Accessibility links

"Назарбаевтың мүддесін қорғайтын кандидат"


Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясы съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

23 сәуірде «Нұр Отан» съезінде партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты партия атынан алдағы президент сайлауына кандидат ретінде ұсынды. 19 наурызда елді отыз жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президент өкілетінен бас тартқаннан кейін Тоқаев мемлекет басшысы қызметіне кіріскен еді. Саясаттанушылардың пайымдауынша, Тоқаев Назарбаевтың тұсында «еш қарсылық танытпайтын екінші пландағы ойыншы» болады.

65 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметінде болған 35 күннің ішінде «ұлт көшбасшысы» (бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген мәртебе – ред. ) ұстанған саясатты жалғастыратынын сөзімен де, ісімен де дәлелдеді. Ол барлық мәлімдемелерінде Назарбаевты аузынан тастаған емес.

ТОҚАЕВТЫҢ 35 КҮНІ

Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне кіріскен бірінші күні Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваны сенат спикері (билік иерархиясындағы президенттен кейінгі екінші лауазым) етіп тағайындады.

  • 3 сәуір күні Тоқаев президент ретінде бірінші ресми сапарын Мәскеуден бастап, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Келіссөздер кезінде ол Путинге Назарбаевтың сәлемін жеткізіп, «ұлт көшбасшысының» саясатын жалғастыратынын мәлімдеді. Путин Тоқаевқа Қазақстанда Ресей технологиясымен атом электр станциясын салу туралы ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс Қазақстан қоғамында қызу талқыланып, сынға ұшырады.
  • 14 сәуір күні Ташкентке ресми сапармен барған Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен кездесуде Назарбаев саясатын жалғастыратынын тағы қайталады.
  • 4 сәуір күні Тоқаев 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер енгізу туралы құжатқа қол қойды. Оған дейін сенат бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев кеңсесінің шығынына бөлінетін 1 миллиард теңгені үшжылдық бюджет жоспарына енгізу үшін заң жобасын мәжіліске қайтарған еді.
  • Нұрсұлтан Назарбаев отставкадан кейін «ұлт көшбасшысы» және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді. Ол күш құрылымы өкілдерімен кеңес өткізіп, өңірлерді аралады. Қазақстан президенті сайтында Тоқаевтың іс-әрекеті туралы жаңалықтар Назарбаевтың жұмысы жөніндегі ақпараттармен қатар жарияланады.
  • 9 сәуір күні Тоқаев кезектен тыс президент сайлауын 9 маусымға белгілеп, жарлыққа қол қойды. Конституция бойынша президент сайлауына шектеусіз қатыса алатын Назарбаевтың биылғы сайлауға қатыспайтыны туралы Тоқаев өткен жылы айтқан. ВВС-ге берген сұхбатында сол кездегі сенат спикері Тоқаев Назарбаевты «ақылды тұлға» деп сипаттап, «оның сайлауға тағы түсетініне сенбеймін» деген.
  • 12 сәуір күні Ақтау қаласына сапарында Тоқаев өзі бейнеленген билбордтарды «орынсыз» деп сынаған. Ол қала тұрғындарымен кездесуде «маған мұндай насихат керек емес» деп, билбордтарды Назарбаев басқарған кезде мемлекет жеткен жетістіктерге арнау керегін айтқан.
  • «Нұр Отан» партиясы атынан сайлауға түсетіні жарияланардан бір күн бұрын Тоқаев Украинадағы президент сайлауында жеңіске жеткен Владимир Зеленскийге құттықтау хат жолдаған.

Тоқаевтың президенттікке келуімен бейбіт митингілерге қатысты жағдай өзгерген жоқ. Жаңа президент тұсында да бейбіт митингілер ұйымдастыруға және өткізуге тырысқан ел азаматтарын әкімшілік жауапкершілікке тарту жалғасып жатыр. Мұны Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы соңғы оқиғалар дәлелдейді.

ЖОҒАРЫДАҒЫЛАРҒА ЖАҒАТЫН КАНДИДАТ

Тоқаев президент қызметінде болған 35 күннің ішінде алдағы сайлауға қатысатыны туралы бірде-бір мәлімдеме жасамады. Дегенмен сарапшылар Тоқаевтың билік партиясы атынан сайлауға түсетініне таңғалмайды.

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Тоқаевты ірі жемқорлық дауларға қатысы жоқ «сенімді саяси тұлға» деп бағалайды.

– Тоқаев үздік кандидат дей алмаймын. Билік маңында жүргендер арасында басқа да лайықты адамдар бар. Бірақ қазір билікке Нұрсұлтан Назарбаевтың мүддесін барынша қорғайтын кандидат керек. Осы тұрғыдан алғанда, ол лайықты кандидат болуы мүмкін. Бірақ ол ел алдында тұрған стратегиялық мәселелерді шешу бойынша үздік кандидат емес, – дейді ол.

«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев «Нұр Отан» кандидатын «билікке ұнамды, келісімге оңай келетін тұлға» деп есептейді.

Андрей Чеботаревтың айтуынша, «Тоқаев осыған дейін барлық шешімдерді қабылдарда Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасып келген. Сондықтан оның тұсында жылымық кез орнайды деп күтудің қажеті жоқ».

– Мемлекет басына жаңа адамның келуі аз да болса, өзгерістер әкеледі. Қазірдің өзінде Тоқаевтың келуімен кейбір процестердің жүріп жатқаны байқалады. Бірақ мен оларды жылымық демес едім. Тоқаев сыртқы саясатты кәсіби деңгейге көтеруге күш салып, басқа елдермен қарым-қатынастарда ұлттық мүддені қорғауға мән беруі мүмкін. Бірінші кезекте көпвекторлы саясат сақталады. Ішкі саясатта нақты болжам жасау әзірге қиын. Тоқаевтан қатқыл іс-әрекеттер күтпеймін. Өйткені ол саясатта «қаршығалардың» емес, «көгершіндердің» санатына жатады, – дейді ол.

Дариға Назарбаева, Қасым-Жомарт Тоқаев және Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" съезінде тұр. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.
Дариға Назарбаева, Қасым-Жомарт Тоқаев және Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" съезінде тұр. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Тәуекелді бағалау тобының директоры және саясаттанушы Досым Сәтпаев «Тоқаев соңғы айда өзін елдегі бар билікті уысына жиған тұңғыш президенттің қолындағы құрал есебінде көрсетті» деп санайды.

– Тоқаев бесжылдық мандаты бар президент болса да, Назарбаевтың іске араласуға қабілетті кезінде елдегі жағдай аса өзгере қоймайды. Тоқаевтың әр қадамын бақылап отыру үшін оның айналасына Назарбаевтың отбасынан сенімді адамдар жиналды. Сайлаудан кейін Дариға Назарбаева сенат спикері қызметінде қалады деп ойлаймын. Сондықтан Тоқаев бір жағынан маңызды өкілеті бар сенат спикері (бас прокурор мен ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы кандидатурасын сенат мақұлдайды – ред.) Дариға Назарбаеваның, екінші жағынан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Тұңғыш президенттің немере інісі Самат Әбіштің қадағалауында болады, - дейді ол.

ТОҚАЕВ АЙТҚАН «КИНДЕР СЮРПРИЗ»

Қасым-Жомарт Тоқаев – зиялы тұлғаның ұрпағы. Оның әкесі Кемел Тоқаев – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ жазушысы. Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. Еңбек жолын Совет одағының Сингапурдегі елшілігінен бастаған. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін жұмысын елдің сыртқы саясат ведомствосында жалғастырды. Тоқаев Сыртқы істер министрі қызметін екі рет – 1994-1999, 2002-2007 жылдары атқарды. 2007 жылы Тоқаев сенат депутаты болып, парламент палатасын басқарды. Дәл сол жылы «Нұр Отан» партиясына қабылданды. 2011-2013 жылдары Тоқаев Женевада БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметінде БҰҰ-ның еуропалық бөлімшесін басқарды. Кейіннен Қазақстанға оралып, сенат спикері болып жұмыс істеді.

2000 жылдардың басында Тоқаев премьер-министр болды. Бұл жылдары ол елдегі саяси реформаларға қарсы біріккен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрған жас кәсіпкерлер мен шенеуніктерді «киндер сюрприз» деп атады.

2001 жылдың қарашасында Тоқаев республикалық арнадан елде демократиялық бастамалар көтерген Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақиянов пен вице-премьер Ораз Жандосовты, кәсіпкер Мұхтар Әблязовті сынады.

«Демократия – «киндер сюрприздердің» қолындағы ойыншық емес» деген Тоқаев Назарбаевты тұрақтылық пен келісімді сақтау үшін елдегі тәртіпті қадағалауға шақырды. Ол Назарбаевқа бірқатар шенеуніктерді орнынан босатуды ұсынды. Бірақ аталған тұлғалар отставкаға кететінін өздері мәлімдеді. Кейінірек Жақиянов пен Әблязовтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы жұмысын тоқтатты.

Сол кезден бері оппозиция саяси өмірден алыстап, белсенділігін азайтты. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары соңғы жиырма жылда Қазақстандағы репрессивті билікті сынап келеді. Олардың айтуынша, Қазақстанда белсенділер, журналистер мен оппозиция өкілдері жиі қудалауға ұшырайды.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG