Accessibility links

Кәсіпкер Гаджи Гаджиев оппозициялық "Бәсе" арнасының авторы Наталья Садықованы сотқа берді

Киев соты. Көрнекі сурет.
Киев соты. Көрнекі сурет.

Қазақстандық кәсіпкер және Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті Гаджи Гаджиев «Бәсе» жобасының негізін қалаушы, журналист Наталья Садықованың үстінен Киев сотына арыз түсірді. Бұл жөнінде алдымен “Украина – Центральная Азия” Telegram-арнасы жазды, кейін Гаджиевтің өзі Азаттық тілшісіне растады. Ол Наталья Садықованы өзіне “жала жауып отыр” деп атап, қастандықпен қаза тапқан оппозициялық журналист Айдос Садықовтың өліміне қатысы жоғын алға тартты. Ал журналист Наталья Садықова Азаттыққа берген сұхбатында мұны қысым деп атады.

Кәсіпкер Гаджи Гаджиев Киевтің Шевченко аудандық сотына 22 сәуірде шағым берген. Бизнесмен өзінің ар-намысы, қадір-қасиеті және іскерлік беделін қорғауды мақсат етіп отыр.

– Қазір күн ара мен туралы ақпарат шығып жатыр. Мұның бәрі — бастан-аяқ өтірік. Сондықтан сотқа жүгінетін уақыты келді деп шештім. Менің де туған-туыстарым, жақындарым, балаларым мен тәрбиелеп отырған шәкірттерім бар. Мұндайға ұзақ шыдай алмаймын, – деді Гаджиев Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Гаджиевтің талап-арызында «БӘСЕ» каналындағы өзі туралы 31 бейнематериалды жалған ақпарат деп тану және өшіру, әлеуметтік желілердегі парақшаларында теріске шығару ақпаратын жариялау, сонымен бірге 100 000 гривна, Қазақстан валютасымен есептегенде 1 миллион 60 мың теңге моральдық өтемақы төлеу сұралған. Гаджиев ресми органдар өзін ресми күдікті деп танымағанын алға тартады.

Ал аталған іс бойынша жауапкер – «Бәсе» жобасының негізін қалаушы, журналист Наталья Садықова Азаттыққа мұны қысым деп бағалайтынын жеткізді.

– Мен мұны маған журналист ретінде және Айдос Садықовтың ісі бойынша тапсырыспен адам өлтірудегі зардап шегуші тарап ретінде жасалып отырған тікелей қысым деп санаймын. Украина Бас прокуратурасының Қазақстан Бас прокуратурасына Гаджи Гаджиевті тапсырыспен адам өлтіру қылмыстық ісінің фигуранты ретінде жауап алу туралы сұранысы бар. Және бұл сұраныс былтыр наурызда жіберілген. Яғни, тұтас бір жыл бойы Қазақстан тарапы Гаджи Гаджиевтен жауап алудан қашып, селқостық танытып отыр. Оның орнына Гаджи Гаджиев менің үстімнен сотқа талап арыз береді. Яғни, осылайша Қазақстан режимі қалай болса да менің аузымды жапқысы келетінін көрсетіп отыр. Гаджи Гаджиевтің көмегімен мені үнімді өшірткісі келеді, – деді Наталья Садықова.

Арызға түрткі болғаны – “Бәсе” Youtube-арнасындағы ақпарат. Онда Киевте оппозициялық саясаткер Айдос Садықовты өлтіргендерді “Гаджиев қаржыландырды” деп айтылған. Арна авторы Наталья Садықова күйеуі Айдос Садықовтың көзі тірісіндегі мәлімдемесін де жариялаған. Садықов онда өзіне “Гаджиевтің адамымын” деген әлдекім келіп, бір материалды өшіру үшін ақша ұсынды дегенді айтқан.

Гаджиевтің есімін Садықов өлімімен байланыстырған ақпаратты, өзінің дереккөзіне сілтеп, “Республика” сайты да жазған. Осындай жаңалық көбейген тұста француз PR-менеджері Эрик Базен бұқаралық ақпарат құралдарына кәсіпкердің репутациясын қорғайтын ақпараттар таратты. Ол Гаджиевтен сұхбат алғанын, бизнесмен айыптауларды теріске шығарып, “біржақты жала” деп атағанын айтты.

Садықов пен әйелі Наталья Садықова Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Киевте жүріп "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялады. Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған еді.

Айдос Садықовты 2024 жылы Киевтегі үйінің алдында, көлік ішінде әлдекімдер атып өлтірген. Украина бас прокуратурасы қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде қарастырады. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған. Киев прокуратурасының хабарлауынша, тергеу соты күдіктілер Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаевты қамау туралы қаулы шығарған. Оларға Интерпол арқылы халықаралық іздеу жарияланған.

Құқық қорғаушылар мен белсенділер, мармқұмның туыстары журналист өлімінен бері көп уақыт өтсе де, Садықовтың қазасына қатысты тергеу өте баяу жүріп жатқанын, тергеудің жылжымай жатқанын айтып келеді. Осы айда Қазақстан бас прокуратурасы "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовтың қазасына қатысты тергеу амалдарының барысы туралы сұраған Азаттыққа "тергеу әрекеттерінің кешені" жүріп жатыр деп жауап берген.

Айдар
XS
SM
MD
LG