Accessibility links

Соғыстың екінші жылындағы сапар. Ресей президенті Путин Қазақстанға келді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) Ресей Владимир Путинді Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайда күтіп алды. Астана, 9 қараша, 2023 жыл
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) Ресей Владимир Путинді Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайда күтіп алды. Астана, 9 қараша, 2023 жыл

9 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келді. Астана әуежайында оны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды.

Сарапшылар Кремль басшысының Астанаға сапары бұрыннан Ресейдің ықпалы жүретін аймақ саналып келген өңірге Батыстың назары күшейген шаққа дөп келіп отырғанына назар аударады.

Путин Астанаға бейсенбі күні таңертең ұшып келді. Оны әуежайдан Тоқаев тосып алған сәттен түсірілген фото мен видеоны ресми басылымдар таратты. Түстен кейін екі мемлекеттің президенттері Ақордада кездесті.

Кездесудің салтанатты бөлігінен кейін екеуі Қостанайда басталған Қазақстан мен Ресейдің 19-өңіраралық ынтымақтастық форумына Астанадан онлайн қосылып, жиынды ашты. Бұл шараға қатысушылар ауылшаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылайды деп бұған дейін айтылған.

"АЙ ТУЫП, ШОҚ ЖҰЛДЫЗ ЖАРҚЫРАҒАН" КҮН

Бейсенбі күні Ақордада санаулы адамның қатысуымен өткен кездесуде Тоқаев Путиннің Қазақстанға келуіне байланысты сөзінде "таңертең сіз Астанаға ұшып келгеніңізде аспанда ай туып, шоқ жұлдыз жарқырап тұрды, бұл өте сирек құбылыс. Мен оны жақсы нышанға жорыдым" деп мәлімдеді.

"Сіз Астанаға 2013 жылғы 11 қарашада Екатеринбургте тату көршілік пен одақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толар қарсаңда келіп отырсыз. Бұл жанжақты құжат Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының құқықтық негізі болды", – деген Тоқаев.

Кездесуде Батыстың Ресейге салған санкциялары мен Украинада екінші жыл жалғасып жатқан соғыс жайы талқыланды ма, ол жағы әзірше белгісіз.

Журналистер кездесудің ашық бөлігін өзге жерден монитор арқылы бақылап отырды.

Қостанайдағы өңірлік форумға қатысушылардың – Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің мүшелерінің сөзін Қазақстанның "Хабар 24" мемлекеттік телеарнасы көрсетті.

Форумға қатысушыларға сөзінде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттық көлемінің үштен бірінен астамы шекаралық аймақтардың үлесіне тиетінін айтты.

Жұманғарин ресейлік компаниялар атқарып жатқан шаруаларды сөзіне қосты, мысалы, қант өндіретін зауыттар сатып алып, Қазақстанның оңтүстігінде жылыжай кешендерін ашып жатқанын айтты. Бұған қоса Қазақстаннан Новосибирск пен Челябинск сияқты Ресей қалаларына қатынайтын әуе рейстері санын ұлғайту туралы келісім жасалып жатқанын жеткізді.

Ресми БАҚ 9 қарашада Астанада Қазақстан мен Ресейдің президенттері келіссөз өткізіп, "екі елдің стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелерін талқылайды" деп хабарлаған.

Путин Қазақстанға келер алдында Кремль бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты дамытуға бағытталған деп мәлімдеген. Және оның қорытындысы бойынша "бірақатар маңызды біріккен құжаттарға" қол қойылады деп жоспарланып отырғанын айтқан.

ӨЗГЕ ЕЛДЕРДІҢ НАЗАРЫ КҮШЕЙГЕН АЙМАҚ

Путин Астанаға Франция президенті Эммануэль Макронның Қазақстанға сапарынан кейін бір апта өткенде келді. Bloomberg Макрон Орталық Азияның аңсарын Ресейден аударуды көздеп келді деп хабарлаған. Reuters француз президентінің бұл сапары Мәскеудің қолайына жақпағанға ұқсайды деп жазды.

Макронның ізінше Астанаға Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан (Батыста оны "Путиннің досы" деп сынайтындар бар), Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да келіп кеткен.

Қыркүйекте Орталық Азиядағы бұрын Совет одағы құрамында болған бес мемлекеттің президенттері АҚШ президенті Джо Байденмен кездескен еді. Одан кейін сол айдың аяғында Орталық Азия елдері басшылары Германияда болып, негізінен энергия қауіпсіздігі мәселелерін талқылады.

Франция президенті Қазақстанға келген 1 қараша күні Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен саммит аясында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр ресейлік "Газпром" компаниясының басшысы Алексей Миллермен стратегиялық ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Бұл келісім газ кенішін геологиялық барлау, газ өндіру, өңдеу, тасымалдау және сату мәселелерін қамтиды.

Франция президенті Қазақстанға келген 1 қараша күні Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен саммит аясында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр ресейлік "Газпром" компаниясының басшысы Алексей Миллермен стратегиялық ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Бұл келісім газ кенішін геологиялық барлау, газ өндіру, өңдеу, тасымалдау және сату мәселелерін қамтиды.

Батыс елдері Ресейге Украинаға басқыншылық жасағаны үшін мұнай өнімдеріне эмбраго енгізгеннен кейін Қазақстан еуропалық мұнай өңдеу зауыттары үшін балама мұнай көзі ретінде қарастырыла бастады. Қазақстан да шетке сататын мұнайының ауқымды бөлігін Еуроодаққа шығарады. Бұған қоса Қазақстан табиғи уран қоры жағынан әлемде алдыңғы қатардағы елдердің бірі саналады. Ресми дерек бойынша, әлемдегі барланған уран қорының 14 пайызға жуығы Қазақстанның жер қойнауында жатыр.

Владимир Путин кейінгі бірнеше аптада Орталық Азияға осымен екінші рет сапар шегіп отыр. Қазан айында ол Қырғызстанда өткен ТМД елдері саммитіне қатысқан. Соның алдында, Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Путиннің туған күні Мәскеуге барып, Ресей газын оңтүстікке жөнелтуді бастау шарасына қатысып қайтты.

Путин Астанаға сапары қарсаңында "Казахстанская правда" газетіне берген сұхбатында "Орталық Азияда бірлесу үрдісі қарқын алып жатқанын" айтты. Оның сөзінше, қыркүйекте Тәжікстан астанасында өткен Орталық Азия елдері басшыларының бесінші консультативтік кеңесінің қорытындысы соның дәлелі.

"Осындай кезде "Орталық Азия + Ресей" форматына қажеттілік бұрынғыдан да арта түсті", — деген Путин қазақстандық ресми басылымға берген сұхбатында.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұған дейін Ресей президентінің Қазақстанға сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытуға арналады деп мәлімдеген еді. Ресейлік РБК медиатобының сайты Песков бұл сөзін Путиннің сапарына Еуропа мемлекеттерінің Қазақстанға назары арта түсуі немесе Батыстың Мәскеуге салған санкцияларын "бұзбауға ниетті екені" жөнінде Астананың жасаған мәлімдемелері себеп болды ма деген сұраққа жауабында айтты деп жазды. Батыс Ресейдің Украинаға басқыншылығына жауап ретінде санкциялар салғаны мәлім.

"Казахстанская правда" газетіне берген сұхбатында Путин өзге жайттарға қоса "Қазақстанда орыс тілін үйренуге сұраныс артып отырғанын" да айтып, көрші екі мемлекет бірлескен білім инфрақұрылымын кеңейтуге мүдделі деген.

Қазақстанға сапары алдындағы бір сөзінде Путин өткен тарихты еске түсіріп, Алтын Орда "Батысқа қарағанда, орыс мәдениетіне, тіліне және дәстүріне ешқашан қол сұқпаған" деп мәлімдеген. Ол бұл сөзін Ресейде жыл сайын 4 қарашада атап өтілетін Халық бірлігі күні қарсаңында қоғамдық палата мүшелерімен кездескенде айтқан.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ ПУТИНГЕ ШЫҒАРҒАН ОРДЕР

Осыдан бір жарым жылдан астам уақыт бұрын Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен бері Батыс елдері Мәскеуге қарсы бұрын-соңды болмаған көлемде санкциялар салып, президент Путинмен бетпе-бет кездесуді доғарды. Путин де Батыс елдері мен алыс шетелге шықпайтын болған. Бірақ Украинада соғыс басталғалы бері Ресей басшысы Қазақстанға осымен екінші рет келіп отыр.

Ол былтыр 22 қыркүйекте Астанада өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі саммитке қатысқан.

Ал биыл наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) Владимир Путин мен Ресейдің балалар құқығы жөніндегі омбудсмені Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер шығарғалы бері Ресей президенті Қазақстанға алғаш рет сапармен келіп отыр. ХҚС Путин мен Львова-Белованы Украинаның оккупацияланған аймағынан балаларды күштеп әкеткен деп айыптап, ол іс-әрекетті әскери қылмысқа теңеген.

Қазақстан Халықаралық қылмыстық сотты құру туралы халықаралық келісім – Рим статутына қол қоймаған, сол себепті ХҚС ордерін орындауға міндетті емесін мәлімдеді.

"Қазақстан Рим статутына мүше емес, оның алдында ешқандай міндеттеме алған жоқпыз", – деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Украинаға қарсы басқыншылық соғыстың бірінші жылы Ресей президентінің Қазақстанға жасаған сапарымен салыстырғанда биыл әлеуметтік желіде қазақстандықтардың "елге кірмесін" немесе "келгенін қаламайтынмызды ашық айтуымыз керек" деген мазмұндағы мәлімдеме, үндеулері көп кездеспейді.

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – әлемдегі ең ұзын құрлық шекараларының біріне жатады. Су тапшылығы қатты сезілетін Қазақстан көрші елдің су шаруашылығы саясатына айтарлықтай тәуелді. Екі мемлекет Армения, Беларусь және Қырғызстанмен бірге Еуразия экономика одағына мүше. Бұл одақта Ресейдің ықпалы басым. Ресми деректер бойынша, Ресейдің үлесі Қазақстанмен тауар айналымы көлемінің бестен біріне тең. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Ресей мен Қазақстанның екіжақты сауда көлемі 27 млрд долларға тең болған, оның елеулі бөлігі (17,9 млрд доллар) импорттың үлесіне тиеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG