Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас одаққа мүше мемлекеттер үкіметтері Украинаның одаққа кіруінің нақты мерзімін атауға әлі дайын емес деп есептейтінін мәлімдеді.
Калластың бұл пікіріне Латвия президенті Эдгарс Ринкевичс те қосылған.
"Иә, біз Украинаға Еуропа одағында орын барын түсінеміз, иә, көптеген мемлекет басшыларымен әңгіме барысында олар нақты күнді белгілеуге дайын емес-ау деген ой туады", – деді ол.
Ринкевичс Украинаны Еуропа одағына мүше етіп қабылдау "көп жағдайда бейбіт келісімге байланысты" екенін айтқан.
"Бейбіт келісім бола ма, жоқ па? Ресейдің қандай да бір әрекет жасамақшы екенін көріп тұрған жоқпын. Егер Ресей әрекет етпесе, онда келісім де болмайды", – деді ол.
Сенбі күні өткен Мюнхен қауіпсіздік конференциясы барысында Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен бейбіт келісім жасасу үшін қауіпсіздік кепілдіктерінің бір бөлігі ретінде елдің Еуроодаққа қосылу мерзімін белгілеу қажет екенін тағы да айтты.
"Егер құжатта нақты күн көрсетілмесе, меніңше, Ресей болашақта біздің мүшелігімізді бұғаттайды", – деді Зеленский.
Reuters агенттігінің жазуынша, бұған дейін АҚШ, Украина және Еуроодақ арасында талқыланған 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспардың алдын ала нұсқасында Украина Еуроодаққа 2027 жылы қосылатыны жазылған. Алайда Еуропа одағына мүше көптеген елдердің үкіметтері одаққа кіру үдерісі, соның ішінде, кандидат елдің заңдарын Еуроодақ стандарттарына сәйкестендіруге байланысты болғандықтан, ондай мерзімді немесе кез келген басқа бір күнді белгілегенмен ол іске аспайды деп есептейді.
Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғыс бастағаннан кейін көп ұзамай Украина Еуроодаққа мүше болуға өтініш берген болатын.