Accessibility links

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында бүркіт салып, саят құратын жасөспірім қазақ қыздар көбейе бастады. Солардың бірі Әйгерім Әскерді әке-шешесі «ең жас бүркітші» деп атайды.

Моңғолияның Баян-Өлгий өлкесіндегі Алтай аймағында тұратын 12 жастағы Әйгерім Әскер бүркітпен аң аулау ісіне бүлдіршін кезінен бастап қызыға бастаған. Кішкентайынан атқа мініп, әкесімен еріп, сонарға шыққан. Оның ынтасын көрген ата-анасы Әйгерімге арнап ұядан бүркіт балапанын әперіп, арнайы үйреткен. Қазір құсының жасы төртте. Аты – Ақбалақ. Әкесі Әскер Ұлықпанұлының айтуынша, қырда тұратын қыстақтағы Ақбалақты оқуына байланысты Әйгерім күн сайын көре алмайды. Есесіне демалыс күндері келген кезде бағып-қағады.

- Өзі бүркітті жақсы көреді. Сабаққа да алып кетем дейді. Оған қайдан (күледі). Телефонмен сөйлескен сайын бүркітін сұрайды, - дейді әкесі.

Ал Әйгерімнің өзі бүркітшіліктің оқуына еш кедергі жоғын, қайта оқудан сергуге көмектесетінін айтады.

Біздің мектепте менен басқа тағы бір бүркітші қыз бар. Бірақ ол 12-сыныпта оқиды. Мұғалімдердің, достарымның көзқарасы жақсы. Қолдап көмектеседі, - дейді Әйгерім.

Әйгерімнің анасы Ақгүл қызының қызығы мен қиындығы бірдей бүркітшілік өнеріне қызығуын қолдайды. Әйткенмен әуелгі кезде қорыққанын да жасырмайды.​

Әйгерім Әскер, Моңғолияда тұратын бүркітші қыз.
Әйгерім Әскер, Моңғолияда тұратын бүркітші қыз.

- Бүркітші болу үшін батылдық керек. Шыдамдылық керек. Суықта тайғақ кезде тау-таста жүреді. Басында қорыққанбыз. Баланың өзі қалап тұрғаннан кейін шыдайды деп ойладық. Ойлағанымыздай болды, - дейді анасы.

Өнерін шыңдау үшін Әйгерімді әке-шешесі түрлі жарыстарға жіберіп тұрады. Мәселен, былтыр наурызда өткен бүркітшілер жарысында Әйгерім аудан бойынша 1-орын алса, қыркүйек айында өткен құсбегілер жарысында 4-орын алған.

- Отызға тарта бүркітші қатысты. Бірнеше қыз бала болды. Көбі 18-19 жастағылар. Ең кішкенесі Әйгерім болды, - дейді әкесі Әскер Ұлықпанұлы.

Ата-анасы 7-сыныпта оқитын Әйгерімді «Баян-Өлгийдегі ең жас бүркітші қыз» деп сипаттайды. Олардың сөзінше, қыздарының өнеріне қызыққан Сингапурдың кино компаниясы Әйгерім туралы деректі фильм түсірмекші. Әскер Ұлықпанұлы әзірге кинокомпаниямен арада ешқандай келісім жасалмағанын, бірақ түсіруші топтың маусым айында келіп түсіру жұмыстарын бастайтынын хабарлағанын айтты.

- Қыркүйек айында Сингапурдан 14 кісі келіп кеткен болатын. Үш күндей біздің аймақта болып кетті. Сапар соңынан кино түсіретіндерін айтты. Қазір күн суық болғандықтан ба, келе алмай жатқанға ұқсайды. Алтыншы айға қарай келеміз деді. Деректі фильмнің басты кейіпкері Әйгерім болады, - деді Әскер Ұлықпанұлы.

Қазір Әйгерім Ақбалақты маусым айында түсірілетін фильмге дайындап, баптауға кіріскен. Демалысқа келген сайын тауға шығып, бүркітін ұшырып жаттығып жүр.

Моңғолиялық бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайып (ортада) қыран құсымен.
Моңғолиялық бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайып (ортада) қыран құсымен.

Бұған дейін Азаттық Баян-Өлгийдегі танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайып туралы бірінші болып жазған еді.

Америкалық режиссер Отто Белл ол туралы «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) атты деректі фильм түсіріп, 2016 жылдың қазан айында көпшіліктің назарына ұсынған. Қазір Өлгий қаласында 11-сыныпта оқитын Айшолпанды әлемге танытқан фильмнен кейін Батыс ақпарат құралдары бүркітші қыз туралы көп жазды. Қазақ диаспорасы тұратын аймақты дүр сілкінткен Айшолпан факторы басқа жасөспірім қыздарды да дәстүрлі аңшылық өнеріне құмар қыла бастағаны байқалады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG