Accessibility links

Мәскеудің "қазақ ұлтшылдығымен" күресінің астарында не жатыр? Тоқаев Назарбаевтың жолын жалғастырып жатыр ма?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей басшысы Владимир Путин және Кремль пропагандистерінің бірі, RT арнасының бас редакторы Маргарита Симоньян. Санкт-Петербург, 17 маусым 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей басшысы Владимир Путин және Кремль пропагандистерінің бірі, RT арнасының бас редакторы Маргарита Симоньян. Санкт-Петербург, 17 маусым 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкиннің елдегі «ұлтшылдық» туралы мәлімдемесінің астарында не жатыр деген сұраққа үңілді. Одан бөлек Назарбаев пен Тоқаевтың ел басқару әдістерін салыстырып, Тоқаевтың экс-президент салып кеткен соқпақпен келе жатқанын талдады. Сондай-ақ қазақ ұлттық тағамдарындағы тұздың шамадан артық мөлшері инсульт қаупін арттыратынын жазды.

РЕСЕЙ ЕЛШІСІНІҢ ДАУЛЫ МӘЛІМДЕМЕСІ КРЕМЛЬДІҢ ПОЗИЦИЯСЫН БІЛДІРЕ МЕ?

Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымындағы мақалада Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкиннің Ресей мемлекеттік ақпарат агенттігінің Қазақстандағы бөлімшесі − Sputnik Kazakhstan сайтына берген сұхбатын талдайды. Бұл сұхбатта Ресей елшісі «Қазақстанда ұлттық тенденциялар анық байқала бастады», президент «кез келген экстремистік я ұлтшылдық әрекетке тойтарыс беретін қатаң шаралар қолдана алады, егер бізге өтініш айтса, көмектесеміз», − деген.

Автор елдегі кей шолушылар Бородавкин Кремльдің позициясын жеткізді деп есептейтініне назар аударады. Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің айтуынша, Ресей бұған дейін Қазақстанға жасалған ақпараттық шабуылдарды бұл журналистердің, депутаттардың жеке пікірі деп ақтап келген. Ал әлгіндей пікірді Ресей елшісі айтып тұрса, бұл – Кремльдің ресми позициясы.

Бородавкиннің мәлімдемесі сынға ұшырап, халықтың наразылығын тудырды. Бірақ Қазақстан тарапынан бұған мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қана реакция білдірді. Ол «сұхбаттың кей тұстары елшінің мәртебесіне сай келмейді, дипломат пропагандистер мен саясаткерлерге қосылмауы керек» деп түйді.

Қарай отырыңыз: "Өз еліндегі жағдайды түзеп алсын!" Депутаттар Ресей елшісінің сөзіне не дейді? (5 желтоқсан 2022 жыл).

"Өз еліндегі жағдайды түзеп алсын!" Депутаттар Ресей елшісінің сөзіне не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:25 0:00

Ал Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында «Бородавкин Қазақстандағы кей ақпарат құралдары оған таңып жатқан сөздерді еш уақытта айтпады» деп ақтап алмақ болды. Лавров мұндай мәлімдемелер елші мен Ресей сыртқы істер министрлігінің ұстанымын көрсетпейді деп қайырды. Көзге ап-анық көрініп тұрған белгілі нәрсені жоққа шығаруға тырысқан соң Лавров екі елдің арасындағы қарым-қатынасты Путин мен Тоқаев қана белгілейді деп кесті.

Автор тап бір елдің ішкі саясатынан кемшілік іздеп, оларды Ресей ақпарат құралдарында әшкере ету үшін жүргендей әсер қалдыратын Ресей елшісінің әрекеті Қазақстандағы сарапшыларды алаңдатады дейді. Бородавкин бұған дейін 7 ақпанда «Независимая газета» басылымына берген сұхбатында қазақ ұлтшылдығын сынап, қазақ билігінің «үңгірдегі ұлтшылдықпен» күресін жоғары бағалаған.

Тәжуітовтің пайымдауынша, елде Ресей идеологтарының қолайына жағатын ахуал қалыптасқан. Қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы ешкім сөз қозғап жатқан жоқ. Астана дәліздеріндегі орыс тілінің жағдайын жазушы Иван Щеголихиннің мына сөздері арқылы сипаттауға болады: «Әлемде жоғары билігі өз қызметін орыс тілінде жүргізетін екі-ақ ел бар. Ол – Ресей және Қазақстан». Бірақ осыған қарамастан Ресейде әлі де «қазақ ұлтшылдығы» туралы сөз қозғайды. Бұл 2021 жылы Қазақстанға жасалған ақпараттық шабуылдарға ұқсас болуы мүмкін. Былтырғы жылдың екінші жартысында Ресей ақпарат құралдары Қазақстанға үздіксіз ақпарат шабуылдарын жасап, ел қазақ ұлтшылдарын қолдап, Батысқа бет бұрған саясатын өзгертпесе, ішкі іске араласамыз деп жасырын қоқан-лоқы көрсетті, бұл науқан 2021 жылдың желтоқсанында шарықтау шегіне жетті.

Енді Ресей елшісінің сөзіне қарағанда, Мәскеу Тоқаевтан ұлтшылдыққа тойтарыс беруге бағытталған қатаң шараларды қолға алуын күтіп отыр. «Кремльдің бұл демаршының астарында шын мәнінде не тұр?» дейді Тәжуітов.

ТОҚАЕВ НАЗАРБАЕВТЫҢ "ЖОЛЫН ЖАЛҒАСТЫРЫП ЖАТЫР"

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Екібастұз қаласын он күн бойы қақаған -30 градус аязда жылусыз қалдыруды жауапсыздық пен салғырттыққа балап, жұмысты атқара алмағандарды қызметтен босатамын деп қорқытқанын жазады.

Мақала авторы, Алматыда тұратын журналист Паоло Сорбелло қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаевтың «ескі режимді» жойып, оны «Жаңа Қазақстанға» алмастыруға уәде еткенін келтіреді. Тоқаев содан бері елді отыз жылға жуық басқарған Назарбаев тұсындағы басқаруды сынаумен келеді. Мысалы, ол бұған дейін алдыңғы билік кезінде «бүкіл байлықты ат төбеліндей адам қолына шоғырландырды» деген.

Жақында өткен үкімет отырысында Тоқаев есептілік жоқ екенін айтты, үкімет қордаланған мәселелер дағдарысқа ұласпайынша оларға назар аудармайтынын жеткізді.

Екібастұздықтар үйлерін тек электр пештермен ғана жылыта алды. Оның өзінде 8 желтоқсан күні қалада төтенше жағдай алынғанға дейін үйлердің көпшілігіне электр қуаты тәулігіне бірнеше сағатқа қана берілетін. Жылу құбырлары қатып, артынша жарылып жатты. Кейбір тұрғын үйлерде кәріз жүйесі істен шықты.

Мамандар жылу желілерін жөндеп жатыр. Екібастұз, Павлодар облысы, 6 желтоқсан 2022 жыл.
Мамандар жылу желілерін жөндеп жатыр. Екібастұз, Павлодар облысы, 6 желтоқсан 2022 жыл.

Паоло Сорбелло Екібастұз оқиғасы энергетикалық ресурстарға бай ел мен тау-кен және қайта өңдеу зауыттары бар аймақты тиімсіз басқарудың арты апатқа әкеп соқтыратынын көрсеткен жарқын мысал болды дейді.

Екібастұз жылу электр станциясы Александр Клебанов пен Сергей Кан иелік ететін Орталық Азия электроэнергетикалық корпорацияға тиесілі. Қазір үкімет бұл корпорацияның Екібастұз жылу электр станциясын мемлекетке 1 теңгеге сату жөніндегі ұсынысын қарастырып жатыр. Тоқаевтың айтуынша, мемлекет тозығы жеткен нысанды басқара ала ма, жоқ па, анықтау керек.

«Тоқаев Қазақстанды модернизациялай алмайтын шенеуніктерді жұмыстан босататынын айтқан кезде оның «Жаңа Қазақстанында» шынайы өзгеріс болады деген үміт үзілді. Бұл ретте Тоқаевтың сөздері Назарбаевтың «кез келгеніңді сотқа жетектеп тапсыра аламын» деген мәлімдемесімен және Совет одағының стилін еске түсіретін сөгіс жариялаған сөздерімен үндес шықты», − дейді Сорбелло.

АҚШ-та шығатын Forbes басылымы да Назарбаев пен Тоқаевтың басқару әдістерін талдайды. Мақала авторы Кеннет Рапозаның жазуынша, Тоқаев Назарбаев салып кеткен соқпақпен жүріп келе жатыр.

«Қазақстан бұрыннан Батыс, Қытай мен Ресейдің арасын баланстап, тең ұстап отырды, бұл болашақта өзгермейтінін көріп отырмыз», − дейді East Capital менеджері Дэвид Николлс.

Қазіргі Қазақстандағы саяси реформалар Назарбаев тұсында жасалды. Экс-президент 1992 жылы Қазақстан ядролық қарудан бас тартатынын мәлімдеді. Елге шетелдік инвестицицияларды тартты.

Дегенмен Қазақстанда бәрі бірдей экс-президенттің қызу қолдаушылары емес. Автордың пайымдауынша, бизнес қазіргі және бұрынғы жетекшілердің арасынан айтарлықтай үлкен айырма көріп тұрған жоқ. Оларға экономикалық реформалар, Қазақстанға аймақтағылардың құрметпен қарайтыны ұнайды. Бірақ олар ел жемқорлық пен сыбайластыққа белшеден батты деп есептейді.

Автордың талдауынша, Тоқаев билік пен байлықты қайта бөлуге күш салды. Енді жаңа элиталарды жасақтап, шағын және орта бизнес рөлін күшейтуге талпынады. Жаңа компанияларды жаңа секторларға шығару үшін ашық аукциондар мен басқа механизмдер қолға алынбақ.

Тоқаев саяси реформаларды іске асырып, елді тиімді мемлекеттік басқару мен мықты азаматтық қоғамы бар «Жаңа Қазақстанға» айналдыруға уәде етті. Бірақ басылым Diplomat журналындағы мақалаға сүйеніп, азаматтық қоғам ахуалы күрделі, ал демократиялық реформалар үстірт, косметикалық екенін келтіреді. Тоқаевтың уәдесіне қарамастан, қаңтардан бергі саяси ахуал өзгерген жоқ.

"ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАРДАҒЫ ТҰЗДЫҢ ШАМАДАН АРТЫҚ МӨЛШЕРІ ИНСУЛЬТ ҚАУПІН АРТТЫРАДЫ"

Ұлыбританияда шығатын Guardian басылымы қазақ ұлттық тағамдарындағы тұздың шамадан артық мөлшері инсульт, қан қысымының жоғарылауы сияқты ауруларға әкеп соқтыруы мүмкін екенін жазады.

Қазақ ұлттық тағамдарының бәрін тұзсыз елестету мүмкін емес: құрттан бастап асылған етке дейін тұз қосылады. Орталық Азияда тағы бір танымал тамақ – бір табақ лағманда 5 г тұз бар, ал бұл бір адам тәулігіне тұтынуға тиіс тұздың мөлшеріне парапар.

Тұзды күніне төрт есе көп тұтынатын елде инсульт пен жоғары қан қысымымен ауыратындар артып жатыр.

Дәулет Құлтаевтың әжесі жыл басында инсульттан қайтыс болды. Құлтаевтың өзі де небәрі 24 жасында ишемиялық инсульт алған. Дәрігерлер бұған салауатты өмір салтын ұстанбау және тұзды шамадан тыс тұтыну себеп екенін айтқан.

Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирургы Ержан Әділбеков қазақтар күнне 17 грамм тұз тұтынады, ал бұл тым көп дейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсесінде жұмыс істейтін Лаура Өтемісова тұзды шамадан тыс тұтыну жүрек-қан тамыр ауруларына шалдығу қаупін арттырады дейді. Өтемісованың айтуынша, тамақтану жөніндегі жұмыс тобы Қазақстанда ДСҰ ұсыныстарына сәйкес тағам өнімдерінің 100 грамында қанша тұз, қант пен май мөлшері бар екенін көрсетуді міндеттейтін алғашқы қадамдар жасады.

Өтемісованың сөзіне қарағанда, тамақтың құрамы бойынша ақпараттандыру кампанияларын әйелдерге бағыттау маңызды, өйткені отбасы қандай ас ішіп-жейтінін көп ретте әйелдер анықтайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG