Accessibility links

Сынға қалған Қазақстан халқы ассамблеясы қажет пе, жоқ па?


Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған мерекелік шарада ұлттық киім киген адамдардың ортасында тұр. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 1 мамыр 2018 жыл.
Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған мерекелік шарада ұлттық киім киген адамдардың ортасында тұр. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 1 мамыр 2018 жыл.

Жамбыл облысында болған ұлтаралық жанжал кезінде кемінде 11 адам қаза тауып, жүзден астам тұрғын жараланып, ондаған үй өртенгеннен кейін қоғамда міндеттерінің бірін "ұлтаралық келісімді сақтау және нығайту" деп көрсететін Қазақстан халқы ассамблеясына сын көбейді. Бұл орган керек пе? Азаттық осы сұрақты ассамблея өкілдері мен сарапшыларға қойып көрді.

"КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ЖҰМЫС"

Нұр-Сұлтанның оң жағалауындағы үшқабатты сарай. Дәліздің еденіне кілем төселген. Төбеге үлкен, жарқыраған аспалы шамдар ілінген. Қабырғаларда ілінген көп суреттен Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жымия қарап тұр. Қазақстан халқы ассамблеясының астаналық бөлімінің басшылығы отыратын қалалық әкімдіктің жанындағы Достық үйі ғимаратының ішкі көрінісі осындай. Осыдан ширек ғасыр бұрын Назарбаевтың бастамасымен құрылған орган елдегі этномәдени орталықтардың басын біріктіреді.

Достық үйі – 60-қа жуық адам жұмыс істейтін коммуналдық мемлекеттік мекеме. Ғимаратқа кіреберісте күзетші мен полиция қызметкері отырады. Олар тілшіден келген мақсатын сұрап, рация арқылы басшылыққа хабар берді. Біз сарайға этникалық дүнгендер саны басым Жамбыл облысы Қордай ауданында болған қайғылы жағдайдан кейін бардық. Қазақстанның оңтүстігінде ақпанның 8-не қараған түні болған ұлтаралық жанжалдан кемі 11 адам қаза тауып, жүзден астам азамат жараланған. Ондаған үй, дүкендер мен дәмхана өртенген. Мыңдаған дүнген көрші Қырғызстанға қашқан. Осы жағдайға байланысты елде "бүкілқазақстандық бірліктің қайталанбас үлгісін қалыптастырудағы маңызды рөлге ие" Қазақстан халқы ассамблеясы – "өз міндетін атқара алмаған қажетсіз орган" деген пікір айтыла бастады.

Нұр-Сұлтан әкімдігі жанындағы Достық үйі. 13 ақпан 2020 жыл.
Нұр-Сұлтан әкімдігі жанындағы Достық үйі. 13 ақпан 2020 жыл.

Бізге Достық үйі ғимаратының ішін таныстырған қалалық әкімдігінің "Қоғамдық келісім" басқармасының сараптау, мониторинг және әдістемелік қамту бөлімінің басшысы Раиса Ағыбаева бұл пікірмен келіспейді.

- Ассамблея "ән салып, би билеуді ғана біледі" деген пікір бар. Бірақ мұнда қарапайым адамдар білмейтін жұмыстар жүргізіледі. Біздің штаттан тыс қызметкеріміз қазір Қордайға кеткен комиссия құрамында жүр, - дейді бұрын СССР журналистер одағының мүшесі болған, ал қазір Қазақстан журналистер одағының мүшесі, көп жыл мемлекеттік ақпарат құралдарында жұмыс істеген Ағыбаева.

Сарайдың бірінші қабатында көрме мен мәжіліс залы, Қазақстан халқы ассамблеясы құрылымының жұмыс кабинеттері орналасқан. Екінші қабатта конференц-зал, музей және этнобірлестіктер кабинеттері бар. Астыңғы қабатта хореография залы, вокал студиясы мен асхана жайғасқан.

1995 жылы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылған Қазақстан халқы ассамблеясына 2007 жылы конституциялық мәртебе берілген. Осыдан кейін ассамблея парламенттің төменгі палатасы – мәжілістің тоғыз депутатын (мәжілісте жалпы 106 депутат бар) сайлау құқығына ие болды. Орган сайтында жарияланған ақпаратта "Бұл Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық-саяси рөлін біршама күшейтті" делінген. 2015 жылы ақпанда Қазақстан халқы ассамблеясы жиынында парламент депутаттарына кезектен тыс президент сайлауын өткізу бастамасын көтеруді ұсынып, үндеу қабылдады. Үндеуде "әлемде жағдай ушығып тұрған уақытта [...] еліміздің ғаламдық сынақтардан сүрінбей өтуі үшін Назарбаевқа жалпыұлттық сенімнің жаңа мандатын беруіміз керек" деп жазылған. Кезектен тыс президент сайлауы идеясын әуелі Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы қолдады, артынша парламент депутаттары (ол кезде парламентте "Нұр Отан" партиясы басымдыққа ие болған, қазір де солай) бастамаға қолдау көрсетіп, "бірауыздан" жақтап дауыс берді. Көп ұзамай Назарбаев кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Өзінің қатысуымен өткен соңғы сайлауда Совет одағы тарамай тұрып билікке келген Назарбаев, ресми мәлімет бойынша, 97,75 пайыз дауысқа ие болған. Батыс бақылаушылары осыған дейін елде өткен басқа сайлаулар сияқты бұл саяси науқан да әділ әрі еркін өткен жоқ деп санайды. Өткен жылдың наурыз айында Назарбаев президенттік өкілетінен бас тартып, билікті сенаттың бұрынғы төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Бірақ ықпалды Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие, "Нұр Отан" партиясының төрағасы Назарбаев әлі де мемлекеттік аппаратқа ықпал ету тетіктерін уысында ұстап отыр. Сондай-ақ Назарбаевқа Қазақстан халқы ассамблеясын да өмір бойы басқару құқығы берілген.

- Жүйелі, көзге көрінбейтін жұмыспен айналысамыз. Бізге қарсы айтылған сын - субъективті. Елде қаншама партия бар, ал мен тек Қазақстан халқы ассамблеясының ғана жұмысын көріп отырмын, - дейді Раиса Ағыбаева.

Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің "Қоғамдық келісім" басқармасының сараптау, мониторинг және әдістемелік қамту бөлімінің жетекшісі Раиса Ағыбаева. 13 ақпан 2020 жыл.
Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің "Қоғамдық келісім" басқармасының сараптау, мониторинг және әдістемелік қамту бөлімінің жетекшісі Раиса Ағыбаева. 13 ақпан 2020 жыл.

"КӨҢІЛ-КҮЙІМДІ ТҮСІРДІ"

Азаттық тілшісі "жүйелік жұмыс" қалай жүріп жатқанын білу үшін Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған жиындардың біріне қатысып көрді. Жиын өткен аптада "Астана су арнасы" коммуналдық кәсіпорны ғимаратында өтті. Залдағы орындардың жартысында қалалық су кәсіпорнының қызметкерлері отырды. Қалған қатысушылар – Нұр-Сұлтандағы аудан әкімдіктерінің жанындағы қоғамдық кеңес өкілдері мен Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері.

- Ауа-райы тамаша болып тұр. Ертең құдды бір көктем басталатындай. Жамбыл облысындағы оқиға көңіл-күйімді түсірді. Ал негізі көңіл-күйіміз көтеріңкі, адамдардың барлығы әдемі, 2020 жыл да жақсы деп ойлаймын, - ақпанның 12-сі күні Қазақстан халқы ассамблеясының Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әміржан Әлпейісов ұйым жиынын осындай сөзден бастады.

Қазақстан халқы ассамблеясының Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әміржан Әлпейісов (ортада) кеңес жиынын өткізіп отыр. Нұр-Сұлтан, 12 ақпан 2020 жыл.
Қазақстан халқы ассамблеясының Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әміржан Әлпейісов (ортада) кеңес жиынын өткізіп отыр. Нұр-Сұлтан, 12 ақпан 2020 жыл.

Одан кейін сөз алған генерал, "Дала өлкесі казатарының одағы" ("Союз казаков Степного края") республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Достық үйі басшысының кеңесшісі Владимир Шацков былай деді:

- Қазір осы ұшқынды маздатқысы келетіндер көп. Олар осындай сәтті іздеп жүреді. Арандатушылар қалғып-мүлгімейді. Қазір бізге достық өте қажет.

Күн тәртібінде "кеңестер жұмысын үйлестіру" деп жоспарланғанымен, Қордай ауданында болған оқиғадан кейін модератор еріксіз ұлтаралық қарым-қатынас тақырыбына оралды.

- Соңғы оқиғалар бәрімізді есеңгіретіп тастады. Бұл күтпеген жерден болды деуге келмейді, бірақ оқиғаның салдары мен ауқымы осынша үлкен болады деп ешкім ойлаған жоқ. Осындай өзекті мәселелер көтерілгенде, ешкім жауапкершілігінен бас тартпайды. Ассамблея үлкен жұмыс атқарып жатыр. Бірақ ассамблеяның атқарушы құқығы жоқ. Бұл бір жағынан кедергі келтіреді, екінші жағынан біз жиналып, мәселені қолымыздан келгенше шешуге тырысамыз, - деді сөзін жалғаған Әміржан Әлпейісов.

ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН ҮНСІЗДІК ЖӘНЕ ҚОРДАЙДАН КЕЙІНГІ РЕАКЦИЯ

Жамбыл облысында 7-8 ақпанда болған оқиғалар – Қазақстанның жаңа тарихындағы ең қанды ұлтаралық жанжалға айналды. Ол оқиғалардың себебі аталған жоқ. Билік жанжал қарт ер адамның жаралануымен аяқталған жол үстіндегі кикілжіңнен шыққан деп мәлімдеді. Екі күннен кейін Масанчи ауылында топ адам төбелесіп, оның соңы дүнгендер көп тұратын бірнеше ауылдағы түнгі ойранға ұласқан.

Азаттық репортажы: Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары

Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:24 0:00


Қазақстанда ұлтаралық астары бар жанжалдар бұрын да болған. Бірақ ел билігі бұл оқиғаларды "тұрмыстық" жанжал (билік Қордай ауданындағы оқиғаға да "тұрмыстық" сипат берген) деп атаған.

2015 жылы ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ынтымақ және Бостандық ауылдарында жанжал туды. Бір қазақтың өліміне тәжік ұлтының азаматы айыпты деп танылған соң, негізінен қазақтардан тұратын жергілікті тұрғындар этникалық тәжіктерді көшіруді талап ете бастады. Шабуыл салдарынан жергілікті тәжіктерге тиесілі бірнеше үй мен көлік өртенді. Кісі өліміне айыпты деп танылған азамат кейін сот үкімімен 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол кезде Қазақстан халқы ассамблеясының сайтына бұл тақырыпқа арналған бірде-бір мәлімдеме салынбады. Тура сол уақытта ассамблея кезектен тыс президент сайлауы идеясын ұсынып жатқан еді.

Бір жылдан кейін, 2016 жылы ақпанда Жамбыл облысының Бурыл ауылында өлтірілген қазақ баланың қазасына этникалық түрік азамат күдікті деп танылған соң, жергілікті тұрғындар түрік қауымдастығы өкілдерін көшіруді талап етіп, толқу басталды.

2019 жылы қаңтардың 1-іне қараған түні Қарағандыда "Древний Рим" мейрамханасының жанында қазақтар мен армяндар арасында болған жаппай төбелес салдарынан қазақ жігіт көз жұмды. Осыдан кейін қалада наразылық шаралары өтіп, акцияға қатысушылар биліктен түсініктеме беруді және кінәлілерді қатаң жазалауды талап етті. Қазақстан мен Армения билігі болған оқиғаны "тұрмыстық кикілжің" деп атап, "оған ұлтаралық сипат беруге талпынысты тоқтату керегін" айтты.

Қазақстан халқы ассамблеясының сайтында аталған екі жайтқа байланысты да ешқандай реакция болған жоқ.

Қордай ауданындағы оқиғалардан кейін Қазақстан халқы ассамблеясы реакция білдірді. Бірінші рет ассамблея сайтына этнобірлестік өкілдерінің Жамбыл облысындағы қантөгісті айыптаған мәлімдемесі жарияланды.

"ТАРАТҚАН ДҰРЫС ПА" НЕМЕСЕ "ҚАЛДЫРУ" КЕРЕК ПЕ?

Қазақстан халқы ассамблеясын 2025 жылға дейін дамыту концепциясын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2019 жылы ассамблея мен оның құрамына кіретін ұйымдардың қызметіне бюджеттен кемінде 588 миллион теңге бөлінген. Биыл дәл осы көлемде қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Экономист Меруерт Махмұтованың пікірінше, миллиондаған бюджет шығыны "ақталмаған", сондықтан бұл қаржыны қолжетімді медицина, шағын бизнесті дамыту және жұмыс орындарын құру бағытына жұмсаған әлдеқайда дұрыс болады. Ол Қазақстан халқы ассамблеясы "үй ішінен үй тігіп, көп органның жұмысын қайталайды" деп есептейді.

- Мемлекеттің өкілдік институттарының, парламент пен мәслихаттардың жұмысын Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сияқты әртүрлі консультативті-кеңесші органдар құру арқылы ауыстыруға болмайды. Мұндай органдар құру идеясы халықтың арасына жік салады. Этностар халықтың құрамдас бөлігі емес пе? Қазақстан халқы ассамблеясы елдегі этностардың консолидациясы арқылы қазақстандық бірегейлік қалыптастыру деген басты мақсатына жете алмады. Масанчи ауылындағы жағдай этностардың әлі күнге дейін анклав ретінде өмір сүріп келе жатқанын, қазақстандық қоғамға сіңісіп кете алмағанын көрсетті, - дейді Меруерт Махмұтова.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған "қоғамдық сенім кеңесінің" мүшесі Мұхтар Тайжанның пікірінше, Қазақстан халқы ассамблеясы кезінде Назарбаевтың өкілеттік мерзімін ұзартуды "заңдастыру" үшін керек болған, ал қазір бұл ұйымды таратқан дұрыс.

- Қазақстан халқы ассамблеясының атқарған жұмысы нәтижесіз болды. Одан еш пайда жоқ. Ұлтаралық жанжалдар жалғасып жатыр. Бұл органның қызметі пайдасыз болуымен қатар, елдегі ұлтаралық келісім үшін қауіпті де. Қазақстан халқын этносқа бөлудің қажеті жоқ. Ассамблея таратылуы керек. Адамдар парламент пен мәслихатқа ұлтына қарамай сайлануы керек, - дейді Мұхтар Тайжан.

Саясаттанушы Айдос Сарым ассамблеяны тарату идеясын қолдамайды және тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы "өзінің тарихи міндетін атқарды" деп есептейді. Оның пікірінше, ассамблеяның мақсат-міндеттері қазіргі заманғы мәселелерге сай болуы керек.

- Ассамблея аз ұлттарға қазақ қоғамы мен мемлекетіне сіңісіп кетуге көмектесуі керек. Оларға саяси ұстанымын білдіру мүмкіндігін беру керек. Бұл үшін этнобірлестік басшылары демократиялық принциптерге сәйкес сайлануы қажет. Бұл бағытта Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени орган емес, жалпыұлттық ұйым болғаны жөн, - дейді саясаттанушы.

Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған, "Астана су арнасы" кәсіпорны ғимаратында өткен, бірнеше сағатқа созылған жиында Азаттық тілшісі Әміржан Әлпейісовтен "Қазақстан халқы ассамблеясы өз міндеттерін дұрыс атқара алмады, сондықтан оны тарату керек" деген экономист, бизнесмен және саясаттанушылардың пікірі мен әлеуметтік желідегі жазбаларға қалай қарайтынын сұрады.

- Ол адамдар қателеседі. Бұл айлакерлік қой. Олар бұл жұмысты білмейді. Адамдар мұнда қоғамдық ниетімен жұмыс істеп жүр. Шынайы көмек пен шынайы ақша болса, адамдар басқаша жұмыс істер еді. Өзге ұлт өкілдерін жаныңа жинап, олардың пікірін тыңдап, сараптау – өте қажет жұмыс. Жұмысты күшейтіп, жақсарту керек, - деді Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық сенім кеңесінің астаналық бөлімінің төрағасы.

Азаттық материал дайындау барысында Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ұлтаралық және конфессияаралық орталығынан пікір алуға тырысты. 2011 жылы Назарбаевтың бастамасымен ашылған орталық ұлтаралық және конфессияаралық қарым-қатынасты зерттеумен және мемлекеттік этносаясат мәселелеріне оқытумен айналысады.

Ведомство журналист туралы деректі жазып алып, сұранысты басшылыққа жеткізуге уәде берді. Бірақ содан кейін редакциямен ешкім байланысқа шыққан жоқ.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG