Accessibility links

Біләлов: «Бұл – қылмыстық емес, саяси іс»


Азаматтық белсенді Болатбек Біләлов Сарыарқа аудандық 2-сотта отыр. Астана, 13 қаңтар 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Болатбек Біләлов Сарыарқа аудандық 2-сотта отыр. Астана, 13 қаңтар 2016 жыл.

Астанада «алауыздық тудырды» деп айыпталған құқық қорғаушы, «Антигептил» тобының белсендісі Болатбек Біләловтің соты басталды.

Қаңтардың 13-інде Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-сотында "алауыздық тудырды" деп айыпталған қоғам белсендісі Болатбек Біләловке қатысты сот процесі басталды. Істі жүргізіп жатқан судья Назгүл Бапақова журналистерге видеоға алғашқы сот отырысының басы мен соңын ғана түсіруге рұқсат берді. Бұған қоса «сот ісін жүргізуге кедергі келтіреді» деген себеппен ашық сотқа келушелердің отырыс кезінде ұялы телефонға видео және аудио жазуына тыйым салынды. Сот отырысына жүз қаралы адам қатысты, олардың ішінде АҚШ, Германия және Нидерланд елшіліктерінің өкілдері болды.

Айыпталушының адвокаттары Төлеген Шаиков пен Аманжол Мұхамедияров сотқа Болатбек Біләловті қамаудан кепілдікке босату туралы өтініш берді. Олар судьядан Біләловтің кәмелетке толмаған үш баласы барын және бір баласының мүгедектігіне байланысты жұбайы жұмыс істей алмай отырғанын ескеруін сұрады. Бірақ, ақылдасу кеңсесінен шыққан судья Бапақова бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Болатбек Біләловтің сотын жүргізуші судья Назгүл Бапакова. Астана, 13 қаңтар 2016 жыл.
Болатбек Біләловтің сотын жүргізуші судья Назгүл Бапакова. Астана, 13 қаңтар 2016 жыл.

Бұдан кейін Болатбек Біләловтің туған ағасы, сот ісіне қорғаушы ретінде қатысып жатқан Қанат Біләлов судья Назгүл Бапақоваға қарсылық танытты. Оның уәжінше, «сот ісі бастала салысымен судья айыптау жағына басымдық танытқан» және «қылмыстық іспен танысуға небәрі үш сағат қана уақыт жұмсаған». 15 минуттық үзілістен кейін Сарыарқа аудандық сотының судьясы Галина Балкылова Болатбек Біләловтің қорғаушысы берген қарсылықты қарап, оны қанағаттандырудан бас тартты. Сөйтіп, сот ісін Назгүл Бапақова ары қарай жалғастырды.

Сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы С.А.Әбдіхалықов (толық атын тілшіге айтудан бас тартты – ред.) Болатбек Біләлов Youtube әлеуметтік желісінде тараған видео сұхбаттарында «араздық тудырған пікірлері» бойынша, қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-тармағы бойынша «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздық қоздырды» деп айыпталып отырғанын мәлімдеді. Айыптау қортындысында Біләловтің «жанжалдарға билікті кінәлі еткен», Ресейдің Украинаға қатысты жүргізіп жатқан саясатындағы «орыс фашизміне» қатысты пікірлері келтірілген.

Болатбек Біләловтің сотынан көрініс. Астана, 13 қаңтар 2016 жыл.
Болатбек Біләловтің сотынан көрініс. Астана, 13 қаңтар 2016 жыл.

Сөз кезегі тигенде Болатбек Біләлов прокурор таққан айыппен келіспей, бұл істі «қылмыстық емес, саяси іс» деп атады. Оның сөзінше, бұл айыптау – «бас бостандығынан айырып, қоғамдық белсенді, құқықорғаушы деген абыройына кір келтірудің амалы». Мемлекеттік айыптаушының айыбымен Біләловтің келіспейтіні белгілі болған соң, судья тараптар келісімін ала отырып, сот ісінің жүру тәртібін белгілеп алды. Ол тәртіп бойынша, қаңтардың 13-14 күндері Біләловтің ісіне қатысты оншақты куәгер түсініктеме береді.

«Демократия және адам құқығы институты» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, қоғам белсендісі Болатбек Біләлов 2015 жылдың қарашасында тұтқындалған болатын. Болатбек Біләловті екі айға қамауға алу туралы қаулыны Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-соты 11 қарашада шығарған. Оған «араздық тудыру» айыбы тағылған. Тергеушілердің пікірінше, белсенді бұл әрекетті «бұқаралық ақпарат құралдарының алдында, көпшілікке жария түрде жасаған».

Болатбек Біләлов Астанадағы сүрілуі тиіс үйлердің тұрғындарының мүддесін сотта қорғаушы ретінде танымал болған. Сонымен бірге ол – ресейлік зымырандарды Байқоңырдан ұшыруға қарсы шығып жүрген «Антигептил» тобының белсендісі.

Болатбек Біләловтің соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:11 0:00

XS
SM
MD
LG