Accessibility links

Қытай елшісі мен АҚШ мемлекеттік хатшысының айтқандары Қазақстанға қалай әсер етеді?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо. Ақорда, Нұр-Сұлтан, 28 тамыз 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо. Ақорда, Нұр-Сұлтан, 28 тамыз 2019 жыл.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео ақпанның 2-сі күні Қазақстанға жасаған бір күндік ресми сапары кезінде барлық елді Қытайдағы «қуғын-сүргінді тоқтатуға» шақырып, «туыстарымыз қайта тәрбиелеу лагерьлерінде отыр» деген этникалық қазақтармен кездесті.

Ақпанның 4-і күні Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Помпеоны сынайтын өткір мәлімдеме жасады. Сяо АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпео өзін көбіне «мәнсапқұмар» етіп көрсететінін, бүкіл әлем оның «жаңсақ пікіріне» куә болғанын айтып, Помпеоға «Шынымен қазақстандықтардың қамын ойлап жүрсіңдер ме?» деген сұрақ қойды.

Азаттық бұрынғы дипломаттар және Орталық Азия бойынша сарапшылармен сөйлесіп, Қытай елшісі мәлімдемесінің астарында не жатқанын, Қазақстанның геосаяси мүдделер тоғысына қалай түскенін, мұның бәрі немен аяқталуы мүмкін екенін сұрады.

«БАЛҒА МЕН ТӨСТІҢ ОРТАСЫНДА»

Саясаттанушы және бұрынғы қазақстандық дипломат Қазбек Бейсебаев Вашингтон мен Пекин арасындағы жағдай онсыз да күрделі болғандықтан, Қытай елшісінің реакциясынан «таңғалмағанын» айтады. Оның сөзінше, бұл мәселеде Қазақстан қиын жағдайда қалған.

— АҚШ мемлекеттік хатшысы мен Қытай елшісінің осындай мәлімдемелерінен кейін біз балға мен төстің ортасында қалғандай болдық,— дейді Бейсебаев.

Қазақстан мұндай жағдайға бірінші рет түсіп отырған жоқ. Әртүрлі державаның геосаяси мүддесі бар Қазақстанды бұған дейін көпвекторлы сыртқы саясаты бірнеше рет салмақты дипломатиялық текетірестерден аман алып қалған. Мәселен, Помпеоның өткен аптада «қайта тәрбиелеу лагерьлері» мәселесіне нүкте қою керек деген мәлімдемесіне Нұр-Сұлтандағы ресми тұлғалар еш жауап қатпай, қауіпсіздік пен экономика саласындағы әріптестікке мән беруді жөн көрді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұр-Сұлтан, 2 ақпан 2020 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұр-Сұлтан, 2 ақпан 2020 жыл.

Азаттық тілшісі парламент ғимаратында пікір алған сенат депутаттары да барлық мемлекетпен дос боп қалуды көздейтін ресми формадан шықпай сөйлегенімен, олардың біразы Шыңжаңда «қайта тәрбиелеу лагерьлері» барын атап өтті. Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов АҚШ пен Қытай— «өзара бәсекелес елдер», бірақ Қазақстан «екі елге де бірдей қарайды» деп есептейді.

— Бұл – олардың өз еркі. Оларға сөйлеуге тыйым сала алмаймыз… Сондықтан басшылар әртүрлі сөйлеуі мүмкін. Бірақ біз екі елге де бірдей қараймыз. Қос мемлекетпен де доспыз, — дейді ол.

Қазақстан АҚШ мемлекеттік хатшысы мен Қытай елшісінің мәлімдемелеріне қатысты ресми пікір білдірген жоқ. Бірақ бірқатар сарапшы Қытайдың Қазақстандағы имиджінде мәселе барын айтады.

«ҚЫТАЙ БЕДЕЛІН КӨТЕРГІСІ КЕЛСЕ, СЕНІМДІ ҚАЙТАРУЫ КЕРЕК»

Бұрынғы дипломат және саясаттанушы Расул Жұмалы Қытай елшісінің мәлімдемесін «шынымен эмоционалды» деп атап, бұған Помпео сөзінің Қытайдың шымбайына батуы себеп болуы мүмкін деп топшылайды. Жұмалының айтуынша, жоғары шенді дипломаттар дәл осындай кезде дипломатияны шетке ысырып, қателік жібереді. Саясаттанушы Қытай Қазақстандағы белді ойыншы болғанына қарамастан, жақсы бедел қалыптастыруға келгенде аз күш жұмсады деп есептейді.

— Қазір Шыңжаңдағы жағдайға, кезінде жер митингілеріне байланысты болған көңіл-күй — Қытайдың үлкен қателігінің нәтижесі. Бұл Қытайдың азаматтық қоғаммен, үкіметтік емес ұйымдармен, ақпарат құралдарымен жұмыс істемегенін көрсетеді. Олар белгілі бір мәселені шешуде Қазақстан билігімен, ресми тұлғалармен келісті, бірақ қоғаммен, халықпен жұмыс істеген жоқ. Қазір соның зардабын тартып жатыр. Қытай қазір беделін көтергісі келсе, сенімді қайтаруға күш салуы керек шығар, — дейді Расул Жұмалы.

Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсылық білдірген Жаңаөзен тұрғындарын қолдау акциясында ағылшын тілінде "Қытай экспансиясына жол жоқ!" деген жазу ұстап тұрған жігіт. Алматы, 4 қыркүйек, 2019 жыл.
Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсылық білдірген Жаңаөзен тұрғындарын қолдау акциясында ағылшын тілінде "Қытай экспансиясына жол жоқ!" деген жазу ұстап тұрған жігіт. Алматы, 4 қыркүйек, 2019 жыл.

«АҚШ ӨЗІНІҢ ӘЛІ ДЕ №1 ДЕРЖАВА ЕКЕНІН КӨРСЕТУГЕ ТЫРЫСТЫ»

Қытайтанушы, Орталық Азия бойынша сарапшы, мәскеулік Карнеги орталығының кеңесшісі Темур Умаров «Қытайдың Қазақстандағы беделі елдегі қытайға қарсы наразылықтарға себеп болған да шығар, бірақ Орталық Азиядағы ықпалы бойынша Қытай АҚШ-пен салыстырғанда алдыңғы орында” деп есептейді.

— Қазақстан билігі мен Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары бұл орманда екі үлкен аң барын, бұл – Ресей мен Қытай екенін жақсы біледі. АҚШ — мұхиттың арғы жағында, аймақтан алыс орналасқан. Сондықтан оның өңірдегі ықпалы мен мүддесі шектелген. Олар үшін Орталық Азия басымдыққа ие өңірлер тізімінде соңғы орындарда тұр. Бірақ Ресей мен Қытай үшін олай емес. Сондықтан АҚШ пен Помпеоның сапарына қатысты ешкім бос иллюзияға берілген жоқ… Бұл – АҚШ-тың әлемдегі нөмірі бірінші держава екенін, бұл бағытта ештеңе өзгермегенін көрсетуге талпынысы, — дейді Умаров.

Ақпанның 5-і күні жарияланған АҚШ-тың Орталық Азия бойынша 2025 жылға дейінгі жаңартылған стратегиясында Орталық Азияға байланысты небәрі алты бөлім бар. Оның екеуі тікелей Ауғанстанмен байланысты, біреуі өңірдегі «террористік қауіпті» азайтуға бағытталған. Стратегияның АҚШ пен Орталық Азия әріптестігі туралы қалған бөлімдері өңірдегі мемлекеттердің тәуелсіздігін нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және адам құқықтарын құрметтеу саласындағы реформаларды, өңірдің экономикалық дамуына құйылған америкалық инвестицияны насихаттауға арналған. Көп сарапшы АҚШ-тың Орталық Азияға байланысты стратегиясы қатты өзгермегенін, бірақ әріптестікке «жаңа мүмкіндік» туғызған Өзбекстан мен Қазақстандағы билік ауысқаны назарға алынғанын айтады.

«АҚШ-ТЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ ЖҮЙЕСІЗДЕУ»

Ресейдің Оңтүстік Кореядағы бұрынғы дипломаты және жапонтанушы Георгий Кунадзе қос державаның да мәлімдемесіне күмәнмен қарайды. Ол Оңтүстік Кореяда Ресей дипломаты болып жүргенінде өзі де осындай мәлімдемелер жасағанын, тіпті бір рет ол үшін Оңтүстік Корея сыртқы істер министрлігіне шақырылғанын еске алды.

Қытай Шыңжаңдағы мәселені айтып, сынағандарға жиі шамданады. Бұл мәселеде қытайлар ешқандай келісімге келмейді.


— Басқа мемлекеттің елшісі өз елінің позициясына қайшы келмейтін кез келген мәлімдеме жасай алады. Өз елінің мүддесіне сай келетін сөз айтқан елшіні кінәлауға себеп көріп тұрған жоқпын. Неліктен мұндай өткір мәлімдеме жасалды дегенге келсек, Қытай Шыңжаңдағы мәселені айтып, сынағандарға жиі шамданады. Бұл мәселеде қытайлар ешқандай келісімге келмейді, — дейді Георгий Кунадзе.

Ол коронавирус тақырыбы Қытайды «алаңдатып, ызаландырып отырған мәселе» екенін атап өтті. Елші Сяо өз мәлімдемесінде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Помпеоны вирус мәселесін «өз пайдасына» қолданды деп айыптады.

Жапонтанушы бұл жағдай ұмытылып кетуі мүмкін екенін, өйткені Дональд Трамптың тұсында АҚШ-тың сыртқы саясаты «жүйесіздеу» екенін айтады.

— Мүмкін, біраз уақыттан кейін Трамп Қытаймен келісімге келер, сол кезде Помпеоның [Қытайға қатысты] айтқан сөздері жай бір эпизод болып қалады, — дейді Георгий Кунадзе.

Ол державалардың кез келген текетіресі Орталық Азия елдеріне оң әсер етуі мүмкін екенін, өйткені оларда «таңдау» артатынын айтады.

— Бірақ бір мәселе бар: күтпеген жерден келген мұндай көзірді қолдану қиынға соғуы мүмкін, — дейді Кунадзе.

«ҚОС ЖОЛБАРЫСТЫҢ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ КҮРЕСІ»

ТМД елдері бойынша сарапшы, журналист Аркадий Дуванов Қытай елшісінің мәлімдемесі «Пекиннен алған тапсырмаға сай» жасалған деп есептейді. Ол Қытай елшісінің Өзбекстанда айтқандары да осыған ұқсас, тіпті әлдеқайда қатаң формада болғанын айтады.

Бұл сюжет қос жолбарыстың қазақ даласындағы күресін бейнелейді.


— Бұл сюжет қос жолбарыстың қазақ даласындағы күресін бейнелейді. Бір күннен кейін АҚШ пен Қытай арасындағы тартыс өзбек жерінде жалғасты, — дейді Дубнов.

Орталық Азия мемлекеттері «шынайы күрестің» куәсі болып отыр, бірақ Дубновтың пікірінше, мұның Қазақстанға «еш әсері болмайды». Ол Қытай елшісінің мәлімдемесі Қазақстанның Қытайға тәуелділігін көрсетеді деп санайды.

— Әрине, Помпеоның Орталық Азияға сапарының мақсаты Қытайдың өңірдегі басымдығын тежеу болды. АҚШ Қытаймен өңір инвестициялық белсенділік пен аймақтағы елдерге қаржылық қысым жасау деңгейі бойынша бәсекелесе алмайды. Бүгін мұның Қазақстанға еш қатысы жоқ, бірақ соңғы жылдары елдің қытайлық инвестицияларға тәуелділігі артып барады, — дейді Аркадий Дубнов.

Дубновтың пікірімен қазақстандық саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов те келіседі. Ол Қытай елшісінің «эмоцияға толы» мәлімдемесі бірінші кезекте «Қытайдың Орталық Азиядағы қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді» деп есептейді.

— Қытай [басқа елдерден] сауда қарым-қатынастары, инвестиция көлемі мен ұзақ мерзімді несие бойынша да алда тұр. Сондықтан олар жергілікті элитаның, жалпы мемлекеттің Қытайға қаншалықты тәуелді екенін жақсы түсінеді, — дейді ол.

Шалқар Нұрсейітовтің пікірінше, Қытай осындай реакция білдіруге «заңды құқығымыз бар» деп ойлайды.

"Қытай елшісінің реакциясы Пекин мүддесін көрсетті"
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:25 0:00

Қытай — Қазақстандағы төртінші ірі инвестор және несие беруші үшінші мемлекет. Қазақстанға инвестиция құятын елдердің алғашқы үштігіне Нидерланд, АҚШ пен Швейцария кіреді.

2019 жылы Қазақстанда Қытайға қарсы наразылық акциялары өтті. Наразылар Қытайдың Қазақстан экономикасындағы ықпалының артуына қарсылық білдіріп, Шыңжаңдағы этникалық қазақтарды қудалаудан, жаппай ұстау мен «саяси қайта тәрбиелеу лагерьлеріне жабудан» қорғауға шақырған.

2018 жылы Қытай Қазақстанға екі миллиард 62 миллион юань көлемінде несие берген. 2019 жылы сәуірде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Пекинде өткен «Бір белдеу — бір жол» форумына қатысып, Қазақстан мен Қытай «өндіріс, құрылыс, ет пен астық өңдеу және басқа салалардағы 55 инвестициялық жоба бойынша келісімге отырғанын» мәлімдеген.

Қытайдан алған қарыз бен Назарбаевтың зауыт туралы мәлімдемесі қоғамда сынға қалған.

  • 16x9 Image

    Әйгерім ТӨЛЕУХАНОВА

    Азаттықтың Прага кеңсесінің тілшісі. Esquire Kazakhstan, EurasiaNet, The Conway Bulletin, Foreign Policy, The Independent  сынды қазақстандық және шетелдік басылымдарға жазған. Associated Press және Agence France-Presse агенттіктеріне видео түсірген. KIMEP университетін халықаралық журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Лондон экономика мектебінде "медианы басқару" мамандығы бойынша магистратура оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG