Accessibility links

Таразда үй комиссиясына кіргізуді талап еткен бір топ ана билікті көндірді


Көп балалы аналар үй комиссиясына өз өкілдерін кіргізуді талап етіп, Жамбыл облыстық әкімдігіне келіп тұр. Тараз, 21 мамыр 2020 жыл
Көп балалы аналар үй комиссиясына өз өкілдерін кіргізуді талап етіп, Жамбыл облыстық әкімдігіне келіп тұр. Тараз, 21 мамыр 2020 жыл

21 мамырда Таразда ондаған әйел Жамбыл облыстық әкімдігінен әлеуметтік жатақханада орын бөлетін комиссияға көп балалы және мүгедек баласы бар аналардың өкілдерін кіргізуін талап етті.

Облыс әкімдігі құрған комиссия жатақхана берілетін адамдардың тізімін дайындайды. Былтыр комиссия құрамына тұрғын-үй бөлімінің қызметкерлерімен бірге енген бес ана биыл шығып қалған.

“Біз мұны бейбіт түрде шешкіміз келген. Бірақ билік әлеуметтік желіде жазып жатқан сұрақтарымызға жауап бермейді, кері байланыс жоқ. Олар бізбен диалог құрып, сұрақтарымызға жауап берсін”, - деді белсенді ана Жанат Естаева.

Қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабайдың сөзінше, былтыр жатақханадан орын тимеген басқа аналар “комиссиядағылар өз адамдарына бірінші беріп жатыр” деп шағымданған соң, аналарды комиссиядан алып тастаған.

Әкімдікте билік өкілдерімен кездесуден кейін Жанат Естаева Азаттыққа облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың бес ананы комиссия құрамына қайта енгізуге келіскенін хабарлады.

Кейінірек Жылқыбаев: “Жатақхана кезегіне байланысты комиссия мүшелерінің жанынан белсенді аналардан тұратын арнайы бақылау тобы құрылады. Осы және өзге де проблемаларды бірлесіп, өзара түсінісу арқылы шешетін болдық”, - деп жазды Facebook-парақшасында.

Жыл басында Тараздық көп балалы және мүгедек баласы бар аналар тобы жергілікті биліктен баспана мәселесін шешуді талап еткен еді. Олар бірнеше жылдан бері үй кезегінде тұрғанын, бірақ әлі күнге дейін баспанаға қол жеткізе алмағанына шағымданған.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде 1800-ге жуық көп балалы отбасы тұр. Былтыр жаңадан салынған әлеуметтік жатақханадан 180 отбасыға орын берілді. Биыл 180 отбасына тағы бір жатақхана салынып жатыр.

2019 жылы ақпанда Нұр-Сұлтанда уақытша баспанада өрт шығып, бір үйдің бес баласы қаза тапқан. Өрт шыққанда балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмыста болғаны айтылады. Осы оқиғадан кейін елде көп балалы аналар, жалғызбасты әйелдер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар биліктен әлеуметтік жағдайды жақсартып, баспана мәселесін шешуді талап еткен.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG