Accessibility links

Каспийде әскери жаттығу кезінде қаза болғандар 14 адамға жетті. Іздеу аяқталды

Маңғыстау облысындағы іздеу-құтқару операциясы. 25 қыркүйек 2026 жыл. Қорғаныс министрлігі таратқан сурет.
Маңғыстау облысындағы іздеу-құтқару операциясы. 25 қыркүйек 2026 жыл. Қорғаныс министрлігі таратқан сурет.

Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметкердің денесі табылды деп хабарлады 25 қыркүйекте түске қарай қорғаныс министрлігі. Іздеу операциясы аяқталды.

"Бүгін, 25 қыркүйекте, сағат 09:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды" деп жазды ведомство.

Осылайша әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болғандар 14 адам болды.

24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қатты жел кезінде 17 әскери қызметкер (бастапқыда билік 19 деген, кейін ақпаратті түзеді – ред.) суға батып кетті.

Қорғаныс министрлігі бастапқыда 9 адам қаза болғанын, үш сарбаз құтқарылғанын, біреуі ауруханаға жатқызылғанын айтты. Кейін қаза болғандар 12-ге, қазір 14-ке жетіп отыр.

Оқиғаға байланысты "Қызметке салғырт қарау" және "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған. Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды тұлғалар анықталғанын хабарлады.

Қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйекте елде азалы күн жарияланды.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG