Accessibility links

Тәжік белсенділері Рахмонды Кремльде "жылы қарсы алды"


Мәскеудегі Эмомали Рахмонға қарсы наразылық акциясы. 17 сәуір 2019 жыл. Скриншот.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Мәскеуге сапарлап барған кезде "Группа 24" оппозициялық қозғалысының өкілдері Кремльде наразылық акциясын өткізді.

Сәуірдің 17-сі күні Қызыл алаңда "Жылы қарсы алу" атты наразылық акциясын ұйымдастырған "Группа 24" оппозициялық қозғалысының өкілдері Тәжікстандағы жемқорлық, адам құқығының тапталуы, саяси тұтқындардың түрмеде отыруына наразылық білдірген.

"Тәжікстанның барлық құрылымында әділдік жоқ, жемқорлық бар, халық ашығып жатыр. Тәжікстан азаматтарының құқықтары тапталып жатыр" деді акцияға қатысушылардың бірі Рахматуллои Мухаммад.

Оның қолында "Эмомали Рахмон - Орталық Азия диктаторларының бірі" деген жазуы бар плакат болған.

Қозғалыстың тағы бір өкілі Рахматджони Махмаджон Тәжікстандағы саяси тұтқындарды босатуды талап еткен. Оның қолындағы плакатта билікте ұзақ отырған Рахмонның ел Конституциясын өзгертіп, заңдарды өз мүддесіне қарай бұра тартқаны, отбасы мүшелерін биліктегі ең маңызды орындарға жайғастырғаны, елде саяси тұтқындардың түрмеде отырғаны жайлы жазу бар.

Белсенділер қолындағы плакат. 17 сәуір 2019 жыл.
Белсенділер қолындағы плакат. 17 сәуір 2019 жыл.

Мәскеудегі Қызыл алаңда "Мемориал" құқық қорғау орталығының өкілі Бахром Хамроев та Рахмонға қарсы жалғыз адамдық пикет өткізген. Оны көп ұзамай полиция ұстап, бөлімшеге жеткізген.

"Настоящее время" тілшілерінің хабарлауынша, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон дәл осы күні наразылық акциясы өткен жерге жақын Кремльдегі белгісіз сарбаздың қабіріне барып, гүл қойған. Бірақ саяси акцияны көрмеген.

Бұған дейін тәжік белсенділері Рахмонға қарсы акцияларды Прага және Санкт-Петербургте де ұйымдастырған.

Видео: Кремльдегі наразылық акциясы. (17 сәуір 2019 жыл).

"Группа 24" қоғамдық-саяси қозғалысын 2012 жылы тәжік кәсіпкері әрі оппозиционері Умарали Куватов құрған. Оны 2015 жылы наурыз айында Стамбулда қастандықпен өлтіріп кеткен.

Қозғалыс өкілдері Тәжікстан үкіметінің құрамын өзгерту, елдегі барлық саяси тұқындарды босату, адам құқығы мен еркіндігінің сақталуы, елдегі "Ұлт көшбасшысы" туралы заңның күшінің жойылуын көздейді.

Тәжікстан жоғары соты қозғалысты экстремистік ұйым деп танып, 2014 жылдан бастап елде жұмыс істеуіне тыйым салған. ​

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, соңғы жылдары Тәжікстанда елдің конституциялық құрылымын өзгертуге шақырды деген айыппен билікке қарсы 20-ға тарта адам түрлі мерзімге сотталған. Олардың арасында "Группа 24" ұйымына мүше болды делінгендер де бар. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Душанбені саяси тұтқындарды босатуға және саяси бәсекелестері мен оппозицияны қудалауды тоқтатуға шақырып келеді.​

ДУШАНБЕ ЖӘНЕ МӘСКЕУ

Сәуірдің 17-cі күні Ресей президенті Владимир Путин және Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон Кремльде кездесіп, келіссөз жүргізді.

Ресей президенті Владимир Путин және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қол алысып жатыр. Мәскеу, 17 сәуір 2019 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қол алысып жатыр. Мәскеу, 17 сәуір 2019 жыл.

Кремльдегі ақпаратқа сәйкес, кездесуде тәжік жағы Душанбе, Худжанд, Куляб, Бохтар және Турсунзаде қалаларындағы орыстілді бес мектепті салып, гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Ресейге алғыс білдірген. Душанбе екі ел арасындағы әріптестіктің әрі қарай да нығаятынына сенім білдірген.

Дерек бойынша, Ресей мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы 2018 жылы 1 миллиард АҚШ долларына жеткен. Тәжікстан экономикасына салынған ресейлік инвестиция көлемі 1,6 миллиард долларды құраған.

​Эмомали Рахмон Тәжікстанды 1994 жылдан бері үздіксіз басқарып келеді. 2016 жылы парламент депутаттары бірауыздан заң қабылдап, Рахмонға "Бейбітшілік пен ұлттық бірлік негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы" ресми мәртебесін берді. Бұл заң бойынша ол өмір бойы дербес құқықпен қорғалады, халыққа үндеу жасап, маңызды мемлекеттік шараларға қатысып, сөйлеуге құқылы. Сол кезде Тәжікстан заңына президентке тіл тигізу үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе айыппұл салу жазасы енгізілді.

2016 жылы мамырда өткен бүкілхалықтық референдумның ресми қорытындысы бойынша, Тәжікстан тұрғындарының көбі Рахмонның өмір бойы қызметінде қалуын қолдаған, ал оның үлкен ұлы 2020 жылы президенттік сайлауға түсе алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG