Accessibility links

Жұмысшылар жалақы азайтуға наразы


Techno Trading экономисінің уәжі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:12 0:00

Techno Trading экономисінің уәжі

«МаңғыстауМұнайГаздың» мердігері Тechno Trading LTD жұмысшылары «тоқсандық сыйақыны бермей отырған» директордың қызметтен кетуін талап етті. Компания заңгері мәселені комиссия құрып шешуді ұсынды.

Наурыздың 4-і күні Techno Trading LTD компаниясының 200-ге тарта жұмысшысы Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылындағы асхана маңы мен Жетібай кенішіндегі жұмыс орнына жиналды. Олар түскі ас ішуден бас тартып, 2015 жылы ала алмаған тоқсандық сыйақыларын беруді және өздері «жұмысшыларға қысым көрсетіп отыр» деп шағымданған компания басшысы Әділ Ниязовтың қызметтен кетуін талап етті.

Компания кәсіподағы төрағасының орынбасары Қуан Сапарбаевтың Азаттыққа айтуынша, мекемедегі мәселе күннен күнге ушығып бара жатқан соң жұмысшылар осылай жиналуға мәжбүр болған.

Наразылыққа жұмыс уақыты емес, түскі асқа берілген үзіліс кезінде шығып отырғанын ескерткен жұмысшылар сол жерге келген компания заңгері мен экономисін де ашық әңгімеге шақырды. Әр жерден дауыстап айқайлаған жұмысшылар «әділетсіздікке жол берді, жалақы талап еткендерді жұмыстан шығарды» деп компания директоры Әділ Ниязовтың атына сын айтты. «Ниязов жұмыстан кетсін!», «Тоқсандық сыйақыларымыз берілсін!» деп айғайлады олар.

- Сыйақы сұрасақ «мұнай бағасы түсіп кетті, объем жоқ» дейді. Ал біз қызмет көрсететін «МаңғыстауМұнайГаз» қызмет тарифтерін көтерді. Бірақ ол есепке алынбайды. Неге? - дейді Абай Қалиев.

Оның сөзін қоштаған жұмысшылар ауысымның қысқарып, жалақыларының да азайып бара жатқанын айтты. Тағы бір жұмысшы Кенжебек Ержановтың айтуынша, 2015 жылы жалақы талап етіп, митингіге қатысқаны үшін жұмыстан шығарылған жұмысшылардың отбасыларының жағдайы мүлдем қиын.

Ұжымдық келісім-шартта тоқсандық сыйақы, әлеуметтік пакеттердің берілетіні айтылған. Бірақ ол неге орындалмайды?

- Электрик Жолдас Көкімбай митингіге қатыспаса да, қатысты делініп жұмыстан шығарылды. Бес баласын асырай алмай, әйелімен ажырасудың аз алдында. Жуырда әкесі қайтыс болды, - деді ол жұмыссыз қалған бұрынғы әріптесін көрсетіп.

Жұмысшылар белсендісі Абай Қалиев жиналғандар арасында тұрған компания заңгері Раушан Ахметовадан «Заңгерсіз ғой, біздікі дұрыс па, әлде заңсыз ба?» деп сұрады. Оған жауап берген заңгердің сөзінше, бұл мәселені «комиссия құрып, кәсіподақпен кездесіп шешу керек».

Заңгердің бұл жауабына наразылар қанағаттана қоймады. Жұмысшы Нұрлан Бүркітов 2012 жылы жасалған ұжымдық келісім-шарт талаптарының орындалмай отырғанын айтты.

- Ұжымдық келісім-шартта тоқсандық сыйақы, әлеуметтік пакеттердің берілетіні айтылған. Бірақ ол неге орындалмайды? - деп сұрады ол.

Раушан Ахметованың айтуынша, «сыйақы – ұжымдық шартпен орындалатын міндет емес».

- Барлық проблеманы сыртқа шығармай-ақ шешуге болар еді, - деді заңгер.

Алайда оған дауыс көтеріп наразылық білдірген жұмысшылар «мәселе іште шешілмеген соң жиналғандарын» айтты.

Жұмысшылармен кездесуге келген компания экономисі Александр Ким:

- Жалақы мен сыйақы туралы үнемі бір сұрақты қоясыздар, оған менің де жауабым біреу – табыс болмағандықтан сыйақы да жоқ, басқаша жауап бере алмаймын, - деді.

Наразы мұнай жұмысшылары талабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:42 0:00

Бұл сөз жұмысшылардың наразылығын күшейтіп, олар сыйақының не себепті төленбейтінін түсіндіруді талап етті. Алайда Александр Ким «өзінің функционалдық міндетіне байланысты тек айтуға болатын затты ғана айта алатынын» мәлімдеді. Оған қанағттанбаған жұмысшылар түскі үзіліс мерзімі біткен соң жұмыс орындарына қайтып баруға мәжбүр болды. Олар компания өкілдеріне талаптарын орындауға бір жұма мұрсат беретіндерін, егер ешқандай шешім қабылданбаса, аштық жариялайтындарын ескертті.

Азаттық тілшісі Techno Trading LTD компанияның кеңсесіне барғанымен директор Әділ Ниязовпен сөйлесе алмады.

- «Ешкімді кіргізбесін» деді, - деп жауап берді кеңсеге қоңырау шалған қақпа алдындағы компания күзетшісі.

Асхана алдындағы жұмысшылар наразылығына қатысуға Techno Trading LTD компаниясының геофизикалық жұмыстарды басқару, мұнай құрал-жабдықтарын жөндеу, электр жабдықтарын жөндеу, сору-компрессорлық құбырларды жөндеу цехтарының жұмысшылары келген. Жетібай кенішінде жұмыс істеп жатқан сору-компрессорлық құбырларды жөндеу цехының жұмысшылары да дәл осылай наразылық білдірген.

Бұл – Techno Trading LTD компаниясы жұмысшыларының алғашқы наразылығы емес. Былтыр да жұмысшылар бірнеше мәрте митинг өткізіп, жұмыс орындарын қысқартпауды, әлеуметтік төлемдер мен тоқсандық сыйақыларын тұрақты төлеуді, жалақыны көбейтуді, наразылық шарасынан кейінгі қысымды тоқтатуды талап еткен болатын. Іле-шала алты жұмысшы – Эрик Мифтахов, Марат Кеммекиев, Ерсайын Түйешиев, Айболат Өтесінов, Жолдас Көкімбай, Мырзабек Изенов «себепсіз жұмыста болмады» деген айыппен жұмыстан босатылған еді. Олардың жұмыс берушіні сотқа берген шағымын қараған Мұнайлы аудандық соты компания басшылығының бұйрығын қуаттап шешім шығарған.

Techno Trading LTD компаниясының Маңғыстаудағы филиалы «МаңғыстауМұнайГаздың» Қаламқас пен Жетібай кеніштеріндегі мұнай жабдықтарын жөндеумен айналысады. Компанияға қарасты алты цехта 700-дей жұмысшы еңбек етеді.

XS
SM
MD
LG