Accessibility links

Тәжік делегаттары мен оппозиционерлер төбелесіп қалды


Тәжік делегаттары мен оппозиция өкілдерінің қонақ үй ауласында кездесу сәті
Тәжік делегаттары мен оппозиция өкілдерінің қонақ үй ауласында кездесу сәті

Варшавадағы ЕҚЫҰ жиынында тәжік үкіметінен келген делегация өкілдері мен оппозиция жақтастары арасында төбелес болған. Үкіметтік делегацияның бір мүшесі оппозиция өкілінің бетінен ұрған.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, төбелес Варшавадағы ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) жиыны өтіп жатқан қонақ үйлердің бірінің ауласында болған.

Польшада тұратын тәжік оппозициясының өкілі Сулаймон Орзу үкімет делегациясының құрамында болған Тәжікстанның Ислам жаңғыру партиясының (ТИЖП) бұрынғы мүшесі Аёмиддин Сатторовқа ''Саяси тұтқындарға бостандық" деген жазуы бар қағазды беріп, оны суретке түсіргісі келген. Бұл үкімет делегациясының өкілдеріне ұнамаған. Jлардың бірі Орзудың бетінен ұрып жіберген.

Оқиға куәларының айтуынша, бұған қатты назаланған Сулаймони Орзу делегация өкілдері отырған көлік жаққа қарай асыға жетіп, олармен біраз айтысып қалған.

Осыдан соң көлік орнынан қозғалып, оппозицияның тағы бір өкілі Шухрати Рахматуллоның аяғына тиіп кеткен. Мұны Азаттықтың Тәжік қызметіне партияның баспасөз хатшысы Бободжон Каюмов айтқан.

Тәжікстанның Ислам жаңғыру партиясының (ТИЖП) негізін қалаушы ретінде саналатын Аёмидин Сатторов жақында ислам партиясынан бас тартып, партия басшылығын "жарғыны бұзды" деп кіналаған. Тәжікстан үкіметі бұрынғы оппозионерді ресми делегациясының құрамына қосып, Варшавадағы ЕҚЫҰ жиынына жіберген.

"ОППОЗИЦИЯ ЖАҚТАСТАРЫ АРАНДАТТЫ"

Ал Тәжікстанның үкімет делегациясы өздерін оппозиционерлердің арандатуға тырысқанын айтты. Тәжікстанның исламтану орталығы төрағасының орынбасары Рустам Азизи төбелес үкімет делегациясының мүшелері түскі астан қайтып келе жатқан кезде болған.

"Бізге оппозиция жақтастары жақындап, өздерінің ұрандарын көрсете бастады. Олардың төбелес бастағысы келгені анық...Оппозиция жақтастары елшінің көлігін бірнеше рет ұрды. Полиция өкілдері келіп, видеокамерадағы жазбаларды зерттеген. Олар оппозиция өкілдерінен жауап алған. Кешкі отырыста ЕҚЫҰ өкілі үкімет делегациясынан болған оқиға үшін кешірім сұрады" деді Рустам Азизи.

ЕҚЫҰ жиынында отырған тәжік оппозициясының өкілдері. Варшава, 9 қыркүйек 2018 жыл
ЕҚЫҰ жиынында отырған тәжік оппозициясының өкілдері. Варшава, 9 қыркүйек 2018 жыл

ОППОЗИЦИОНЕРЛЕРДІҢ ТАЛАБЫ

ЕҚЫҰ-ның адамзаттық өлшем бойынша жыл сайынғы отырысы Варшавада қыркүйектің 10-ы басталған. Жиналыстың бірінші күні Тәжікстан үкіметінің делегациясын басқарып келген Низомиддин Зохиди Тәжікстанның Ислам жаңғыру партиясының ел аумағындағы терактілерге қатысы бары құжат бойынша дәлелденгенін мәлімдеген. Зохиди Тәжікстан билігінің ЕҚЫҰ мақсаты мен бағдарламасын қолдайтынын айтып, алайда Душанбе "терроризммен күресте террористерді "өзіміздікі" немесе "өзгенікі" деп бөлуге қарсы" деген.

"Осыдан кейін залдың соңында отырған "Саяси тұтқындарға бостандық!" деген жазуы бар қағаз ұстаған тәжік оппозициясының өкілдері орындарынан түрегелді" деді жиналысқа қатысқан Тәжікстанның тәуелсіз БАҚ ұлттық қауымдастығының төрағасы Нуриддин Каршибоев.

ЕҚЫҰ жиынында Тәжікстан үкіметі делегациясының жетекшісі Низомиддин Зохиди Ислам жаңғыру партиясын сынады
ЕҚЫҰ жиынында Тәжікстан үкіметі делегациясының жетекшісі Низомиддин Зохиди Ислам жаңғыру партиясын сынады

ДУШАНБЕНІҢ ЕҚЫҰ-ҒА "ЕСКЕРТУІ"

Тәжікстанның билігі бұған дейін Варшавадағы ЕҚЫҰ-ның адам құқығы бойынша жыл сайынғы жиынына қатысу жайлы екіойлы болып келген. Ақырында делегация жіберу туралы шешім қабылдаған. Тәжік делегациясының құрамында Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі, Исламтану орталығы, Ислам университетінің өкілдері, сонымен бірге елде тыйым салынған Тәжікстанның Ислам жаңғыру партиясының бұрынғы мүшесі Аёмиддин Сатторов және тағы да өзге азаматтар болған.

Ал оппозиция тарапынан Польша астанасында Тәжікстанның Ислам жаңғыру партиясының жетекшісі Мухиддин Кабири, "Группа 24" қоғамдық-саяси қозғалысының жетекшілері және өзге азаматтар болған.

Тәжікстан билігі бұған дейін "ЕҚЫҰ тәжік оппозициясын қолдайды" деп бірнеше рет айыптаған.

Тәжікстанның мемлекеттік ақпарат құралдары жиын қарсаңында "егер ЕҚЫҰ Варшавадағы жиналыста "террористік әрекеттері әшкереленген, халықаралық іздеуде жүрген адамдарға мінбер берсе ұйымның Душанбедегі кеңселері жабылуы мүмкін" екені жайлы мақала жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG