Accessibility links

Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Президент сайлауы күні наразыларды жаппай ұстады

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Жеті кандидат бәсекеге түскен бұл сайлауға соңғы отызға жылға жуық уақыт елді басқарып келген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспады. Елдегі кей оппозициялық күштер бұл сайлауға бойкот жариялаған. Сайлау күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда наразылық білдіріп көшеге шыққан жүздеген адам ұсталды.

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру елдегі сайлау учаскелерінде жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7.00-де басталып, сағат 20.00-ге (48 учаске таңертең сағат 6.00-да ашылды) дейін жалғасты.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.

ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. Сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.

20:34 9.6.2019

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте полиция наразы азаматтарды ұстады. Нұр-Сұлтан мен Алматыда жүзге жуық адам ұсталды деп хабарлады ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев.

20:26 9.6.2019

Нұр-Сұлтан қаласында кезектен тыс президент сайлауы туралы Азаттыққа тікелей эфирде сұхбат беруге келе жатқан белсенді Дулат Ағәділді полиция ұстап әкеткен. Белсендіні Есіл аудандық полиция бөлімінде, сол жерде қазір Азаттық тілшісі Сәния Тойкен Facebook әлеуметтік желісінде тікелей трансляция жүргізіп жатыр.

19:59 9.6.2019

Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру кезіндегі заңбұзушылықтарды, соның ішінде сайлау жәшігіне "бюллетеньді топтап тастау" жайлы видеоны да зерттейтінін мәлімдеді. "Қазір бұған түсініктеме беру мүмкін емес. Фактологиялық материалды зерттеп, әр оқиға бойынша жеке шешім қабылданатын болады. Тиісті органдар міндетті түрде зерттейді" деген ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың сөзін келтіреді Tengrinews.kz сайты.

Бұған дейін интернет пен әлеуметтік желілерде мектептің сорт залындағы сайлау учаскесіне ұқсайтын жерде төрт адамның сайлау жәшігіне бюллетеньдерді топтап салып жатқаны бейнеленген видео тараған болатын.

19:39 9.6.2019

Нұр-Сұлтанда рұқсат етілмеген жиын өткен жерде полиция азаматтарды тағы да ұстап жатыр. Наразылар кезектен тыс президент сайлауына қарсылық білдіріп жиналған болатын.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG