Accessibility links

Қазақстан коррупция жайлаған елдер қатарында қалды


Көрнекі сурет.

Transparency International (TI) халықаралық ұйымының 2018 жылға арналған Жемқорлық индексінде алдыңғы жылмен салыстырғанда екі орынға төмендеген Қазақстан қазір 124-орында тұр.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕҢГЕЙІН БАҒАЛАУ ТІЗІМІ

Transparency International (TI) халықаралық ұйымы жыл сайынғы жемқорлық индексін жариялады. Ұйым есебінде 2018 жылы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің "мемлекеттік және қоғамдық салаларда сыбайлас жемқорлық деңгейін азайтуда ілгері баспай, аймақта демократияға қауіп төндіргені" айтылған.

2017 жылы жемқорлық индексінде 31 балмен 131-орында тұрған Қазақстан 2018 жылы дәл сондай 31 балмен екі саты төмендеп, Джибути, Габон, Мальдив және Непалмен қатарласқан. Қазақстан 2016 жылы жемқорлық индексінде 123-орында болған еді.

Жемқорлық индексіндегі Қазақстанның орны. Transparency International ұйымы сайтындағы картадан скирншот.
Жемқорлық индексіндегі Қазақстанның орны. Transparency International ұйымы сайтындағы картадан скирншот.

​Transparency Kazakhstan ұйымының атқарушы директоры Ольга Шиянның сөзінше, TI есебінде Қазақстан қаржы министрлігі құрылымын коррупция жайлағанын, ал ішкі істер министрлігі өзіне жүктелген қызмет міндетін атқаруға "дәрменсіз" органға айналғанын атап көрсеткен. Ольга Шиян Қазақстанның биыл да 31 балл алуы "оң үрдіс" екенін және "еуропалық зерттеу институттары коррупцияға қарсы қабылданған шараларға баға бергенін" айтады.

Әлем бойынша талдау жасаған ұйым есебіндегі 180 елдің үштен екісінен көбі 2018 жылы жемқорлықпен күресте ең жоғарғы 100 балдың жартысын да жинай алмаған. Балл неғұрлым аз болса, мемлекеттің жемқорлық индексіндегі орны да төмендей береді.

Бұрын Совет одағы құрамында болған елдерден Эстония 18-орында, Литва – 38-орында, Грузия мен Латвия - 58-орында, ал Беларусь 70-орында аталған. Орталық Азия елдері арасында жемқорлық индексінде Түркіменстан - 161, Өзбекстан - 158, Тәжікстан - 152, ал Қырғызстан 132-орында тұр. Ресей былтырғымен салыстырғанда үш саты төмендеп, 138-орынға түскен.

"ДЕМОКРАТИЯСЫ ӘЛСІЗ ҚОҒАМДА КОРРУПЦИЯ ӨРШИДІ"

Берлинде орналасқан Transparency International ұйымы Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері мемлекеттік сектордағы коррупцияны азайтуға қол жеткізе алмай отырғанын айтады.

Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің орташа балы - 35. Ұйым "коррупция деңгейі ең төмен" деп бағалаған елдерді Дания (88 балл) мен Жаңа Зеландия (87 балл) бастап тұр, олардан кейін Финляндия, Сингапур және Швеция (85 балл) орналасқан. Бұдан төменіректе орташа көрсеткіші 32 балды құраған Африка елдері бар. 16 балл жинаған Ауғанстан тізімде 172-орында, Пәкістан – 177-орында (33 балмен) тұр. Ал Сомали, Судан мен Оңтүстік Судан тізім соңында қалып қойған.

TI есебінде "іс жүзінде [Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның] барлық елдері 100 балдан 45 немесе одан да аз балл алды, коррупциямен күресте болмашы ғана прогресс бар. Саяси ерік-жігері жоқ, азаматтық институттары әлсіз және саяси бостандықтар шектелген қоғамда жемқорлықтың әлсіз қарсылыққа бой бермей, дендей береді" делінген.

Бұған қоса зерттеуде көптеген елдердің коррупцияға қарсы күресте дәрменсіздік танытуы күллі әлемде "демократия дағдарысына" әсер етіп отырғаны айтылған.

Жемқорлықпен күрес туралы жиынға қатысушылар. Астана, 24 қазан 2017 жыл.
Жемқорлықпен күрес туралы жиынға қатысушылар. Астана, 24 қазан 2017 жыл.

​"Қазіргі кезде Ресейден бастап Әзербайжанға дейін, Украинадан бастап Өзбекстанға дейін көптеген елдерде көбіне авторитарлық басқару кесірінен демократиялық институттар мен нормаларға қатер төніп тұр. Демократиясы әлсіз қоғамда коррупция өршиді. Мемлекеттік сектордағы коррупциямен күресте саяси ерік-жігердің жоқтығы азаматтардың саяси құқықтарын бұзады, соның кесірінен адамдар кейін әсері қалай болады деп алаңдап, ой-пікірін ашық білдіре алмайды, шеру өткізу және бірігу бостандықтарын пайдалана алмайды" делінген ұйым есебінде.

Билікте отырғандар демократияландыру мен тәуелсіз институттарды нығайтуға шынайы құлық танытпайтын бұл елдерді коррупция тығырыққа тірейді деп санайды зерттеу авторлары. Постсоветтік елдердің көбінде аса ықпалды тұлғалар мен топтарға үкіметтің шешіміне әсер етуіне мүмкіндік бермейтін теңгерім жүйесінің жоқтығынан оларда лобби жасаудың заңсыз әдіс-амалдары қолданылады, ал мүдделер қақтығысы жасырын күйінде қалады. Ықпалды тұлғалар мен топтар мемлекеттік деңгейде шешімдер қабылдауды бақылауына алып, сот әділеттігін айналып өтуге коррупцияны пайдаланады. Үкімет саяси коррупциямен күреске басымдық беретінін мәлімдегенімен, оны іске асыратын қадамдарға бармайды деп жазады Transparency International.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG