Accessibility links

Жаңаөзен белсендісі Мақсат Досмағамбетов өмірден өтті


Мақсат Досмағамбетов қызымен бірге үйінде отыр. Жаңаөзен қаласы, 30 қыркүйек 2017 жыл.
Мақсат Досмағамбетов қызымен бірге үйінде отыр. Жаңаөзен қаласы, 30 қыркүйек 2017 жыл.

Жаңаөзен оқиғасына қатысты алты жылға сотталып, жазасын өтеп шыққан ереуілшілер белсендісі Мақсат Досмағамбетов 36 жасқа қараған шағында ауруханада көз жұмды.

Мақсат Досмағамбетов қыркүйектің 29-ы күні таңда Ақтаудағы Маңғыстау облыстық ауруханасының онкологиялық бөлімінде қайтыс болған. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Досмағамбетовтың анасы Оңайгүл Досмағамбетова хабарлаған. Марқұмның артында отбасы, екі ұлы, бір қызы қалды.

Мақсат Досмағамбетов бет сүйегінің қатерлі ісігі диагнозымен Маңғыстау облыстық ауруханасының онкологиялық бөлімінде жатқан. Қыркүйектің 28-і күні белсендінің жағдайы күрт нашарлап, осы аурухананың жансақтау бөліміне түскен.

Мақсат Досмағамбетовтың Азаттық тілшісіне берген хаты. Ақтау, 28 қыркүйек 2018 жыл.
Мақсат Досмағамбетовтың Азаттық тілшісіне берген хаты. Ақтау, 28 қыркүйек 2018 жыл.

Қыркүйектің 28-і күні ауруханада жатқан Мақсат Досмағамбетов сөйлеуге шамасы келмей, Азаттық тілшісіне сөзін қағазға жазып берген. Онда ол: “Жағдай мәз емес, екі күн болды қан тоқтамай жатыр. Дәрігерлер қолымыздан келгенін істеп жатырмыз дейді. Бірақ маған олай емес сияқты. Олар мені біресе реанимацияға, біресе палатаға жіберіп жатыр” деп жазған.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, дәрігерлер Мақсат Досмағамбетовтің ісігі асқынып кеткенін, ем қонбайтынын, жақын күндері ауруханадан шығаратындарын жеткізген.

Аурухана дәрігері Меңсұлу Исмаилова Мақсат Досмағамбетов ауруханада жатқан кезде: “Науқастың ісігі асқынып кеткен. Қан құйса да, көмектеспей жатыр. Жүрегі жақсы болған соң өмір сүріп жатыр” деген.

Мақсат Досмағамбетовті ауруханадан шығарады дегенді естіген бірнеше мұнайшы Жаңаөзеннен Ақтауға келген. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, олар дәрігерлерден науқасты емдеуді талап еткен. Азаттық тілшісі Мақсат Досмағамбетов жатқан Маңғыстау облыстық ауруханасына полиция келгенін көрген.

Мақсат Досмағамбетовтың әріптесі болған Сейсен Әспентаев аурухана келген полицияның жанында тұр. Ақтау, 28 қыркүйек 2018 жыл.
Мақсат Досмағамбетовтың әріптесі болған Сейсен Әспентаев аурухана келген полицияның жанында тұр. Ақтау, 28 қыркүйек 2018 жыл.

Мақсат Досмағамбетов 2012 жылы Жаңаөзенде "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы" деп танылып, алты жылға сотталған. Қазақстан сотының барлық апелляциялық инстанциялары оның жазасын жеңілдетуден де, істі қайта қараудан да бас тартқан.

2012 жылғы Ақтаудағы сотта Мақсат Досмағамбетов ең алғаш рет түрмедегі азаптау туралы ашық мәлімдеме жасап, оның тергелуін талап етті. Оның арызынан соң қамаудағы 21 мұнайшы сотқа азаптау туралы шағым түсірді. Сот сараптамасы оның қабырғасының, бет жақ сүйегінің сынғанын анықтаған.

Мақсат Досмағамбетовтың анасы Онайгүл Досмағамбетова мен мұнайшылардың бірі Сейсен Әспентаев ауруханада отыр. Ақтау, 28 қыркүйек 2018 жыл.
Мақсат Досмағамбетовтың анасы Онайгүл Досмағамбетова мен мұнайшылардың бірі Сейсен Әспентаев ауруханада отыр. Ақтау, 28 қыркүйек 2018 жыл.

Кейін белсендіге бет жақ қатерлі ісігі деген диагноз қойылған. Мақсат Досмағамбетов бет сүйегіндегі онкологиялық аурудың негізгі себебін өзінің Жаңаөзен прокуратурасы мен уақытша қамау абақтысындағы тергеуде азапталғанынан көреді. "Жаңаөзен ісі" бойынша сотта ол өзінің тергеу кезінде азапталғанын айтқан. Бірақ сот ол кезде Досмағамбетов пен басқа да сотталушылардың азаптауға қатысты шағымдарын "бос сөз" деп қабылдамай қойған.

Мақсат Досмағамбетов

Мақсат Досмағамбетов 1982 жылы 1 қарашада Жаңаөзен қаласында дүниеге келген.

2001-2005 жылы Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің мұнай және газ факультетін тамамдаған.

2004 жылдан бері «Өзенмұнайгаз» компаниясында бұрғыларға жер асты жөндеу жұмыстарын жүргізу операторы болып еңбек етті.

2011 жылы Жаңаөзен қаласындағы орталық алаңдағы жеті айға созылған ереуілге қатысқаны үшін жұмыстан шығарылған.

Досмағамбетов бірнеше рет Алматыдағы онкологиялық орталықта емделген. Сеулдегі (Оңтүстік Корея) ауруханалардың біріне барып қаралған. Шетелде емдеу шығынын Мақсат Досмағамбетов өзі жұмыс істеген “Өзенмұнайгаз” компаниясының мұнайшылары жинап берген.

2015 жылы ақпанның 5-інде Мақсат Досмағамбетов шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. 2017 жылы желтоқсанның 19-ында ол жазасын толық өтеп, үйіне оралған.

Мақсат Досмағамбетовтың інісі Қайрат Досмағамбетов 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасында жамбасына оқ тиіп, жараланған. Ол аяғына 19 рет операция жасатқан.

2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзен оқиғасы кезінде ресми мәлімет бойынша 16 адам қаза тауып, ондаған адам жараланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG