Accessibility links

"Жібек жолы" шекара бекетінде екі мыңға жуық өзбек пен тәжік мигранты Өзбекстанға өте алмай тұр


"Жібек жолы" шекара бекетіндегі автовокзалда жүздеген өзбек пен тәжік мигранты жиналып тұр. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, 3 шілде 2020 жыл.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Өзбекстанмен шекарадағы "Жібек жолы" бекеті жанындағы автостанцияға жиналған екі мыңға жуық өзбек пен тәжік мигранттары коронавирус карантиніне байланысты жабылған шекарадан өте алмай тұр. Бұл туралы 3 шілде күні автостанцияға барған Азаттық тілшісі хабарлады.

Мигранттардың кейбірі бір аптадан бері Өзбекстан билігінің шекарадан өткізуге рұқсат беруін күтіп осы автостанциядан кете алмай отырғанын айтады.

"Күндіз аптап ыстық, түнде салқын. Қара жерге қағаз төсеп жатамыз, кісі көп, орын жетпейді, тамақ алуға ақшамыз жоқ", - деп шағынады мигранттар.

Көбі – ер азаматтар, арасында жас та, кәрі де бар. Олар Қазақстанда жалданып әртүрлі жұмыс істегенін, карантинге байланысты жұмыс тоқтаған соң еліне қайтып бара жатқанын айтады.

Коронавирус індетіне байланысты карантин жарияланған автостанция аумағында санитарлық талаптар сақталып жатқан жоқ, иін тірескен көп адамның арасынан сығылысып әзер өтесіз. Кейбіреулер жерге отырып, құр қарбыз бен нан жеп отыр. Ми қайнаған ыстықта адамдар күннің көзінен қашып көлеңкелі жер табуға тырысады. Азаттық тілшісі бір өзбек азаматының әлсіреп, құлап қалғанын көрді. Жанындағы жұрт оған жәрдем көрсетіп жатты.

Қазақстандық оннан астам полиция қызметкері автостанция аумағындағы тәртіпті сырттай бақылап тұр. Автостанцияның бір шетінде төрт үлкен шатыр тігілген, оларда Тәжікстан азаматтары орналасыпты. Осы маңда жүрген Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігінің өкілі Азаттық тілшісіне комментарий беруден бас тартты.

Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің қызметкері Бахтиор Камалов өзбек азаматтарының шекарада бөгелуін ол жаққа Қазақстаннан "осыған дейін өткен адамдардың карантин аймағынан әлі толық шығып үлгере алмай жатқанымен" түсіндірді.

Камалов қазір "Жібек жолы" бекетінде 1500-ге жуық өзбек азаматы күтіп отырғанын, Өзбекстан оларды "күн соңына дейін өткізіп алатынын" айтты.

Қазақстан шекара қызметінің аты-жөнін атаудан бас тартқан өкілдері Азаттыққа мигранттарды арғы бетке адамдарды көрші елдің айтуымен өткізіп отырғандарын айтты. "Қазақстан бұларды ұстап отырған жоқ. Өзбекстан өз шекарасынан қанша адамды өткіз дейді, соншасын өткіземіз. Күніне кейде 300, кейде 500 адам өтеді. Бүгін таңертеңнен бері 300-дей адам өтті", - деді олар.

19 маусым күні Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҚҰ) АҚШ, Норвегия және ЮНИСЕФ ұйымының қаржылай қолдауымен Тәжікстанның 635 азаматын 14 автобуспен Отанына жеткізуге көмектескен. Бұл шара Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстан үкіметтерінің келісімімен іске асырылды. ХКҚҰ мәліметі бойынша, Тәжікстанға оралғандардың 25 пайыздан астамы 15 пен 24 жас аралығындағы жастар, арасында Қазақстанда оқу орындарында білім алып жүрген жүзге жуық қыз бен жігіт бар. Отанына оралғандардың 15 пайызға жуығы – әйелдер мен қыз балалар. Олармен бірге бірнеше апта бойы "Жібек жолы" шекара бекеті маңындағы автостанцияда ашық аспан астында жатқан тәжік азаматтары да еліне оралған.

Наурыз айының соңында ресми Ташкент коронавирус пандемиясына байланысты шекараны жапқан соң көрші елдердің азаматтарына Өзбекстан арқылы өтуге рұқсат беруді тоқтатқан. Осыдан соң Қазақстанда жұмыс істеп жүрген жүздеген тәжік азаматы еліне өте алмай, "Жібек жолы" шекара бекеті маңындағы автостанцияда қалып қойған еді.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG