Accessibility links

Алматы көшесіндегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.
Алматы көшесіндегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.

Елде 5-7 қаңтар арасында не болды? Оқиғалардың толық хроникасы

5-7 қаңтар арасында Қазақстанда болған наразылық пен тәртіптсіздіктің хронологиясын осы парақшадан оқи аласыз.

01:28 8.1.2022

Беларусьтің мемлекеттік агенттігі Лукашенконың Назарбаевпен сөйлескенін жазды

Беларусьтің мемлекеттік агенттігі БелТА Беларусь режимінің басшысы Александр Лукашкенко 7 қаңтарда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады. Бұл ақпаратты Лукшаенконың ресми хабарламаларын жариялап отыратын "Пул первого" телеграм каналы да шығарды.

Агенттіктің хабарлауынша, екеуі Қазақстандағы жағдайды талқылаған. Ресми агенттіктер екі тараптың тағы не айтқанын толық жазбаған.

Назарбаев жұрт алдына 2021 жылдың 28 желтоқсанынан бері шықпады. Әдетте Қазақстандағы негізгі тақырыптарға пікір білдіріп отыратын ол елде қаңтардын басынан бері болып жатқан жағдайға қатысты ешқандай сөз де айтпады. Оның қайда екені белгісіз. Ақорда да Назарбаев жайлы мәлімдеме жасамады.

7 қаңтарда қырғызстандық басылымдар Бішкек әуежайына Назарбаевтың отбасына тиесілі екі ұшақ келгенін жазды. Бірақ Азаттыққа бұл ақпаратты басқа дереккөздерден жеке тексеру мүмкін болмады.

5 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесінің басшылығын өз қолына алатынын жариялады.

20:44 7.1.2022

"Хабар 24" арнасы ІІМ сілтеме жасап, елде ұсталғандар саны 3811 адамға жеткенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, ведомство "Дикий Арман" деген лақап атпен танымал Арман Жұмагелдиевтің ұсталғанын да хабарлады. Министрлік Жұмагелдиев жайлы хабарламада "Қылмыстық топтың алты мүшесі ұсталды. Олар полицейлерге қарсы оқ атты" деді.

ІІМ Арман Жұмагелдиевті ұстағанын хабарлады
ІІМ Арман Жұмагелдиевті ұстағанын хабарлады

Арман Жұмагелдиев 5 қаңтарда Алматы қаласы әкімдігі алдында жұрт алдына шығып сөйлегені байқалған еді.

Жұмагелдиев жұртқа 2005 жылдан бері белгілі. Сол жылы "Дикий Арман" мен бірнеше адам Шымкентте саясаткер Жармахан Тұяқбай бастаған "Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысының жиынына шабул жасаған. Кейін Жұмагелдиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол шартты жаза алған.

2008 жылы Шымкенттің орталығында болған атыста да Жұмагелдиевтің аты аталған. Кейін ол бірнеше рет тергеу изоляторына қамалып шықты.

20:40 7.1.2022

Тоқаев 7 қаңтардағы үндеуінде не айтты?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қаңтардағы телеүндеуінде айтқан сөздерін шолып шығайық.

  • Тоқаев Алматыға "20 мың содыр шабуыл жасағанын", "содырларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді.
  • "Шетелде тараптарға келіссөз жүргізіп, проблемаларды бейбіт жолмен шешуге шақырған сөздер айтылып жатыр. Не деген ақымақтық?! Қылмыскерлермен, қанішерлермен қандай келіссөз болуы мүмкін?" деді ол.
  • Тоқаев елдегі болып жатқан ахуалға "жергілікті және шетелдік содырларды" кінәлады, бірақ олардың кім екенін атап айтпады.
  • "Біз қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отырмыз. Нақты айтқанда, содырлармен және лаңкестермен. Сондықтан оларды жою керек. Бұл жуық арада жүзеге асырылады" деді Қазақстан президенті.
  • Тоқаевтың айтуынша, "содырлар" әкімшілік ғимараттарға "ұйымдасқан түрде, жоғары жауынгерлік дайындықпен және асқан қатігездікпен шабуыл жасаған".
  • Ол үндеуінің көп бөлігі демократия және еркіндік, сөз бостандығы мен еркін жиналу бостандығына қатысты болды. Ешкімнің атын атамай сөйлеген Қазақстан президенті "содырлар" демократияны, сөз бостандығын желеу етіп жүр деді. Тоқаев елдің түкпір-түкпірінде болып жатқан қайғылы оқиғаларға елдегі еркіндік кінәлі деген тұжырым жасады.
  • "Демократия дегеніміз – жүгенсіздік емес, әсіресе блогосферада заңға қайшы әрекет ететін арандатушылық емес Алматыдағы және Қазақстанның өзге де қалаларындағы қайғылы жағдай заңның сақталмауы, шектен шыққандық және анархия адам құқығының бұзылуына әкеп соқтыратынын көрсетті" деді Тоқаев.
  • Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қабылданып, қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар "косметикалық өзгеріс" деп бағалаған азаматтардың бейбіт жиналыстарды өткізуі туралы заңды да еске салды.
  • "Құжатта митингілер мен жиналыстарды өткізу үшін рұқсат алудың қажет еместігі, тек билік органдарына ескерту жеткілікті екені қарастырылған. Жиынды еліміздің кез келген қаласының орталығында өткізуге болатыны көрсетілген. Алайда қай жерде жиналып, не айтсақ та құқымыз бар деп санайтын кейбір "құқық қорғаушылар" мен "белсенділер" өздерін заңнан жоғары қояды" деді ол.
  • Тоқаевтың тұжырымы бойынша, осындай "шолақ белсенділердің" кесірінен полиция "тәртіп сақтау қызметіне толық көңіл бөле алмайды". Елде интернеттің бұғатталуына, миллиондаған азамат пен бизнестің зардап шегуіне де солар кінәлі деді президент.
  • Тоқаев елдегі ахуалдың ушығуына "өздерін "еркін" бұқаралық ақпарат құралымыз" деп санайтындар" мен "сырттағы қайраткерлер" ықпал етіп, "арандатушылық рөл атқарды" деді.
  • "Осы жауапсыз демагогтардың барлығы Қазақстанда қайғылы жағдайдың туындауына себепкер болды десек, асыра айтқанымыз емес. Біз құқықтық вандализмнің кез-келген түріне қатаң шара қолданамыз" деді Тоқаев.
  • Бұған қоса ол "идеологиялық диверсия жасауға әбден жаттыққан, жалған ақпараттар мен "фейктер" таратуды шебер меңгерген және адамдардың көңіл-күйіне ықпал ете алатын мамандар" туралы айтты. Бірақ Тоқаевтың кімді меңзеп тұрғанын түсіну қиын.
  • Қазақстан президенті халыққа үндеуінде Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бітімгер күштерін енгізуді сұрау шешімінің дұрыстығын да баса айтты. Сол үшін Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан басшыларына алғыс айтты.
  • Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге бөлек ризашылық білдірді.
  • "Ол менің үндеуіме жедел, ең бастысы, жолдастық ниетпен үн қатты" деді ол.
  • Бұған қоса ол Қытай, Өзбекстан, Түркия басшыларына, БҰҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларына қолдау көрсеткені үшін рахмет айтты.
  • Қасым-Жомарт Тоқаев елде жағдайдың тұрақталуына қарай бірнеше күннен бері ажырап тұрған интернет қосылады деді. Бірақ "ойына келгенді жазуға, жалған ақпарат таратуға, біреуге тіл тигізуге, арандатушылыққа жол берілмейтінін" ескертті.
19:09 7.1.2022

Азаттық дереккөзі 7 қаңтарда күндіз Алматының Республика алаңында үш адамның мәйітін өз көзімен көрген. Бірінші мәйіт Назарбаев даңғылы мен Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы арыққа түскен көлікте жатыр. Марқұм көліктің жүргізушісі болған сияқты. Екінші мәйіт Байсейітова көшесіндегі 42-үйдің алдында жатыр. Ол ашық жерде тұрғанда оқ тигенге ұқсайды. Үшінші мәйіт Сәтбаев пен Желтоқсан көшелері қиылысындағы көлікте жатыр. Көліктің алдыңғы әйнегіне әскери оқ тигені байқалады.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG