Қазақстандық бизнесмен Шахмұрат Мүтәліп иелік ететін Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінен Eurasian Resource Group акцияларын сатып алды. Компания 23 мамырда осылай деп хабарлады.
Компания бұл өзгерістер "қазіргі операциялық қызметке, өндірістік бағдарламаларды іске асыруға немесе қызметкерлерге, серіктестерге және мемлекетке қатысты міндеттемелерді орындауға әсер етпейді" деп мәлімдеді.
Мәміле қорытындысы бойынша, қазір компанияның 39,3% пайызы Мүтәліптің бақылауында. Қандай бағаға сатылғаны айтылған жоқ. Былтырғы жылдың аяғында Financial Times басылымы Мүтәліптің акцияларды иеленуге мүдделі болып отырғанын және компанияның негізін қалаушылардың акцияларын сатып алуға 1,4 миллиард доллар төлеуге дайын екенін алғашқы болып хабарлаған.
ERG-дің өзге акциялары мемлекет (40%) пен Ибрагимовтар отбасының (20,7%) иелігінде.
Eurasian Resources Group (ERG) — Қазақстанның түрлі салалары мен аймақтарындағы кәсіпорындарды біріктіретін ең ірі өнеркәсіп холдингтерінің бірі. Көп жыл бойы компания экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын "ескі гвардия" олигархтарының – Александр Машкевичтің (2025 жылғы наурыз айында қайтыс болған), Патох Шодиевтің және Әлижан Ибрагимовтың (2021 жылы қайтыс болған) бақылауында болды.
Бұрын аты-жөні көпшілікке белгісіз болған 35 жастағы кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп Integra Construction KZ компаниясын сатып алғаннан кейін, ол компания монополист мердігер ретінде мемлекетпен миллиардтаған доллардың келісімшарттарын жасасты.
Мүтәліппен байланысы бар құрылымдар да Екібастұз ГРЭС-3 және Қашаған мұнай-газ кен орнындағы газ өңдеу қондырғылары құрылысын салу туралы келісімшарттар бекітті.
Бұдан бөлек Мүтәліп елдегі ең ірі үш алтын өндіру компаниясының бірі "Алтыналмасты" сатып алды. Бұл компания бұрын экс-президент Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа, содан кейін Kazakhmys Group компаниясына иелік еткен олигархтарға тиесілі болған.
Биыл Forbes Kazakhstan басылымы Шахмұрат Мүтәліпті алғаш рет ең бай кәсіпкерлер рейтингіне қосып, оның байлығын 482 миллион доллар деп бағалады.