Accessibility links

"Алатауда не Ала-тоода..." Қазақ-қырғыз әншілері бірге дуэт жазып, бір сахнаға жиі шыға бастады. Бұл трендке не себеп?

Қазақ әншісі Садраддин (оң жақта) мен қырғыз рэпері Bakr. "Сағыныш" әнінің клипінен скриншот.
Қазақ әншісі Садраддин (оң жақта) мен қырғыз рэпері Bakr. "Сағыныш" әнінің клипінен скриншот.

Кейінгі кезде қазақ пен қырғыздың жас әншілерінің бірге айтқан әндері Қазақстан мен Қырғызстанда хитқа айналып жатыр. Әрі екі елдің жаңа буын әншілері жиі дуэт айта бастады. Олар әндегі өз партияларын өз тілдерінде орындап жүр. Бұған қоса, Қырғызстандағы "Бішкек Арена" стадионының ашылу салтанатында қазақстандық танымал әншілер өнер көрсетті. Қазақ-қырғыз әншілерінің бірге ән жазып, сахнаға бірге шығу трендіне не себеп? Музыка сарапшыларынан сұрадық.

Алатауда не Ала-тоода,
Ең ыңғайлырағын таңда.
Алатауда не Ала-тоода,
Айырма жоқ бір туғандарда.
Ала -тоодо же Алатауда,
Айырма жок биртуугандарда.

Бұл – қазақ рэпері Yenlik (Еңлік) пен қырғыз рэпері Ulukmanapo орындайтын "Себеп" әнінің қайырмасы. Әншілер екі елге ортақ Алатау (қырғызша – Ала-Тоо) тауының атауын сөзге тиек етеді. Қыркүйектің ортасында шыққан ән қазір түрлі музыкалық платформаларда жақсы тыңдалып жатыр.

Бұған қоса, қазақ әншісі Sadraddin мен қырғыз рэпері Bakr айтатын "Сағыныш" әні қазір Youtube желісінде 23 миллионнан аса тыңдалған. Ал Apple Music платформасында бұл ән Қазақстан мен Қырғызстанда ең көп тыңдалған әндердің басында тұр.

Бұдан бөлек, 5 қазанда Қырғызстан астанасындағы "Бішкек Аренаның" ашылуы салтанатында да Қырғызстан әншілерімен қатар қазақстандық "Дос-Мұқасан", 91 және "Ирина Қайратовна" топтары, Қайрат Нұртас, Садраддин, Еңлік сынды әншілері өнер де көрсетті. Қазақстандық әншілердің әнін стадионға жиналған қырғызстандық көрермен қосыла шырқады.

Қазақ-қырғыз музыкасындағы жаңа трендке не себеп?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:57 0:00

Бұған қоса, биыл күзде Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанатында Қазақстанның бишілері мен режиссерлері де қатысқан еді.

ТІЛ МЕН ЫРҒАҚТАҒЫ ҰҚСАСТЫҚ ЖӘНЕ РЕСЕЙ ФАКТОРЫ

Музыка сарапшылары кейінгі кезде Қазақстан мен Қырғызстан әнші-бишілері мен продюсерлері арасында байланыс жаңа белеске шығып, дами бастағанын айтады. Мәселен, қазақстандық музыкатанушы Балнұр Сапарбек қазақ-қырғыз музыкасының бірігуіне тіл мен дәстүрдің, ырғақтың ұқсастығы себеп деп санайды.

Музыкатанушы Балнұр Сардарбек
Музыкатанушы Балнұр Сардарбек

– Екі халықтың музыкасының бір-біріне тез сіңу себебінің бірі – тілдік ұқсастық. Өйткені [қырғыз] тілінен аударған кезде "Мен жылкычы, сен чабанның" "ч" әріптерінің бәрі қазақшаланады. Бұл жерде ақындарды шақырып, сөзді түбегейлі ауыстырудың қажеті жоқ. Бұған қоса, екі елдегі музыкалық ырғақтар да өте ұқсас, – дейді Балнұр Сардарбек.

Қырғызстандық музыка продюсері Ислам Сапаров қазақ пен қырғыз арасындағы өнер мен әдебиеттегі байланысы бұрын да болғаны, ал интернет пен әлеуметтік желі мұны жаңа деңгейге шығарғанын айтады.

– Біздің тіліміз, мәдениетіміз, тамағымыз, киіміміз, ұлттық аспаптарымыз – бір. Бұрыннан да өнеріміз ортақ болды деп ойлаймын. Ал қазір заман дамып, интернет пен желі пайда болғанда, бұрын екі халық арасындағы өнер той арқылы, жылқымен "ұзақ жол жүрсе", қазір интернетпен тез тарайтын заман келді. Бұған қоса, қазіргі жастардың талғамы бір.

Қазақстандық музыкатанушы Балнұр Сапарбек бұл коллабарацияның артында Ресейдің соғысы да себеп деп санайды. Оның сөзінше, Ресейдің шоу-бизнесінен үлгі алып келген екі ел соғыстан соң музыка саласында Ресейден алшақтай бастаған.

Қырғызстандық продюсер Ислам Сатаров
Қырғызстандық продюсер Ислам Сатаров

– Екі елдің музыкасы көбіне Ресейге көп жалтақтайтын. Ресей жасайтын тенденцияны жасайтынбыз. Ресейде "Корни" тобы болады, біз мына жақтан жігіттер тобын құрамыз дегендей... "ВИА Гра" тобы болады, біз мына жақтан қыздар тобын құрамыз. Ресейдегі телеконкурстарға да жиі баратынбыз. Әншілер әлемдік деңгейге Ресей арқылы шығу керек деп ойлағандай. Бірақ қазіргі зумер ұрпақ ондай үрдісті қолдамайды және ойламайды. Сондықтан мына жақта соғыс болып жатқандықтан ол жақты шорт жауып тастаған сияқтымыз. Сол себепті біз "кім бара еді?" деп ойлап, "бауырлас ел бар екен ғой" дедік. Қырғызстан бізді, біз де оларды, жақсы мағынада, қолданып жатырмыз. Бұдан екі жақ та ұтады, ешкім ұтылмайды, – дейді музыкатанушы.

Қырғыз продюсері Ислам Сардарбек екі елге ортақ музыка платформасы қалыптасты, бұл одан әрі дами беретін процесс дейді.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG