Accessibility links

Ағылшын заңына сүйенетін "Астана" қаржы орталығы ашылды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығының ашылу салтанатында. Астана, 5 шілде 2018 жыл.

5 шілдеде Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығын ашты. Бұл орталықты ашу идеясын Назарбаевтың өзі ұсынған. Ал шетелдік басылымдар "Астана" орталығының келешегіне күмәнмен қарайды.

"АЗИЯНЫҢ ҚАРЖЫ ХАБЫНА АЙНАЛУ ЖОСПАРЫ"

Ашылу салтанатында Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) әлемдік сауда алаңдарының ең үздік тәжірибелеріне сүйенеді» деп мәлімдеді. Ол қазақстандық және шетелдік бизнес өкілдерін орталықпен бірге жұмыс істеуге шақырды. Назарбаевтың пайымдауынша, "Астана аймақтағы қаржы хабына айналуы керек, ал келешекте Азияның негізгі қаржы орталықтарының қатарына енуі тиіс".

"Біз өз тарапымыздан орталықтың жұмысын бизнеске пайда әкелетіндей және Қазақстан одан мол пайда алатындай жасайтын боламыз" деді Қазақстан президенті.

Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығын ашу бастамасын 2015 жылы ұсынған. Орталықтың кеңсесі 2017 жылы EXPO көрмесінің (ЭКСПО-2017) ғимаратында орналасқан.

"Бұл - аймақтағы ағылшын құқығы негізінде құрылған алғашқы орталық. Мұнда тараптардың құқығын қорғайтын халықаралық арбитраж орталығы құрылған" деді Назарбаев.

Былтыр Қазақстан билігі "Астана" халықаралық орталығы сотының судьясы болып лорд Гарри Кеннет Вульф тағайындалғанын хабарлаған. Қаржы саласындағы халықаралық арбитр және медиаторды бұл қызметке Назарбаевтың өзі тағайындаған.

"Астана" халықаралық қаржы орталығының ашылу салтанаты. Астана, 5 шілде 2018 жыл.
"Астана" халықаралық қаржы орталығының ашылу салтанаты. Астана, 5 шілде 2018 жыл.

"Астананың" даму жоспарын бойынша, қатысушыларға 50 жыл бойы салық бойынша жеңілдіктер жасалады және шетелдік бизнесмендерге виза алу процесі жеңілдетіледі.

Бірақ Қазақстан билігінің орталыққа инвесторларды қалай тартатыны, биржада қандай құнды қағаздар ұсынатыны әзірге белгісіз. Орталықта Қазақстанның "Самұрық-қазына" холдингіне кіретін ұлттық компаниялар бірнеше IPO ұйымдастырады деп жоспарланған. "Астана" қаржы орталығында ислам банктерінің құнды қағаздары да сатылатыны хабарлаған.

ҮМІТ ПЕН КҮДІК

АХҚО құру үшін Қазақстан конституциясына өзгерістер енгізіліп, орталық туралы конституциялық заң қабылданған. Бұл заңда орталыққа ерекше құзірет беріліп, ағылшындық құқықпен жұмыс істейтіні көрсетілген.

Оқи отырыңыз: Тағы бір мәрте түзетілген конституция

Ағайынды заңгерлер – Арман мен Уәлихан Шәйкеновтер "конституцияға енгізген түзетулердің анық мақсаты қаржы саласына қатысты, яғни АХҚО туралы заңды легализациялау" дейді. Бұрынғы әділет министрі Нағашыбай Шәйкеновтің ұлы мен інісі бұл жайлы Forbes.kz сайтындағы "АХҚО конституцияға сай ма және конституцияға түзетулердің себі тие ме?" ("Конституционен ли МФЦА и помогут ли поправки в Конституцию?") деген мақалада жазған.

"АХҚО туралы заң конституцияға сай ма? Сай болмаса, конституцияға түзетулер енгізу арқылы оны заңдастыру мүмкін бе?" деп сұрайды мақала авторлары. Олар бұл сауалға: "Заң конституцияға сай емес, конституцияға жай түзетулер енгізу арқылы конституциялық кедергілер жеңілмейді" деп жауап береді.

Олардың пайымдауынша, орталықтың мәртебесін Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы анықтау елдің унитарлы саясатына нұқсан келтіреді.

Шайкеновтер өз мақаласында "Астана" қаржы орталығының территориясында Англия мен Уэльс заңын қолдану ақылға сыймайды" жазады. Олардың пайымдауынша, "мұндай нормативті жүйені соттардың тәуелсіздігі жоғары деңгейде қалыптасқан елдерде ғана қолдануға болады. Сондықтан биліктің кез келген әрекетіне және заңға қарсы сотқа шағым түсіруге болады".

2017 жылы наурызда Қазақстанның Конституциялық кеңесі өзгерістер елдің негізгі заңына сай келеді деп шешім шығарған.

2018 жылы маусымда америкалық Forbes журналы "Қазақстан Еуразиядағы қаржы артериясына айналамыз деген үмітпен халықаралық қаржы орталығын ашпақ" деген мақала жариялады. Автор Кеннет Рапоз "орталық мақсаттарының орындалғанын я орындалмағанын түсіну үшін ондаған жыл керек. АХҚО түйткілі - идеясында емес, оның орналасқан жерінде. Ол ұзақ өмір сүру үшін көптеген компанияларды тарту керек" деп жазады. Мақала авторы Қазақстанға шетелдік компаниялардың келетініне күдікпен қарайды.

Америкалық басылым "Астана" қаржы орталығын Назарбаевтың "жобасы", Сингапур және Дубай биржасына ұқсас жасалған "мемлекет ішіндегі мемлекет" деп жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG