Accessibility links

Алматы соты "Нұр Отан" партиясының белсенділерге қарсы талабын қанағаттандырды


Алматыдағы Жетісу аудандық соты. Көрнекі сурет.
Алматыдағы Жетісу аудандық соты. Көрнекі сурет.

18 қарашада Алматы қаласының Жетісу аудандық соты "Нұр Отан" партиясы мен оның төрт мүшесінің үш белсендінің үстінен түсірген шағымын қанағаттандырды. Сотқа жауапкер болып қатысқан азаматтық белсенділер Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетов биыл көктемде "Наше" право" деп аталатын партия құратынын жариялаған болатын. "Нұр Отан" партиясы мен оның төрт мүшесі үш белсендіні әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында "шындыққа сай келмейтін ақпарат жариялады" деп сотқа берген.

- "Нұр Отан" партиясы қоғамдық бірлестігінің талабы қанағаттандырылсын. Тамара Шакированың, Ержан Медеуовтің, Дидар Аққұловтың, Рәзия Бахибекованың талап арыздары ішінара қанағаттандырылсын, - деген шешім шығарды судья Орынғали дүйсенбі күні.

Сот "Наше право" партиясын құруға "Нұр Отан" партиясы тарапынан кедергі жасалды" деген ақпарат "Нұр Отан" партиясының іскерлік беделіне және сотқа талап арызбен жүгінген ұйымның төрт мүшесінің ар-намысына нұқсан келтірді" деп таныды.

"Нұр Отан" партиясының жауапкерден моральдық зардап келтіргені үшін өтемақы өндіріп алу туралы талабы арыз иесі өкілінің өтініші бойынша сотта қаралған жоқ.

Сот ұйғарымына сай, жауапкерлер шешім күшіне енген соң 10 күн ішінде өздерінің Facebook парақшаларында бұрынғы айтқандарын терістейтін ақпарат жариялауға міндетті. Бұған қоса сот жауапкерлерді талап арыз берген "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесінің әрбіріне бір жарым миллион теңгеден (шамамен 3875 доллар) ортақтасып төлеуді міндеттеді. Сот шешімі күшіне енген жағдайда жауапкерлер "Нұр Отан" партиясына сот шығыны үшін 60 мың теңгеге жуық ақша төлеуі тиіс.

Жауапкерлер соттан талап арызды қанағаттандырудан толық көлемде бас тартуын сұрады.

Оқи отырыңыз: "Нұр Отан" партиясы іскерлік беделін сотта даулайды

Бұған дейін сот жауапкерлердің судьяларға сенімсіздік білдірген өтінішін кері қайтарған. Жауапкердің бірі Әлнұр Ильяшев бұл судьяларды қызметке бұрын Қазақстан президенті болып тұрған кезінде "Нұр Отан" партиясының қазіргі төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тағайындағанын алға тартып, Жетісу аудандық соты судьяларына түгелдей сенімсіздік білдіретінін мәлімдеген еді.

Қазақстанда судьяны қызметке ел президенті тағайындайтынын сынап жүрген құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер судьяны сайлау жүйесін енгізу керек деп санайды.

Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда Қазақстан президенті қызметі өкілетін мерзімінен бұрын доғарған, бірақ елдің Қауіпсіздік кеңесін әлі басқарып отыр. "Нұр Отан" партиясының талап арызы бойынша сот ісі Алматының Жетісу аудандық сотында 30 қыркүйекте басталған. Дүйсенбі күні сот шешімі жарияланған отырысқа үш жауапкерден тек Әлнұр Ильяшев қана қатысты.

Биыл көктемде белсенді Санавар Закирова "Наше право" партиясын құру және құрылтайын өткізу туралы бастама көтеріп, ақпарат жариялағалы бері түрлі кедергілерге тап болғанын мәлімдеген. Партия құрылтайы өтеді деп алдын ала хабарланған жерді 9 наурыз күні полиция қоршауға алып, белсендінің өзі қуғынға ұшырады. Біраз уақыт өткен соң белсенділер "жаңа партия құруға кедергі жасады" деп айыптап, Алматы қаласы әкімін, Бостандық ауданы прокуратурасын, Алматы қаласының полиция департаменті мен "Нұр Отан" партиясының Алматыдағы филиалын сотқа берді.


Қазіргі кезде Қазақстанда ресми тіркелген алты саяси партия бар. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын, саяси алаңда үстем күшке айналған "Нұр Отан" мен билікшіл тағы екі ұйым – "Ақ жол" және Қазақстанның коммунистік халық партиясы үшеуі парламентте отыр. Заң бойынша, партия құрғысы келгендер алдымен мың адам қатысқан құрылтай өткізуі, оған Қазақстан облыстары, астанасы мен республикалық маңыздағы қалаларының кемінде үштен екісінен өкілдер қатысуы тиіс. Мемлекеттік тіркеуден өту үшін партияның кемінде 40 мың мүшесі болуы шарт.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG