Accessibility links

Қырғызстанның бұрынғы президентін жауапқа тарта ма?


Азаттық коллажы.

Қырғызстан парламентінің бірқатар депутаттары елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың әрекеті мен мәлімдемесіне баға беруді талап етті.

Қырғызстан парламентінің депутаттары елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың маусымның 8-і күні наразылық кезінде айтқандарына байланысты жауап берді. Олар Атамбаевтың өзін билікті тартып алмақ болды деп айыптап, жемқорлыққа қатысы барын айтты.

Парламенттің өзге депутаттары Атамбаевты сынаған депутаттардың кезінде бұрынғы президентті мақтап-мадақтап, мәселелерге үнсіз қалғанын еске салып, "екіжүзділігін" айыптады.

ДЕПУТАТТАР ЕСКЕРТУІ

Қырғызстан парламентінде Атамбаевқа байланысты "Қырғызстан" фракциясының жетекшісі Канатбек Исаев бірінші болып сөйледі. Ол Атамбаев басқарып тұрған кезде Бішкек ТЭЦ-ін жаңарту, Солтүстік-Оңтүстік трассасына балама жол салу, "Датка-Кемин" кішігірім станциясының құрылыс жобасына байланысты заң бұзылғанын алға тартты.

Елдің бұрынғы президентін жауапкершілікке тарту қажеттігін айтқан депутат Атамбаев кезінде мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (мұқк), ішкі істер министрлігі және өзге де құрылымдарға кәсіпқой, білімді мамандар емес, президент айналасындағы жақын адамдар тағайындалғанын айтты.

Канатбек Исаев.
Канатбек Исаев.

- Атамбаев басқарған кезде жемқорлық, билікті тартып алу талпыныстары көп байқалды. Ол сонымен бірге атқару билігінің жұмысына араласты. Өзінің пікірімен келіспегендердің үстінен қылмыстық іс қозғап, түрмеге отырғызды. Алмамбет Шыкмаматов, Талант Мамытов, Омурбек Текебаев, Садыр Жапаров, Камчыбек Ташиев, Аида Салянова, Ахматбек Келдибеков, Нариман Тулеев - бәрі істі болды. Осылайша не айтса, соны орындайтындай Жогорку Кенеш, премьер-министр мен үкіметті уысында ұстағысы келді. Құдайға шүкір, бұл мақсаты орындалмады. Егер бас прокуратура, қаржы полициясы, ішкі істер министрлігі тиісті міндетін атқармаса, Жогорку Кенеші істі өзі қолға алып, бұрынғы президент Атамбаев қызметіне баға беруі тиіс, - деді ол.

Канатбек Исаев елде қылмыстық топ арасында танымал адам Азиз Батукаевты босату операциясына да бұрынғы президенттің жетекшілік еткенін айтты. Ол Атамбаевтың президент болып тұрған кезде "көп қаржы жиып алғанын" да жеткізді. Депутат Атамбаев кезінде елде сөз бостандығы тұншықтырылып, журналистер экс-президентке миллиондаған қаржы төлеуге міндеттелгенін еске салды.

Исаевтан кейін сөйлеген депутат Талантбек Мамытов та Атамбаев қызметін сынады. Ол егер парламент Алмазбек Атамбаевтың қызметіне баға берсе, онда оны жауапкершілікке тартуға болады деп есептейді.

- Заңдағы тиіспеушілік деген нәрсе барлық президенттердің қорғаны тәрізді болды. Олар егер ұрласа да, жемқорлыққа араласса да немесе ұнатпағандарды қуғындаса да, ешкім өздерін түрмеге отырғыза алмайды деп ойлады. Сол себепті де елде екі төңкеріс болды. Бірақ Жээнбеков бұл сұраққа нүкте қойды. Қазіргі кезде экс-президент те, депутаттар да барлығы заң алдында тең. Алмазбек Шаршенұлы, сізді қазір қорғайтын заң жоқ. Кезінде барлығын-дерлік қудаладыңыз, ойыңызға келгеніңізді жасадыңыз, енді кезек сізге де келді, - деді Мамытов.

Талантбек Мамытов.
Талантбек Мамытов.

12 маусымда өткен Жогорку Кенеш отырысында Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) фракциясының жетекшісі Иса Омуркулов "ықпалынан айрылған Атамбаев өз пікірін өзгелерге таңғысы келеді" десе, "Бир Бол" фракциясының жетекшісі Алтынбек Сулайманов "Атамбаев елде үшінші революция жасауға дайындалып жатыр" деді.

"Ата Мекен" фракциясының жетекшісі Алмамбет Шыкмаматов бұл пікірлердің бәрін кезінде түрмеде отырған Омурбек Текебаевтың да айтқанын жеткізді. Ол Омуркуловтың кезінде Атамбаевты "ұлт атасы" деп атағанын еске салып, оны екіжүзділігі үшін айыптады. Бұл сынға жауап берген Омуркулов кезінде "Шыкмаматов пен Текебаев та Атамбаевты қос қолдап қолдады" деді.

Атамбаевты сынаған парламент спикері Дастан Жумабеков экс-президент соңғы уақытта жиі айыптап жүрген мемлекеттік кеден қызметі жетекшісінің бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың Атамбаев тұсында жиі мерекелік шаралар ұйымдастырғанын атап өтті.

Парламент спикері Матраимовтың арқасында елдің бұрынғы басшысы және ҚСДП Кара-Су ауданында көп дауысқа ие болғанын еске салды.

Алайда бұдан соң ҚСДП атынан сөз сөйлеген депутат Ирина Карамушкина бұл депутаттардың барлығының не себепті кезінде үнсіз қалғанына "таңданды".

Ирина Карамушкина.
Ирина Карамушкина.

- Атамбаевтың тиіспеушілігін қорғайтын заң жоқ. Бірақ халық бар. Олардың бәрін бақылап отырғанына күмәнім жоқ. Атамбаевтан да үздік болыңдар, оған неге жабысып қалдыңыздар? Оны саясаттан мүлде кетіргілеріңіз келеді. Себебі барлықтарыңыз оның принципшілдігінен қорқасыздар. Бұл - оның "Медиа форумда" айтқандарына реакция. Оны өзін және партиясын қорғатуға мәжбүр қылды, - деді ол.

Бұл жиыннан кейін Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының ресми өкілі Кундуз Жолдубаева партия атынан ресми мәлімдеме таратып, Facebook-тағы парақшасында "халық бұрынғы президентті қаматуға жол бермейді" деп жазды.

"АТАМБАЕВ ЕЛДЕН КЕТЕДІ НЕ ЖЭЭНБЕКОВТІ КЕТІРЕДІ"

Елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев маусымның 8-і күні Бішкектегі "Медиа форум" ғимараты алдында митинг өткізіп, қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтің саясатын сынаған еді. Ол бұған қоса, Жогорку Кенеш депутаттарын да сынап, егер наразы азаматтардың талаптары орындалмаса, Сооронбай Жээнбеков отставкасын талап етеді деп айтқан. Депуттардың сәрсенбі күнгі мәлімдемесі Атамбаевтың осы айтқанына "жауап" сияқты көрінді.

Саясаттанушы Турат Акимов депутаттардың пікірін жарнама ретінде бағалады.

Турат Акимов.
Турат Акимов.

- Егер олар шын мәнінде Атамбаевты жауапкершілікке тартқысы келсе, олар баяғыда-ақ бас прокурорды шақырып, тапсырма беретін еді. Бірақ олар "ауызбен орақ орады". Ал Алмазбек Атамбаев билікте болған кезде ешқайсысы тіпті түшкіре де алмады. Ол кетіп еді, бәрі кенет оянғандай болды. Сооронбай Жээнбеков кеткен кезде оны да сынайды. Бірақ егер шынайы бағаласақ, онда қазір саяси аренада оппозиция күш ретінде Атамбаев қана қалды. Одан бөлек ешкім президентті сынай алмайды, - дейді ол.

Жогорку Кенешінде Алмазбек Атамбаевтың тиіспеушілік мәртебесінен айыру бойынша депутататтық комиссия құрылған. Егер комиссия қорытындысын депутаттардың үштен екісі қолдаса, онда бұл шешімді бас прокуратураға жібереді.

Маусымның 8-і күні митингі кезінде Алмазбек Атамбаев кейбір шенеуніктер Аида Салянова және Шамиль Атахановты Батукаев ісі бойынша өзіне қарсы куәлік бергізу үшін әдейі ұстағанын айтқан.

Азаматтық белсенді Гулжигит Исаков егер экономикаға теріс әсері болмаса, онда мұндай саяси текетірестердің жалғасып жатқаны қалыпты нәрсе деп есептейді.

Гулжигит Исаков.
Гулжигит Исаков.

- Менің ойымша, қазіргі билік бұрынғы президентті қамап, соттай алмайды. Олар тек оның елден кетуіне алғышарт жасап жатыр. Билікке оның елден кеткені жақсы. Сол себепті оның жақтастарын түрмеге тоғытып жатыр. Оны осындай шешім қабылдауға мәжбүрлеп жатыр. Жоғары жақтың "тапсырмасымен" парламент те бұрынғы президентке қарсы шығып жатыр. Бірақ Атамбаев алған бетінен қайтпайды, ол кетпейді. Бірақ басқа қырынан алсақ, екі ірі саясаткер Атамбаев пен Жээнбековтің текетіресі, егер оның экономикаға теріс әсері болмаса, ел үшін жақсы. Себебі екі тарап арасындағы ақпараттық соғыс кезінде біз әрқайсысының кемшіліктерін білеміз, көп фактілер ашылады. Бірақ соңғы мәлімдемесінде Атамбаев қазіргі билікке ультиматум қойғандай көрінді. Және ол жайдан-жай болған жоқ, күзге қарай ауқымы ұлғаюы мүмкін. Ақырында тіпті билік ауысуы мүмкін, - дейді ол.

Қырғызстан парламентінде саяси көпшілік болып отырған Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы бір жылға созылған ырың-жырыңнан соң көктемде екіге ажырап тынды. Бірінің басында - қазіргі президент Сооронбай Жээнбеков, екіншісінің басында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев тұр.

Басында кикілжіңге Бішкек ТЭЦ-ін жаңарту жобасы себеп болды деп айтылса, кейіннен мемлекеттік кеден қызметі төрағасының орынбасары Райымбек Матраимовтың қызметтен кетуі түрткі болғаны айтылды.

Қарай отырыңыз: Алмазбек Атамбаевтың 8 маусым күнгі митингте айтқаны:

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG