Accessibility links

Каспийдегі 14 сарбаздың қазасы: 300-ден астам адам тергелді

Каспий теңізіндегі іздеу-құтқару операциясы. Маңғыстау облысы 24 қыркүйек 2026 жыл.
Каспий теңізіндегі іздеу-құтқару операциясы. Маңғыстау облысы 24 қыркүйек 2026 жыл.

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде қаза болған 14 сарбаздың өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр деп хабарлады Бас прокуратура. Қазірге дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді.

Бұған дейін “қызметке салғырт қарау” және “кеме жүргізу қағидаларын бұзу” деген күдікпен 8 лауазымды тұлға ұсталған. Бұлар: қарулы күштердің әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны.

Бас прокуратура жақын арада тергеу аяқталатынын, қылмыстық процеске қатысушылар іс материалдарымен танысады дейді. Ведомство тергеу барысын "ерекше бақылауда ұстап отырғанын" хабарлады.

24 қыркүйекте Каспийдегі әскери жаттығу кезінде күн бұзылып, қайықтан суға түскен 17 сарбазды қатты толқын ағызып әкеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалған.

Бейбіт заманда жас азаматтардың қазаға ұшырауы қоғамда үлкен резонанс туғызып, әлеуметтік желіде жұрт билік пен әскери басшылықты сынға алды. Осыдан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрлігі басшылығын түгел ауыстырған.

Бұдан бөлек, Тоқаев қорғаныс министрлігіне кешенді тексеру жүргізуді тапсырған. Сарбаздар қазасына себеп болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, бірнеше әскери басшы ұсталған.

21 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, әскери реформа жоспарының жобасы талқыланды. Қазақстан әскери қызметтің екі кезеңнен тұратын үлгісіне көшетіні де хабарланды.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG