Accessibility links

Президент Тоқаевтың бір жылы: Жұрт армандаған "көктем" келмеді


Ресми дерек бойынша, сайлауда 70 пайыз дауыс алған Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурация рәсімінде. Батыс бақылаушылары сайлауда заңбұзушылықтар болғанын, наразылардың жаппай ұсталғанын айтып сынады. 12 маусым 2019 жыл.
Ресми дерек бойынша, сайлауда 70 пайыз дауыс алған Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурация рәсімінде. Батыс бақылаушылары сайлауда заңбұзушылықтар болғанын, наразылардың жаппай ұсталғанын айтып сынады. 12 маусым 2019 жыл.

Бұл апта батыс басылымдары 1 наурыздағы үкіметке қарсы наразылық шараларын басып тастағаны жайында, соттың “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті мерзімінен бұрын босату жөнінде шешім шығарғаны туралы жазды. Бұған қоса халықаралық басылымдар қазақстандық жас шахматшылардың жетістіктері туралы да сөз етті.

КӨПШІЛІК АРМАНДАҒАН “КӨКТЕМ”

Вашингтонда шығатын Diplomat газетінде жарық көрген “Қазақстан басшылығы жиналу еркіндігін беруде кері кетті” атты мақалада Қазақстанның түрлі қалаларында 1 наурызда қарсылық шарасын өткізуге тырысқандардың қамалғаны туралы жазады. Полиция белсенді Дулат Ағаділдің астанадағы тергеу изоляторында қайтыс болғанын 25 ақпанда хабарлаған соң бірнеше оппозицияшыл топ 1 наурызда оны еске алу мақсатында митингіге жиналуға шақырған.

“Бұрындары сәл босаңсып, бейбіт жиындарға біршама салғырт қараған билік [бұл жолы] полиция қызметкерлерін өте көп жинап, белсенділер мен жай өтіп бара жатқандар арасында 80-ге жуық адамды қамауға алған. Бұл ақпаратты ішкі істер министрлігі таратты”, — деп жазады Diplomat (Қазақстанның ішкі істер министрлігі 1 наурызда 53 кісі қамалды деп хабарлаған — ред.).

Елде тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы, Демократиялық партия құру туралы бастамашыл топ және Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысы осы күні наразылық шарасын өткізуге шақырған. Билік тым қатаң жауап берді.

“Әдеттегідей”, митинг болады деген жерге билік күш органдарының қызметкерлерін алып келді деп сипаттаған Diplomat 1 наурыздағы оқиғалар тізбегін берген. Алматыдағы әкімдік ғимаратының алдына жылжымалы металл қоршау қойып, оның алдындағы алаңды жауып тастады. Басылымның жазуынша, коммуналдық қызмет өкілдері әкімшілік ғимаратының алдындағы архитектуралық композицияны “күлкілі де ыңғайлы әдіспен тазалаған”. Авкокөлік қозғалысы тоқтатылған алаңда полиция ондаған белсендіні, екі журналисті және бірнеше жүргіншіні қамауға алған. Аккредитациясы жоқ блогерді де автозакқа күштіп кіргізді деп жазады Diplomat. Көп адамды үйінен шыға берісте немесе алаңға бара жатқан жолда ұстаған. Кешке дейін ұсталғандардың көбі босатылған.

Видео: "Халықты еститін басшы керек!" Наразылардың билікке талабы (1 наурыз 2020 жыл).

"Халықты еститін басшы керек!" Наразылардың билікке талабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:21 0:00

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық азаматтың бейбіт митинг өткізуге конституциялық құқы бар екенін бірнеше мәрте айтқан. 1 наурыздағы митингіден екі күн бұрын ол Twitter-де “бейбіт жиындар белгіленген орындарда өткізілуі керек”, “конституцияға қайшы ұран көтеруге болмайды” деп жазған.

“1 наурызға жоспарланған митингіге берілген қатаң жауап биліктің елдегі наразылық көңіл-күйдің тамырын басып отыруға деген ниетін байқатты. Ондаған белсендіні алдын ала ұстағандықтан, алаңға келгендерді жаппай қамағандықтан, бейбіт митинг мүлде басталмай қалды”, — деп жазады Diplomat.

22 ақпанда наразылық шарасына шыққан соң Нұр-Сұлтанда қамауға алынған Дулат Ағаділдің қазасынан кейін жұрт алаңдарға жиналуға шақыра бастады дейді автор. Шенеуніктердің сөзіне сенсек, Ағаділ қамауға алынғаннан бірнеше сағат өткен соң “жүрек талмасынан” қайтыс болған. Белсенділер бұл версияға күмәнмен қарайды, олар Ағаділ азапталған болуы мүмкін дейді, сондықтан оның өліміне билік жауапты деп санайды.

“Қамауда отырғандарға полицияның күш қолдануы да, бейбіт белсенділерге жасалған қуғын-сүргін де Тоқаевтың Конституцияны сақтау туралы үндеуіне сәйкес келмейтін тәрізді. Конституцияның баптарын ұран ететін Oyan, Qazaqstan [қозғалысы] өздері ұйымдастыруға ат салысқан митингіге қатыса алмады. Көбі ҚДТ-ны жақтайтын басқа белсенділерді жылдам ұстады. Тоқаев билікте болған бір жыл ішінде жергілікті халық армандаған “көктем” келмеді”, — деп жазады Diplomat.

ЖӘКІШЕВТІҢ БОСАТЫЛУЫ – “САЯСИ ШЕШІМ”

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайтындағы “Қазақстан: 11 жыл түрмеде отырған Жәкішевті мерзімінен бұрын шартты түрде босатты” деп аталған мақалада 3 наурызда Семей қалалық сотының 2010 жылғы жемқорлық бойынша айыптау үкімінен соң түрмеде отырған “Қазатомөнеркәсіптің” бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішті қанағаттандырғаны туралы айтылады.

“Жәкішев ісін жұрттың көбі 2009 жылы елден қашқан қуғындағы банкир Мұхтар Әбілязовпен байланысы үшін мемлекеттің мықты менеджерді қуғындау әрекеті деп санайды. Содан бері банкир Қазақстан басшылығымен аяусыз қарсыласып келеді”, – деп жазады Eurasianet.org.

БҰҰ-ның Адам құқықтары комитеті 2015 жылы Жәкішевке қатысты үкімнің күшін жойып, оны босатуға шақырғанына қарамастан, 56 жастағы бұрынғы менеджер он жылдан астам уақыт түрмеде отыр. Комитет Қазақстанның “қажет болса, әділ де жария тыңдау шарттарын сақтап, “қорғау мен басқа да процессуалдық кепілдік бере отырып, жаңа сот ісін өткізгені дұрыс” деп пікір білдірген.

“Нұр-Сұлтанның бұл істі қайта қарауда елеулі халықаралық қысымға берілмеуінің саяси астары бар. Бизнес-инсайдерлер Жәкішевті “Қазатомпромды” ебедейсіз советтік мекемеден табысты ұйымға айналдыра алды деп санағанымен, ол Әблязовпен ескі байланыстарының кесірінен жапа шекті”, – деп жазады Eurasianet.org.

Жәкішевті 2009 жылы тұтқындаған кезде оны биліктегі әулеттің кәріне ұшыраған, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиев қолдаған (2015 жылы Вена түрмесінде Әлиевтің мәйіті табылған, ресми мәлімет бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған).

Сол кезде сыртта қуғында жүрген Рахат Әлиев блогында: “Жәкішев – Нұрсұлтан Назарбаев режимінің тағы бір саяси тұтқыны. Президент Жәкішевтің 2002 жылы досы – Мұхтар Әблязов үшін әбігер болғанын ұмыта қойған жоқ. Оның менімен де дос болғаны есінде. Бірақ ең бастысы – Мұхтар [Жәкішев] Назарбаевтың айла-амалын көзімен көрген...”, – деп жазған.

“Өткен айдың соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Информбюро” ақпарат агенттігіне сұхбат берген соң шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қанағаттандыра ма деген үміт сәулесі оянды. Бұл іс және мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қарау туралы сұраққа ол “Шешімді күтейік, ол шешім әділ болады деп сенемін” деп сақтықпен, үміт күттірерлік жауап берген.

Француздың AFP ақпарат агенттігі “Қазақстан он жылдық қамаудан соң белгілі тұтқынды босатпақ” деген материалында Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро директоры Евгений Жовтистің сөздерін келтіреді. Оның айтуынша, Жәкішевтің босатылуы – Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзін “реформатор ретінде көрсетуге тырысып” жатқан тұста шығарылған “саяси шешім”.

“Мұнда көп фактор болды. Саяси басшылықтағы түрлі күштер консенсусқа келді. Ел ішінде қысым болды. Халықаралық қысым да бар. Бұл іс елдің халықаралық имиджіне нұқсан келтіретіні түсінікті болды, – деді Жовтис. Мұнда ол Тоқаев әкімшілігі мен биліктен кетсе де кең өкілетін сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың командасын меңзеп тұрса керек.

Жәкішев “Қазатомөнеркәсіпті” басқарып тұрған тұста бұл компания әлемдік уран нарығында жетекші орындардың бірін иеленген деп жазады AFP.

“Көп жұрттың пікірінше, Жәкішев өзі басқарған банк үшін таласып, 2009 жылы елден қашқан бұрынғы банкир, бұрынғы энергетика министрі Мұхтар Әблязовпен тығыз байланыста болғаны үшін жапа шекті. Содан кейін Әблязов шетелде отырып, қазақ режиміне қарсы соғысқа кірісті, ал оның жақтастары мен Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдері Жәкішев үшін күресті жалғасыра берді”, – деп жазады AFP.

Видео: Жәкішевтің қамаудан шығатынын естігендердің көңілі босады (3 наурыз 2020 жыл).

Жәкішевтің қамаудан шығатынын естігендердің көңілі босады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:37 0:00

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ШАХМАТ ПАТШАЙЫМДАРЫ

Британдық Reuters ақпарат агенттігінің сайтында жарық көрген “Қазақстандағы шахмат патшайымдары жаңа буынға шабыт береді” деп аталған мақалада Қазақстандық шахматшы қыздардың жетістіктері, елдегі шахматқа деген қызығушылық туралы айтылады. Материал авторының айтуынша, отандас ер шахматшылармен салыстырғанда қыздар әлдеқайда озық нәтиже көрсетіп келеді, соның нәтижесінде “Қазақстан шахматтық өрлеуді” бастан кешіп жатыр. Мақалада “бұл – патриархалдық қоғам үшін тосын жайт” деген пікір айтылады.

FIDE-нің халықаралық шахмат рейтингінде әйелдер арасындағы ең үздік 10 шахматшының арқасында 9-орынды иеленген. Осыдан он жыл бұрын ғана бұл ел осы көрсеткіш бойынша 28-орында еді (қазір бірінші орында Қытай тұр). Алайда, ерлерді де, әйелдерді де қоса есептейтін жалпы рейтингте Қазақстан тек 37-орынды иеленген.

Австралиялық гроссмейстер Дэвид Смердонның зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан әйелдердің шахмат ойнауы бойынша әлемдегі үздік 20 елдің қатарына кіреді. Оның айтуынша, гендерлік теңдік сақталмайтын елде шахмат – әйелдер ерлермен бәсекеге түсе алатын, ондағы нәтиже еш дискриминациясыз есептеледі деп сеніммен айтуға болатын аз ғана саланың бірі.

Қазақстанның шахмат федерациясының мәліметі бойынша, Қазақстанның ірі екі қаласы – Алматы мен Нұр-Сұлтанда соңғы үш жылда шахмат мектептерінің саны он есе өскен, ал ұйымдастырылған турнирлерге 200 мыңға тарта бала мен жасөспірім қатысқан.

200-ден астам жай мектепте де шахмат үйретеді. Оған баулитын жеке орталықтар да ашылып жатыр. Мәселен, 23 жастағы шахматшы Динара Сәдуақасова елде шахмат мектептері желісін ашты, оларда 600-ге тарта бала білім алып жатыр. Бұған қоса ол ЮНИСЕФ-тің ізгілік елшісі атанды.

Қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова.
Қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова.

“Интеллектуалдық деңгейі арқасында әйгілі болған қазақ әйелдері феминизмді жақтырмайтын, қыздарға “Ұлболсын” деген ат қоятын елдегі гендерлік стереотиптерді бұзып жатыр”, – деп жазады Reuters.

Шахматтың өркен жаюына тарихи жағдай сеп болған шығар. Қазақстан 1991 жылы тарап кеткенге дейін ондаған жыл бойы спорттың осы түрінде көшбасшы болған Совет одағының құрамында болған. Қазақ әйелдері шахматта ерлерді 1980 жылдары-ақ басып озған дейді сол кезде Қазақстан құрамасында ойнаған кәсіпкер Сәуле Қалдыбаева. 1990 жылдардағы аласапыранда ол шахматты тастап кеткен.

Бұған қоса жекелеген донорлар мен үкіметтің шахматты молынан қаржыландыруы да бұл спорт түрінің қанат жаюына ықпал еткен болар деп топшылайды Reuters.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG