Accessibility links

Алматы маңындағы "коронавирус зиратына" жерленгендер 64 адамға жетті


Алматы іргесіндегі "коронавирус зиратына" 64 адам жерленген. Ресми статистикада - 12 марқұм
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

16 маусымда Алматы облысы Қараой ауылынан 14 шақырым жердегі коронавирустан қайтыс болғандарды жерлейтін зиратқа барған Азаттық тілшілері ондағы қабір саны 60-қа жеткенін көрді. Журналистер зират басында тұрған кезде жүк машинасы мен полиция көлігі келді. Арнайы киімдегі адамдар жүк көлігінен екі мәйітті алып, зираттың мұсылмандар мен христиандарға арналған бөліктерінде қазулы тұрған екі қабірге түсірді.

Мұсылман бөлігіндегі қабірге мәйітті қойып, арнайы киімдегі адамдар бетіне ақ түсті дәрі себе бастасымен, алысырақ жерде тұрған молда құран оқыды. Молда да, онымен бірге келген бірнеше азамат та тілшілермен сөйлесуден бас тартты.

Азаттық журналистері зираттың мұсылмандар жерленген бөлігінде - 33, христиан дініндегілер қойылған бөлігінде 27 қабір барын көрді. Бұған дейін тілшілер осы зиратта 29 мамырда болған кезде мұнда жерленгендердың жиынтық саны 38 еді.

Осы зиратқа 88 жастағы енесін жерлеуге қатысуға келген Сергей есімді егде жастағы адамның Азаттыққа айтуынша, марқұм осыдан екі күн бұрын Алматы қаласындағы үйінде қайтыс болған.

- Бір апта бұрын жамбас сүйегі сынып, ауруханаға барды, гипс салдырған соң үйде жатты. Қайтыс болғаннан кейін мәйітін үйден алып кетіп, кейін өлімі туралы анықтамаға "COVID-19" деген диагноз жазыпты. Оған сенбейміз, бұл кісі өз ажалынан қайтыс болды деп санаймыз, - деді ол.

Зират басында діни салт-жоралғы қызметін көрсететін мекеменің бірнеше жұмысшысы тағы да 3-4 қабір қазып жатты. Олардың бірі "жақында зират аумағына қоршау орнатылатынын" айтты. Азаттық тілшілері Алматыға қайтар кезде Қараойдағы зиратқа жерлеуге арнайы көліктермен тағы екі адамның сүйегін әкелгенін көрді.

15 маусымдағы ресми мәліметте Алматы қаласында COVID-19 салдарынан 12 адам қайтыс болған деп көрсетілген. Биліктің шешімі бойынша, коронавирустан көз жұмғандарды Қараойдағы осы зиратқа жерлейді. Азаттық тілшілері коронавирустан қайтыс болғандар туралы ресми дерек пен "арнаулы дезинфекциялық режимді сақтау жолымен" жерленгендер саны арасындағы сәйкессіздікті Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында да байқаған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирустан 37 адам қайтыс болған. Шын мәнінде одан көп пе?

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов зиратқа жерленгендер мен ресми мәліметтегі алшақтықты "олардың (статистикаға енбегендердің – ред.) өліміне басқа ауру себеп болған" деп түсіндерген. Министрлік қайтыс болғандар арасында ресми статистикаға енбеген, бірақ коронавирус жұқтырғаны анықталғандар саны жайлы ақпарат жарияламайды.

Қазақстанда COVID-19 диагнозымен алғашқы науқастар тіркелген 13 наурыздан бері коронавирус жұқтырғандар есебі бірыңғай жүргізіліп келген еді. Бірақ 3 маусымнан бастап билік "симптомы барлар" мен "симптомы жоқтарды" екі бөлек есептеуге көшкен. Азаттық сөйлескен кейбір мамандар бұлайша есептеу "елдегі инфекцияның нақты картинасын көруге қиындық келтіретінін" айтып, министрлікті "статистикамен манипуляция жасап отыр" деп сынайды.

15 маусымдағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда 13 наурыздан бері жиынтығы 20684 (15192 симптомы бар + 5492 симптомсыз) адамнан коронавирус табылған. 9873 адам дерттен айыққан.

Кейінгі бір аптада елде күнделікті анықталып жатқан вирус жұқтырғандар саны көбейіп бара жатыр. 12 маусымда 944 адамнан, 13 маусымда - 878, 14 маусымда - 803, ал 15 маусымда 983 адамнан (антирекорд) вирус анықталған (биліктің есебінше, көбі – симптомсыз).

Коронавирус көрсеткіші ұлғайғаннан кейін билік елдің басым бөлігінде карантин шараларын қайта күшейтті. Көкшетау қаласында блокпостар қайта қойылды. Қарағанды облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Маңғыстау облысы, Батыс Қазақстан облысы, Шымкент қаласы мен Түркістан облысында сауда орындары, базарлар, тамақтану орындары мен қоғамдық көліктің жұмыс уақыты қысқарды.

  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG