Accessibility links

"Театрды емес, көрерменді дамытамыз". Петропавлдық режиссердің тәжірибесі


"Жылымық" спектаклінен көрініс. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

Қазанның 24-27 аралығында Алматыда АРТиШОК театрының ұйымдастыруымен өткен POST DRAMA WEEKEND шарасында жергілікті театрлардың әдеттегі форматынан өзгеше қойылымдар көрсетілді.

Мәдени шараға Қазақстаннан Петропавлдағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Фархад Молдағали ғана қатысты. Режиссер өзі жұмыс істейтін театр актерларымен бірге әдеттегіден бөлек форматта жұмыс істейтін StarTDrama шығармашылық алаңын құрған.

Фархад Молдағали фестивальге жазушы Оралхан Бөкейдің әңгімесінің желісінде қойылған "Жылымық" ("Оттепель") спектаклін әкелді. Қойылымда актерлар сөйлемейді – олар сезім мен эмоцияны дене қимылымен көрсетеді.

Фархад Молдағали Азаттыққа берген сұхбатында тәжірибеге негізделген театр мәдениеті және өзі құрған шығармашылық алаңда сахналаған, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан бастап Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі әртүрлі тақырыптарды қамтитын қойылымдары туралы әңгімелеп берді.

ПЕТРОПАВЛДАҒЫ ТЕАТР ӨМІРІ

Фархад Молдағали – Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Жас режиссер диплом алғаннан кейін еңбек жолын Петропавлдағы театрда бастаған. Оның қойылымдары халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты атағына ие болған (Нұр-Сұлтанда өткен VI "Самғау" халықаралық театр фестивалінде "Қарагөз" спектаклі үшін "Үздік режиссер" жүлдесін, Мәскеудегі ГИТИС-те өткен студенттердің өзіндік режиссерлік жұмыстарының VIII халықаралық байқауында Гран-при алған).

Режиссер Фархад Молдағали. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.
Режиссер Фархад Молдағали. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

Режиссердің айтуынша, қазір Петропавлда үш мемлекеттік театр бар.

- Николай Погодин атындағы орыс драма театры, қуыршақ театры және 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Сәбит Мұқанов атындағы қазақ музыкалық-драма театры бар, - дейді Фархад Молдағали.

Жас режиссер музыкалық-драма театрға үш жыл бұрын дипломдық жұмысына таңдаған қойылымын қоюға барып, сонда қалып қойған.

- Ұжым қатты ұнады. Қазір театрдың көркемдік жетекшісімін. Одан бөлек, 2017 жылы StarTDrama зертханасын аштық. Театрдың барлық актері сол жобаға қатысады, - дейді ол.

Режиссер Фархад Молдағали (ортада) театр әртістері Жадыра Асқар және Айбол Қасыммен бірге. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.
Режиссер Фархад Молдағали (ортада) театр әртістері Жадыра Асқар және Айбол Қасыммен бірге. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

Фархадтың айтуынша, Петропавлда халық театрға аз барады – бұл бір театрға ғана емес, бүкіл облысқа тән мәселе. Қазақстанның басқа қалаларында көрермен қауымның қойылымдарға деген ерекше ықыласы байқалады дейді ол.

- Алматыда, Нұр-Сұлтанда біздің театр мен StarTDrama зертханасын жақсы қабылдайды. Спектакль кезінде бос орын болмайды. Сондықтан Петропавлда біз театрды емес, көрерменді дамытамыз деуге болады, - дейді Фархад.

ТӘЖІРИБЕЛІК ТЕАТРДАҒЫ ЖЕЛТОҚСАН

- Бұл зертхананы театрда сахналауға болмайтын дүниелерді көрсету үшін аштық. Театрда репертуар жоспары, мемлекеттік бағдарламалар бар. StarTDrama қатысушылары жеке қызығушылығы мен құлшынысының арқасында ғана жұмыс істеп жүр, - дейді Фархад Молдағали.

Зертхананың "86" атты алғашқы қойылымы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына арналған.

Режиссер Фархад Молдағали (оң жақта). Алматы, 26 қазан 2019 жыл.
Режиссер Фархад Молдағали (оң жақта). Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

- Отыз жылдан бері біз (қазақстандықтар – автор.) тәуелсіз елміз. Бірақ Желтоқсан оқиғаларынан бері 30 жыл өтсе де, бұл туралы ешкім ештеңе айтпайды. Дайындық кезінде қиындықтарға кездестік. Қойылымның тұсаукесері Петропавлда өтті. Кейін бізді Алматыға "Откровение" театр фестиваліне шақырды, - дейді режиссер.

Қандай қиындықтар болды? Фархад Молдағалидің сөзінше, ол көп адамнан көмек сұрап, ешкімнен қолдау таба алмаған. Фархадқа көмектесуден бас тартқандардың арасында депутаттар да бар.

- Теледидардан сөйлегенде, біз, қазақтар [1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын] ұмытпауымыз керек деп айтады. Біз оларға хабарластық. Хореограф жалдап, қойылымға реквизиттер пен костюмдер сатып алғымыз келді. Бірақ олар материалдық тұрғыдан көмектесуден бас тартты. Петропавлдағы жергілікті депутаттар да, парламент депутаттары да қолдау көрсеткен жоқ, - дейді режиссер.

StarTDrama үшін бұрын еш жерде қойылмаған жаңа материалдар іздейміз.

Петропавлда өткен "86" қойылымының премьерасына Желтоқсан оқиғасына қатысқан 40 азамат келген. Фархадтың айтуынша, олар қойылымды тамашалап отырып, жылаған. Қойылымнан кейін бірден тарқамай, барлығы қосылып "Желтоқсан желі" әнін шырқаған.

Кейін қойылым ұжымы "Откровение" халықаралық театр фестиваліне қатысты. Алматыда "86" қойылымы Мұхтар Әузеов атындағы қазақ драма театрының сахнасында қойылды. Фархадтың сөзінше, қойылым көрермен көңілінен шыққан.

- Осы қойылым арқылы көрерменге StarTDrama алаңын таныстырдық. StarTDrama үшін бұрын еш жерде қойылмаған жаңа материалдар іздейміз. StarTDrama зертханасына мемлекет ақша бөлмейді. Алматыда "86" қойылымын тамашалаған шетелдік бақылаушылар ұжымды Румынияға шақырды. Келесі жылы Бухарестке бардық. Қаржы шығыны көп болды. Республика деңгейіне шығып, Қазақстанның патриоты атанып жүргендермен сөйлестім. Барлығы бізге көмектесуден тартты. Бізге тағы да Сәбит Мұқанов атындағы қазақ музыкалық-драма театры көмек қолын созды. Облыстық әкімдік жол шығынын өтеуге көмектесті. Кейін шақырушы тарап төлеген ақшамен қарызымыздан құтылдық, - дейді Фархад Молдағали.

Зертхананың Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы екінші қойылымы "Солдат күнделігі" деп аталады. Жазушы Кемел Тоқаевтың (Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі – ред.) шытырман оқиғалы шығармасының желісінде қойылған туындыны сахнаға 20 актер мен 20 музыканттан тұратын кіші симфониялық оркестр алып шыққан. Премьера Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында өтті. Кемел Тоқаев атындағы қор қаржылық қолдау көрсеткен.

Үшінші спектакльге жазушы Оралхан Бөкейдің "Жылымық" әңгімесі арқау болды. Бұл жерде "Жылымық" сөзі табиғи немесе саяси мағына бермейді. Қойылымда адамның жан-дүниесіндегі жылымық сөз болады.

ТӘЖІРИБЕ МЕН ЖАҢА ТЕНДЕНЦИЯЛАР

- "86" – саунд-драма жанрындағы алғашқы тәжірибеміз. Қазір осы жанрға қызығып жүрмін. Мұндай қойылымда құрал-жабдық қолданылмайды. Барлық дыбыс аяқ, қолдың көмегімен немесе басқа әдістермен беріледі. Мұның бәрін актерлар жасайды, - дейді ол.

"Жылымық" спектаклінен көрініс. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.
"Жылымық" спектаклінен көрініс. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

Фархад Молдағали театр саласындағы жаңашыл бағыттарды үнемі қалт жібермей қадағалап жүреді. Режиссер Азаттық тілшісімен әңгімеде қазір театр өнерінде болып жатқан өзгерістер туралы ойымен де бөлісті.

- Бір жылдары сөзсіз қойылатын пластикалық театрға қызығушылық жоғары болды. Кейіннен психологиялық театр қозғалысы басталды. Қазір психологиялық театрдан атмосфералық театрға көшу кезеңі жүріп жатыр. Қазір актердің эмоциясы маңызды емес. Оның қимылы, пластикасы мен көздері маңызды. Қазір алдыңғы қатарға деректі қойылымдар шыға бастады, - дейді Фархад.

Азаттық тілшісінің "Қазақстандық театрлар жаңа тенденцияларға ілесе алып жатыр ма?" деген сұрағына Фархад Молдағали былай жауап берді:

- Қазақстандағы ең ескі кәсіби театрға небәрі 90 жыл болған. Бірақ біз ақырындап жаңа бағыттарға бет бұрып жатырмыз. Жақында Қазақстан театрлары әлемдік деңгейге шығады деп ойлаймын. Осы тұста Алматыдағы АРТиШОК театрын мысалға келтіруге болады. Оларды бүкіл әлемде мойындайды. Олар жеке мемлекет сияқты және аса шапшаң алға жылжып барады.

РАДИОСПЕКТАКЛЬ ЖАНРЫ

Фархад Молдағали театр мен зертханада қойылымдарға идеяны актерлар ұсынатынын айтты. Мәселен, "Жылымық" қойылымы осылай таңдалған: әуелі жанр анықталып, кейін актерлар арасындағы талқылаудан соң радиоспектакль болады деген шешім қабылданған.

- Актерлар алдын ала жазылған мәтінге ілесіп отырады, бірақ сөйлемейді. Тек қозғалады. Музыканттар актерларды сүйемелдейді, - деді режиссер.

"Жылымық" спектаклінен көрініс. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.
"Жылымық" спектаклінен көрініс. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

Қойылым сюжетіне сәйкес, басты рөлдегі орта жастағы азамат көзі көрмейтін Жанар деген қызбен танысады. Кейіпкер қызды жақсы көремін деп ойласа да, оны жанына жақын тартуға аяныш сезімі кедергі келтіреді. Жанар қоштасарда қалдырған хатында өзіне деген аяушылықты сезіну қиынға соққанын жазады. Қыздың жанары көрмесе де, жүрегі ояу. Ал жігіттің көзі көргенімен, жүрегі селт етпейді.

Әңгіме мәтіні мегафоннан шығып тұр. Екі актер (ер мен әйел) мәтін мазмұнын сөйлемей, қимылмен көрсетеді.

Біз, алдыңғы буын өкілдері, басқадай қойылымдар көретінбіз. Бүгінгі көргеніміз жаңа көзқарас, жастар көзқарасы болса керек.

Спектакль кезінде залда бос орын болмады. Қойылым соңында ұзақ қол соққан көрермендер актерлар, режиссер мен музыканттармен қимай қоштасты. Азаттық тілшісі көрермендердің спектакль жайлы пікірін сұрады.

- Тамаша қойылым. Актриса өте жақсы ойнады. Көзіме жас келді. Бұл мүлде жаңа қойылым. Біз, алдыңғы буын өкілдері, басқадай қойылымдар көретінбіз. Бүгінгі көргеніміз жаңа көзқарас, жастар көзқарасы болса керек. Бәрі сөзсіз түсінікті. Тамаша! Керемет ойнады! – деді Гүлсара есімді көрермен.

Бақыт есімді көрермен де спектакль көңілінен шыққанын айтты:

- Қойылым өте қатты ұнады. Ерекше екен. Өзім көзі нашар көретін балаларға арналған интернатта жұмыс істеймін. Қазір 10-сынып оқушыларына жетекшілік етемін. Қойылым балалардың жан-дүниесіне үңіліп қарауға мүмкіндік берді. Cыныбымдағы қыздар басқа сыныптың балаларымен араласады. Біз оларды тыюға тырысамыз. Ал бүгін өзімді олардың орнына қойып көргендей болдым.

Режиссер Фархад Молдағали мен АРТиШОК театры директоры Анастасия Тарасова.
Режиссер Фархад Молдағали мен АРТиШОК театры директоры Анастасия Тарасова.

АРТиШОК театрының директоры Анастасия Тарасованың сөзінше, "Жылымық" спектакілінің маңызы зор. Өйткені қойылым – фестивальге Қазақстаннан жалғыз қатысқан театрдың туындысы. Тарасова АРТиШОК театрының ел астанасынан өзге қалаларға гастрольдік сапарға бармайтынын, сондықтан өздерімен бағыты ұқсас Фархад Молдағали жетекшілік ететін ұжымның фестивальге келуі Қазақстанның басқа қалаларындағы әріптестердің жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік бергенін айтты.


ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"3-4 мың теңге ұстатады да..." Таксистер Алматыдан адам тасып жүргенін айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00
XS
SM
MD
LG