Accessibility links

Денсаулық министрі: Pfizer вакцинасы екінші жартыжылдықтан ерте келмейді


 Медицина қызметкері коронавирусқа қарсы Pfizer/BioNTech вакцинасын салуға әзірленіп жатыр. Вентспилс ауруханасы, Латвия. 28 желтоқсан, 2020 жыл.
Медицина қызметкері коронавирусқа қарсы Pfizer/BioNTech вакцинасын салуға әзірленіп жатыр. Вентспилс ауруханасы, Латвия. 28 желтоқсан, 2020 жыл.

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Pfizer/BioNTech компаниялары жасаған коронавирусқа қарсы вакцинаны сатып алу шарттарының жай-жапсарын айтты. Оның болжауынша, бұл вакцина Қазақстанға 2021 жылдың екінші жартысында келуі мүмкін.

– Жаңа жылдың қарсаңында Pfizer компаниясымен соңғы келіссөздер болды. Біз бұл вакцинаны жеткізу мүмкіндіктерін талқыладық. Бағасы бойынша айтар болсақ: мәліметтердің құпиялығы туралы келісімге қол қойғанбыз, сондықтан, бұл ақпаратты жариялай алмаймыз. Жалпы бұл вакцина Қазақстанға екінші жартыжылдықтан ерте келе қоймайды. Бұл вакцинаны Қазақстан алып үлгеруі үшін мүмкіндігінше жылдамдатуды сұрадық. Әзірге 2021 жылдың екінші жартысынан ерте жібере алмаймыз деп отыр,– деді Алексей Цой 3 қаңтардағы брифингте.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі вакцинаны Қазақстанда тіркеп, "қауіпсіздігі мен тиімділігін тексеру үшін" құжаттарын және вакцина құны бойынша мәліметтерді сұратқан. Цойдың айтуынша, Pfizer бұл ақпаратты жыл басында беруге уәде еткен.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Pfizer және BioNTech компаниялары шығарған вакцинаны коронавирусқа қарсы пайдалануға рұқсат бергені туралы 1 қаңтарда белгілі болды. Бұл дәрі қауіпсіздік пен тиімділік талаптарына жауап береді, оны қолданудың пайдасы қаупінен жоғарырақ деді ДДСҰ.

Қарашада Pfizer компаниясы өндіретін вакцина көлемін 1,3 миллиард дозаға дейін арттыратынын хабарлады.

Ал Қазақстан денсаулық министрлігі 3 қаңтарда "нарықтағы вакциналардың барлығы бірдей қолжетімді болмай тұрғандықтан", қазақстандық және ресейлік вакциналарды өткізудің нақты мерзімдері жасалғанын айтқан. Өткен аптада денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда шығарылған Covid-ке қарсы вакцина тиімділігі 96 пайыз болды деп хабарлаған.

– Тиімділік [сынақтың] әр кезеңінде бағаланады. Екі сынақ кезеңіндегі тиімділік 96 пайыз болды. Үшінші кезеңде бұл көрсеткіш сәл төмен болатын шығар, дегенмен мұның өзі – өте жоғары шама. Қазақстан вакцинасынан үмітіміз өте көп, ол қазір ең озық екпелердің қатарында және үшінші кезеңнен өтіп жатқан 12 вакцинаның бірі, – деді Алексей Цой.

Оның айтуынша, "Совет одағында биоқауіпсіздікті зерттеу бойынша алдыңғы орындардың бірінде" болған институттың және "ондаған жылдар бойы жұмыс істеп жатқан ғылым докторларының" арқасында Қазақстан вакцинасы үздік көрсеткішке жетті.

Қазір Батыста ең әйгілі үш вакцина бар. Олар –Pfizer/BioNTech компанияларының, Moderna компаниясының және оксфордтық AstraZeneca-ның екпелері. Клиникалық зерттеудің соңғы кезеңдерінде

Pfizer/BioNTech пен Moderna вакциналары 90 пайыздан жоғары тиімділік көрсеткен. AstraZeneca соңғы сынақта 70 пайыз тиімді болып шыққан. Қытайлық Sinopharm компаниясы шығарған және бір вакцина 79 пайыз тиімді болған.

Ресей – коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын алғаш мақұлдаған ел, бірақ халықаралық ғылыми қауымдастық оны тіркеу механизмінің ашық еместігіне назар аударды. Соған қарамастан, 2020 жылғы қарашада Кремльдің баспасөз қызметі Қазақстан мен Ресей басшылары Covid-ке қарсы вакцинаны бірлесіп өндіру мәселесін талқылағанын хабарлады. Кейін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Ресей вакцинасы Қарағандыда шығарылатынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG