Accessibility links

Қанат Ислам 21-кездесуінде техникалық нокаутпен ұтты


Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам.

31 жастағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам АҚШ-тың Флорида штатындағы Лейкленд қаласында өткізген 21-кездесуін де жеңіспен аяқтады.

АЛТЫНШЫ РАУНДТА АЯҚТАЛҒАН КЕЗДЕСУ

Бұл жолғы жекпе-жектің алғашқы үш раундында Қанат Ислам мен Хуан де Анхель бір-бірінің рингтегі қимыл-тәсілдерін байыптап, әрқайсысы бәсекелесіне бірнеше соққы дарытып үлгерді. Ал төртінші раундтан бастап Қанат Ислам соққыларын үдете бастады. Бесінші раундта Хуан де Анхель қазақ боксшысының сериялы соққыларынан қорғанумен болды. Ринг жиегіндегі үш төрешінің де есебі бойынша бес раунд қорытындысы бойынша Қанат Ислам алға шықты.

Алтыншы раундта Исламның кезекті соққысынан кейін Анхель рингке тізерлеп отырып қалған соң төреші санай бастаған. Бірақ колумбиялық боксшы жекпе-жекті жалғастыруға дайын екенін білдіріп басын изеп, қарсыласына қайта ұмытылды.

Қанат Исламның Джонатан Батистамен (Доминикан Республикасы) кездесуі. Майами, АҚШ, 7 қараша 2015 жыл.
Қанат Исламның Джонатан Батистамен (Доминикан Республикасы) кездесуі. Майами, АҚШ, 7 қараша 2015 жыл.

Сол-ақ екен, Қанат Ислам шапшаң қимылдап, бәсекелесіне бірнеше соққы жасады. Колумбиялық спортшы бауыр тұсын ұстап тағы да отырып қалды. Осы сәтте төреші он раундқа жоспарланған кездесудің аяқталғаны туралы белгі берді.

Кәсіпқой рингтегі 21-кездесуінде жеңіске жеткен Қанат Ислам Қазақстандағы жанкүйерлеріне алғысын білдіріп, «Қазақстан – Қазақ елі тыныш болсын» деген тілегін білдірді.

Кәсіпқой рингте күні бүгінге дейін өткізген кездесулердің барлығында жеңіске жеткен Қанат Ислам осымен 18 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. «Қазақ» деген лақап атпен танымал Қанат Исламның бұл кездесуі америкалық және қазақстандық телеарналарда тікелей эфирде көрсетілді.

МАМАНДАР ПІКІРІ

Қанат Ислам осы жеңісінен кейін WBA Fedelatin нұсқасы бойынша Америка аймағы чемпионы атағын қорғап қалды. Бұл оның кәсіпқой рингте қол жеткізген алғашқы және әзірше жалғыз белдігі.

Хуан де Анхельмен рингте кездесер алдында америкалық бокс менеджері Генри Ривальта Қанат Ислам туралы:

– Қанат өз өмірін бокспен байланыстырған – спорт залда ас ішіп, сонда түнейтін боксшы. Ол тактик және әр соққысы жойқын, - деген.

Қанат Ислам (ортада) қарсыласы Реиналдо Эскуивиа (сол жақта) және менеджері Нельсон Мендеспен (оң жақта) бірге. (Сурет Nelsons компаниясының ресми сайтынан алынды).
Қанат Ислам (ортада) қарсыласы Реиналдо Эскуивиа (сол жақта) және менеджері Нельсон Мендеспен (оң жақта) бірге. (Сурет Nelsons компаниясының ресми сайтынан алынды).

Қанат Исламның проумоутері кіші Нельсон Лопес «қазір Қазақстанда GGG (Геннадий Головкин) туралы көп айтады. Ендігі кезек – Қанат Исламдікі» дейді.

Қытайда туған этникалық қазақ Қанат Ислам осы елдің атынан Пекин олимпиадасына қатысып, қола жүлдегер атанған. Көп ұзамай Қазақстанға қоныс аударған. Ол 2012 жылғы Лондон олимпиадасына Қазақстан атынан қатыспақ болған кезде азаматтық-құқықтық дау туған соң кәсіпқой боксқа бет бұрған. Кейін Майамиге (АҚШ) барып, кіші Нельсон Лопестің проумоутерлік компаниясымен келісім-шартқа отырған. Қазір Қанат Исламның барлық келісімін осы компания ұйымдастырып жүр.

Қанат Ислам бұның алдында 20-кездесуін 2015 жылы 7 қарашада Майамиде өткізіп, Джонатан Батистаны (Доминикан Республикасы) бірінші раундта нокаутпен жеңген.

XS
SM
MD
LG