Accessibility links

Трамп "шатдаунға" байланысты демократтарға ұсыныс жасады


АҚШ президенті Дональд Трамп және өкілдер палатасының спикері, демократ Нэнси Пэлоси

АҚШ президенті Дональд Трамп шекарада дуал немесе бөгет салуға қаржы бөлінсе, заңсыз мигранттардың балаларына көмек көрсетуге уәде берді.

Қаңтардың 19-ы күні халыққа арнаған мәлімдемесінде Дональд Трамп Мексикамен шекараны тұтас қоршауы тиіс деп есептейтін дуалдың орнына 370 шақырымға созылатын бөгет салуды ұсынды. Бірақ оның құрылысына да бюджеттен 5,7 миллиард доллар қаражат керектігін айтты.

Оның айтуынша, шекарада дуал немесе болат бөгет салынса, елде қылмыс азайып, заңсыз мигранттардың саны қысқарады. Ол ертеректе мұндай шараларды белгілі демократтар қолдағанын айтты.

Сенбі күнгі мәлімдемесінде Дональд Трамп АҚШ-қа иммигранттардың келуіне қарсы еместігін, бірақ олардың заңды жолмен келгенін қалайтынын жеткізді.

Ол шекарадағы қауіпсіздікті нығайту үшін АҚШ-тың шекара-кеден қызметіне жаңадан 2750 қызметкер жалдау қажеттігін атап өтті. Бұған қоса, мигранттарға гуманитарлық көмек көрсету мақсатында және шекара бекеттерін есірткіні анықтайтын технологиямен жабдықтауға 800 миллион доллардан бөлуді ұсынды.

Трамп мәлімдемесін жасамай тұрып, демократтар келісімге келуден бас тартты. Сенатор Ричард Дурбин "мұндай ұсынысқа дауыс бермейтін едім" деп кесіп айтты. "Әуелі Трамп үкімет жұмысын қайта қалпына келтіруі тиіс. Екіншіден, мұндай заң жобасы сенатта қолдау табады деп айту қиын" деді ол Reuters агенттігіне.

Ал өкілдер палатасының спикері Нэнси Пэлоси мұны "қабылдауға келмейтін" ұсыныс деп атаған.

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Мексикамен шекарада тартылған тікенек сым
АҚШ-тың Калифорния штатындағы Мексикамен шекарада тартылған тікенек сым

ЕҢ ҰЗАҚ "ШАТДАУН"

Бұған дейін Трамп конгрестен оңтүстік шекараға дуал тұрғызуға бес миллиард доллардан астам қаражат сұраған. Бірақ АҚШ конгресінде саны басым демократтар Мексикамен шекарада қабырға құрылысын қаржыландырудан бас тартып, оның соңы үкімет жұмысының ішінара тоқтауына ("шатдаун") әкелген.

22 желтоқсаннан бері АҚШ-тың 800 мың мемлекеттік қызметкері айлықсыз қалған. Шамамен 350 мың қызметкер өтемсіз демалысқа жіберілген. Олардың арасында NASA қызметкерлері, ұлттық саябақ қызметінің өкілдері бар. Жалақы мәселесі ішкі қауіпсіздік, көлік, әділет министрліктері сонымен бірге АҚШ мемлекеттік департаменті, ФБР қызметкерлерін де алаңдатып отыр. Bloomberg агенттігінің жазуынша, АҚШ-та "шатдаун" кесірінен әр екі аптада өндіріс 0,1 пайызға қысқарып отыр.

10 қаңтарда Трамп Мексикамен шекарада қабырға тұрғызу мәселесі шешілмесе, елде төтенше жағдай жариялануы мүмкін деп мәлімдеген.

"Шатдаунға" байланысты жабылған ұлттық мұрағат ғимараты. Вашингтон, 31 желтоқсан 2018 жыл
"Шатдаунға" байланысты жабылған ұлттық мұрағат ғимараты. Вашингтон, 31 желтоқсан 2018 жыл

Бұл ел тарихындағы ең ұзақ "шатдаундардың" бірі. 1995-1996 жылдары аралығында үкімет жұмысы 21 күнге жартылай тоқтаған. Ол кезде президент Билл Клинтон бюджет шығынына байланысты конгреспен келісе алмаған.

2013 жылы АҚШ үкіметі 16 күнге ішінара жабылған. Ол кезде президент Обама мен конгресс арасында денсаулық сақтау реформаларын қаржыландыруға қатысты келіспеушіліктер туындаған.

Мексикамен шекара маңындағы Сан-Диего қаласы. Қазан айы 2017 жыл
Мексикамен шекара маңындағы Сан-Диего қаласы. Қазан айы 2017 жыл

АҚШ пен Мексика арасындағы құрлықтық шекараның ұзындығы - 3145 шақырым. "Шамамен 1050 шақырымы түрлі қоршаулармен бекітілген" деп жазды BBC. 2018 жылдың басында CNN телеарнасы президент әкімшілігінің 1390 шақырым жерге - дуал салуды, ал 1870 шақырым жердегі қоршауларды қайта жөндеуді жоспарлайтынын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG