмендеген жетекшісі Джастин Трюдо наурыз айында отставкаға кетті, ал сәуірге қарай Карни басшылық еткен либералдарға, консерваторларға қарағанда, жұрт көбірек қолдау білдіре бастады.
Сарапшылардың пікірінше, жеңіске жеткен либералдардың алдында Трамп әкімшілігімен қарым-қатынасты реттеу және кейінгі жылдары жұмыссыздық көбейген елдің экономикасын көтеруге қажет резервтерді анықтау сияқты күрделі міндеттер тұр.