Accessibility links

"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталғандар ісі: сот Әблязовтан жауап алудың шартын айтты


"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған төрт адамның ісін қарап жатқан сотта отырған адвокат Ғалым Нұрпейісов. Алматы, 18 қараша 2019 жыл.
"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған төрт адамның ісін қарап жатқан сотта отырған адвокат Ғалым Нұрпейісов. Алматы, 18 қараша 2019 жыл.

Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп айыпталған төрт адамның ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде 18 қарашада адвокат Ғалым Нұрпейісов тіркелмеген осы ұйымның лидері, Қазақстан билігін сынаушы бұрынғы банкир, соңғы 10 жылдан бері шетелде тұрып жатқан Мұхтар Әблязовтан жауап алу туралы өтініш берді.

Сотта ісі қаралып жатқан төрт адамға негізгі айып Әблязов пен ол басқаратын ҚДТ ұйымына байланысты тағылып отырғанын алға тартқан адвокат судьядан сотталушылардан жауап алмас бұрын Әблязовтан видеобайланыс арқылы жауап алуды сұрады. Нұрпейісовтің өтінішін оның әріптестері мен айыпталушылар – 30 жастағы Оксана Шевчук, 51 жастағы Гүлзипа Жаукерова, 48 жастағы Жазира Демеуова мен 36 жастағы Әнуар Әшіралиев қолдады.

Прокурор Мұхит Рысбеков Мұхтар Әблязовтің бұл процеске қатысушы немесе іс бойынша куә емес екенін алға тартып, соттан адвокаттың өтінішін қанағаттандырмауын сұрады.

Судья Құралай Дарханова қорғаушы тараптың өтінішін елемеуге соттың хақы жоғын, сондықтан адвокат Нұрпейісовтің өтініші тек Мұхтар Әблязовтің өзі Алматының Алмалы аудандық сотына куәлік етуге келген жағдайда ғана қанағаттандырылатыны туралы мәлімдеді.

Адвокат Нұрпейісов Қазақстанда бірнеше қылмыс жасаған деген айыппен өмір бойына түрме жазасына кесілген, ол айыптарды жоққа шығарған Әблязовтан қашықтан жауап алуға соттың келісімін алуға тырысқанымен судья Дарханова оған көнбеді.

Бұдан соң сот айыпталушылардан жауап алуға кірісті. Сот процесінде әлі жауап алынбаған үш адамның арасынан алғашқы болып Әнуар Әшіралиевтің жауабы тыңдалды. Үшінші топ мүгедегі Әшіралиев ҚДТ-ға қатысы барын жоққа шығарды, бірақ Мұхтар Әблязовтің халықтың өмір сүру деңгейін көтеру қажеттігі жайлы "жақсы нәрселер" айтқанын мәлімдеді.

Әшіралиев осы іс бойынша айыпталып отырған басқа адамдармен байланысы жоғын, бірақ олардың ұстанымы мен жағдайына тілектестік білдіретінін айтты.

Мұның алдында, 15 қарашада өткен сот отырысында сот сұрағына жауап берген айыпкер Жазира Демеуова қамалған кезде қысым мен қоқан-лоқы көргенін мәлімдеп, сотқа дейінгі тергеуге берген жауабынан бас тартқан. Демеуова қазір үйқамақта отыр.

Ал осы іс бойынша айып тағылған Шевчук, Жаукерова мен Әшіралиевтің бұлтартпау шарасын Алматы соты биыл 4 шілдеде өзгерткеннен кейін үшеуі үйқамақтан тергеу абақтысына ауыстырылған болатын. Тамызда қазақстандық құқық қорғаушылар Жазира Демеуова, Гүлзипа Жаукерова, Әнуар Әшіралиев пен Оксана Шевчукті саяси тұтқындар тізіміне енгізген. Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG