Accessibility links

Сот Feminita белсендісіне айыппұл салды


Жанар Секербаева (сол жақта) және адвокат Айман Омарова сот залында. Алматы, 20 тамыз, 2018 жыл.
Жанар Секербаева (сол жақта) және адвокат Айман Омарова сот залында. Алматы, 20 тамыз, 2018 жыл.

ЛГБТК мәселелеріне назар аудартушы Feminita ұйымының белсендісі Жанар Секербаеваның қоғамдық орындағы "фотосессияны тамашалауын" сот "ұсақ бұзақылық" деп таныды.

Тамыздың 20-сында Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Feminita ұйымының белсендісі Жанар Секербаеваға қатысты шешім шығарды. Судья Ақмарал Исабаева белсендіні Әкімшілік кодекстің 434-бабының 1-тармағы бойынша («Ұсақ бұзақылық») айыпты деп танып, 5 АЕК (12 мың 025 теңге) көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеді. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Айыпталушы тарап он күннің ішінде аппеляциялық шағым беруге хақылы.

Тамыздың 9-ы күні Жанар Секербаева мен Feminita ұйымының тағы екі белсендісі Алматыдағы Арбат алаңында плакат ұстап шығып, флешмоб өткізген. Тергеу мұны "акция" десе, Секербаеваның өзі "фотосессия" деп санайды.

- Іс материалдарында көрсетілгендей бұл акция емес еді. Фотосессия болатын. Оны мен ұйымдастырған жоқпын. Таныстарымды қолдауға келген едім. Қоғамдық тәртіпті бұзбадық, айқай-шу шығарған жоқпыз. Керісінше бөгде біреулер бізге тиісіп, мазамызды алға соң кетіп қалдық, - деді Азаттыққа 36 жастағы Жанар Секербаева.

Көре отырыңыз: Жанар Секербаева кім?

​Бүгінгі соттың басы Жанар Секербаеваның адвокаты Айман Омарованың судья Ақмарал Исабаеваға қатысты қарсылығын қараумен басталды. Тамыздың 16-сы күні өткен алғашқы отырыста судья Ақмарал Исабаева белсенді Жанар Секербаевадан Арбатқа не үшін барғанын, қолына қандай плакат ұстағанын анықтап сұрай бастаған. Адвокат Омарова судьяның айыпталушыны бұлай тергеуге құқығы жоғын айтып, Секербаеваға судьяның сұрақтарына жауап бермеуге хақы барын айтқан. Судья сол сәтте адвокаттан қорғауындағы адамға "нұсқау бермеуін" сұраған. Адвокат Секербаеваға тек кеңес бергенін айтып, судьяға қарсылық білдірген еді.

Дүйсенбіде адвокат Омарованың қарсылығын Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төраға міндетін уақытша атқарушы Рауза Әлиева қарап, "судьяға сенімсіздік танытуға негіз жоқ" деп танып, адвокаттың өтінішін қанағаттандырған жоқ.

Жарты сағаттан соң отырыс одан әрі жалғасты. Адвокат Айман Омарова белсенді Жанар Секербаеваға қатысты істе оның фамилиясы қате жазылғанын, Секербаеваға берген сотқа шақырту қағазында әкімшілік іс қозғалғанына қарамастан "Қылмыстық кодекстің негізінде жауапқа тарту мүмкін" екендігі жазылғанын айтып, мұны белсендіні қорқыту деп қабылдайтынын мәлімдеді. Бұған қоса адвокат іс материалдарында көрсетілген екі куәгерді де сотқа шақыртуды сұрады.

Оқи отырыңыз: Жыныстық азшылық өкілдерін «қылмыскерге» теңеді

Судья бұл айтылғандарға қатысты сотқа қатысқан Алматы аудандық ішкі істер басқармасының инспекторы Дәурен Елубаевтан жауап алды. Ол Секербаеваның фамилиясы қате жазылғанын, шақырту қағазында қателік кеткенін мойындады.

Секербаева Арбатта болғанын өзі де растап отыр, сондықтан куәгерлерді шақыртудың қажет жоқ.

- Ал куәгерлердің бірінің былтыр туысы қайтыс болған екен, осы күндері Тараз қаласында ас беруге кетіпті. Ал екінші куәгер телефонын көтермей жатыр. Сондықтан оларды сотқа шақырту мүмкін болмай тұр, - деді инспектор Елубаев.

Прокурор Нұрсұлтан Айтжанұлы:

- Секербаева Арбатта болғанын өзі де растап отыр, сондықтан куәгерлерді шақыртудың қажет жоқ, - деген пікір айтты.

Судья да прокурордың сөзін қолдады.

Омарова мен Секербаеваның уәждерін тыңдаған судья Исабаева, прокурорға сөз берді. Прокурор Секербаеваның айыбы "дәлелденгенін" айтып, оған 5 АЕК көлемінде айыппұл салуды сұрады.

"Секербаеваның іс-әрекетінде ұсақ бұзақылық әрекеттерінің болғаны мен оның бұған дейін әкімшілік құқық бұзбағанын ескерген" судья Ақмарал Исабаева белсендіні 5 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді.

Белсенді Жанар Секербаева мен адвокат Айман Омарова соттың шешімімен келіспейді, жақын күндері апелляциялық шағым түсірмекші.

Сот Секербаеваға бұған дейін 2014 жылғы ақпанда Алматыда өткен теңге девальвациясы мен азық-түліктің қымбаттауына байланысты наразылық акциясына қатысқаны үшін де айыппұл салған. Белсенді 2015 жылы Варшавада өткен ЕҚЫҰ конференциясында Қазақстанда ЛГБТК қауымдастығы өкілдерінің "құқықтары жиі бұзылатыны" туралы мәлімдеме жасаған. Секербаева Қазақстанда әлімжеттік көретін әйелдердің мәселесін көтеруші ретінде де танылған.

Көре отырыңыз: Әлімжеттік көретін әйелдер азайған жоқ

Әлімжеттік көретін әйел саны азайған жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:08 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG