Accessibility links

Премьерліктен кеткен Мәсімов – президент әкімшілігі басшысы


Кәрім Мәсімов (оң жақта) Тимур Құлыбаевпен бірге Kazenergy жиынында отыр. Астанa, 4 қазан 2011.
Кәрім Мәсімов (оң жақта) Тимур Құлыбаевпен бірге Kazenergy жиынында отыр. Астанa, 4 қазан 2011.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Кәрім Мәсімовті "өз өтініші" бойынша отставкаға жіберді. Ол президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.

Президенттің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға қарағанда, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев конституцияның 70-бабы бойынша Кәрім Мәсімовті "өз өтініші" бойынша отставкаға жіберген. Президент жарлығында сонымен қатар Мәсімовтің жаңа үкімет құрамы анықталғанша премьерлік міндетін атқара тұратыны да айтылған.

Президент Назарбаев Кәрім Мәсімовті қызметінен босатқан соң парламент мәжілісінің фракция жетекшілерімен кездесіп, жаңа премьер-министрдің кандидатурасы бойынша кеңес өткізді. Кеңес аяқталған соң Кәрім Мәсімовтің Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындалғаны белгілі болды.

ПРЕМЬЕРЛІК МІНДЕТТІ ҰЗАҚ АТҚАРҒАН АДАМ

Кәрім Мәсімов 2007 жылдың 10 қаңтарынан бастап Қазақстан премьер-министрі қызметін атқарған.

Ол үкіметтегі қызметін 1991 жылы еңбек министрлігінде бөлім бастығы болып бастаған. 2000-2001 жылдары көлік және коммуникация министрі, 2001-2003 жылдары премьер-министрдің орынбасары болды. Одан кейін үш жыл президенттің көмекшісі қызметін атқарды. 2006 жылы премьер-министрдің орынбасары мен экономика министрі қызметін қатар атқарды.

Кәрім Мәсімовтің мамандығы – экономист. Экономика ғылымдарының докторы. Ресми мәліметке қарағанда, ол ағылшын, қытай, араб, орыс, қазақ тілдерін меңгерген. Үкіметтегі қызметіне қоса тай спорты федерациясының президенті.

Мәсімов Мәскеудегі Патрис Лумумба атындағы халықтар достығы университетінде, Пекиндегі тіл білімі институтында оқыған, Қытайдағы Ухань заң университетін, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген, Колумбия университетінде (Нью-Йорк) топ-менеджерлер даярлау бағдарламасынан өткен.
XS
SM
MD
LG