Accessibility links

Назарбаев жайлы фильмнің "коммерциялық құпиясы"


Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы "Бейбітшілік кіндігі" фильмінде актерлар киген киімдер.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы "Бейбітшілік кіндігі" фильмінде актерлар киген киімдер.

Картина директорымен күні бұрын жасалған келісімге қарамастан, "Елбасы жолы" киноэпопеясының кезекті бөлімі түсіріліп жатқан алаңға Азаттық тілшісін кіргізбей қойды. Эпопеяның бұрнағы жылдары прокатқа шыққан бөлімдерінде Қазақстан президентінің балалық шағы, жастық шағы және егде тартқан кезі қамтылған.

Желтоқсанның 20-сында Алматыда "Елбасы жолы" киноэпопеясы - Қазақстанды 1990 жылғы сәуірден бері үзбей басқарып келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы көркем фильмдердің жалғасын түсірудің алғашқы кезеңі аяқталды. Кезекті бөлім "Бейбітшілік кіндігі" деп аталады. Жаңа бөлім ("Сатайфильм" киностудиясымен бірлесіп) түсіріліп жатқан "Қазақфильм" киностудиясы таратқан баспасөз хабарламасында картина "Ақмоланың қарапайым қаладан жас орда – Астанаға айналуы мен күні бүгінге дейінгі кезеңі туралы баяндайды. Картинада 1994 жылы астананың Ақмолаға ауысып, Астананың қысқа мерзім ішінде күн санап дамып келе жатқанын және үздік әлем астаналары қатарына енгенін көрсетеді" деп хабарланған.

Ақан Сатаев, режиссер. Алматы, 22 қыркүйек 2017 жыл.
Ақан Сатаев, режиссер. Алматы, 22 қыркүйек 2017 жыл.

Эпопеяның алтыншы бөлімін қазақстандық белгілі кинорежиссер Ақан Сатаев түсіріп жатыр. Фильм сценариін Тимур Жақсылықов (Ақан Сатаев екеуі бірлесіп бірнеше фильм шығарған) пен Мәскеудегі кинематография институтын 1980 жылдары бітірген Әділбек Жақсыбеков жазған. Жақсыбеков қазір жоғары лауазымды шенеунік – Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі.

ӘУЕЛІ КЕЛІСІП, СОСЫН АЙНЫП ҚАЛДЫ МА?

Азаттық тілшісі фоторепортажға материал жинау үшін түсірілім алаңына кіруге алдын ала қам жасаған еді. Телефон арқылы келісім жүргізіліп, түсірілім алаңына баруға болатын уақыт та пысықталған. Бірақ тілші барған кезде келіссөз жүргізілген картина директоры түсірілім жүріп жатқан Алматы әкімдігі ғимаратының алдына шығып, алаңға кіруге басшылар рұқсат бермейді деп айтты. Себебін "коммерциялық құпия" және актерлердің сырт келбетін прототиптерге барынша ұқсату үшін фильмде күрделі грим пайдаланылады деген уәжбен түсіндірді.

Оқи отырыңыз: Президент туралы фильмге келушілер аз

"Қазақфильм" студиясының баспасөз қызметі өкілі Бауыржан Үсенов бұл жағдайға телефон арқылы былай деп комментарий берді:

– Шамасы, оларда [түсірілім тобында] қатысуға болмайтын күндер бар. Кез-келген түсірілім тобы күнді өздері таңдайды, ал біз [журналистермен] келісіп, барамыз.

Эпизодтық көрініске түскен актерлердің бірі ертеректе Facebook парақшасында түсірілім алдында бәріміздің телефон, фотоаппараттарымызды жинап алды деп жазған болатын. Негізі, қазақстандық фильмдерді түсіру кезінде "коммерциялық құпия" соншалық қатаң сақталады деп айтуға болмайды. "Қазақфильм" студиясы түсірілім алаңдарына пресс-турларды жиі өткізеді әрі фото, видео түсіруге де, түсірілім процесіне қатысушылармен сұхбаттасуға да рұқсат ететін. Бірақ "Елбасы жолы" коноэпопеясының жаңа бөлімін түсіру кезінде бұлай болмай шықты. Алайда алда түсірілімнің әлі алты айы бар, сондықтан бірдеңе өзгеріп қалуы мүмкін.

Желтоқсанның 19-ында, яғни Назарбаев туралы фильм түсірілген күні қалалық әкімдік ғимараты алдында аппаратура тиелген көліктер тұрды. Жарық түсіргіш аспаптарды арнайы қауғаның көмегімен жоғарғы қабаттың тұсына көтеріп, терезе арқылы отырыстар өтетін залға қаратып қойды. Кеше Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасындағы саясаткерлердің бизнесмендермен кездесуінен эпизод түсірілгенін сыртқа шылым шегу үшін шыққан түсірілім тобы мүшелерінен сұрап білудің сәті түсті.

Бірнеше күн фильм кезінде ҚазақССР үкіметі отырған қазіргі Алматы әкімдігінің ғимаратында түсірілді.
Бірнеше күн фильм кезінде ҚазақССР үкіметі отырған қазіргі Алматы әкімдігінің ғимаратында түсірілді.

Жаңа бөлімде Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін Талдықорғаннан шақырылған театр және кино актері Мұрат Ахманов ойнайды. Эпопеяның алғашқы төрт бөлімінде Назарбаевтың рөлін Нұрлан Әлімжанов, бесінші бөлімінде – Берік Айтжанов ойнаған.

Қарашада "Қазақфильм" киностудиясы "Бейбітшілік кіндігі" фильміне түсетін актерлерді "Гранд Будапешт" қонақүйі» фильміндегі ең үздік макияж үшін "Оскар" сыйлығын, "Темір ханым" фильміндегі ең үздік макияж бен шаш үлгісі үшін BAFTA сыйлығын алған ұлыбританиялық суретші-визажист Марк Кульер гримдейді деп хабарлаған.

"Бейбітшілік кіндігі" фильмі түсірілімі қаңтарда жалғасады. Сосын біраз үзіліс жасалып, жазда қайта басталады. Кинокартинаны прокатқа 2018 жылғы желтоқсанда шығару жоспарланған.

"Бейбітшілік кіндігі" фильмін түсіру сәті
"Бейбітшілік кіндігі" фильмін түсіру сәті

МИЛЛИОНДАҒАН ДОЛЛАР БӨЛІНГЕН ТҮСІРІЛІМДЕР

Ертеректе қазақстандық ақпарат агенттіктері үкімет "Елбасы жолы. Бейбітшілік кіндігінде" фильмі түсіріліміне бюджеттен 2,3 миллиард теңге (қазіргі айырбас бағамы бойынша 6,8 миллион доллардан асады) бөлді деп хабарлаған.

Ертеректе прокатқа киноэпопеяның бес фильмі шыққан - "Балалық шағымның аспаны" (2011 жыл), "Отты өзен" (2013), "Темір тау" (2013), "Тығырықтан жол тапқан" (2014), "Жұлдыздар тоғысқанда" (2016).

Оқи отырыңыз: Назарбаев туралы бесінші көркем фильм шықты

Алдыңғы төрт бөлімін қазақстандық режиссер Рүстем Әбдірашев, бесінші бөлімді ресейлік режиссер Сергей Снежкин түсірген. Ашық дерек көздерінде әр серияны түсіруге бірнеше миллион доллар бөлінді деп жазылған, ал фильмдердің прокатынан қанша түскені туралы ақпарат жоқ.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "елбасы" мәртебесі заңмен бекітілген, оған президенттікке шектеусіз сайлану құқығы конституция бойынша берілген. Өзі және отбасы мүшелері кез-келген қудалаудан қорғалған. Назрбаев ондаған кітап, мемлекеттік гимн мәтіні авторы саналады, елде оның құрметіне ескерткіштер орнатылып, түрлі нысандарды атаған, ол жайлы ондаған фильм түсірілген.

XS
SM
MD
LG