Accessibility links

"Жоқты бардай қылып, ойдан құрастырып жазған". Қаңтардан соң бес жылға сотталған Айболдың хикаясы


Айбол Сағынтай (сол жақта) сот залында отыр. Тараз, 28 сәуір, 2023 жыл

"Балам Кореяға кетіп қалғанда, бұлай зарлап отырмас едім". Таразда Қаңтар бүлігін "ұйымдастырды" деп танылып, бес жылға сотталған Айбол Сағынтайдың анасы шарасыздықтан осылай деп егіледі. Заңгер оқуын оқып, жұмыс таба алмаған соң, құрылыспен айналысқан Айбол күнкөріс қиындығын айтып алаңға шыққанын ғана мойындайды, ал қалғанының бәрі "жала" дейді.

ҮКІМ

"Айбол Айдарұлы Сағынтай Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 272-бабының 1-бөлігі, 272-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 58-бабының 3-бөлігі негізінде қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы Айбол Айдарұлы Сағынтайға түпкілікті бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын".

Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық қылмыстық соттың судьясы 2023 жылғы 28 сәуірде Тараздағы №67 түзеу мекемесінде осындай үкім оқыды. Айбол Сағынтаймен бірге тағы сегіз адамға түрлі жаза кесілді.

Айбол Сағынтайдың Тараздың тергеу изоляторында түскен суреті. Анасы Күлайша Шерәлиева берген фото
Айбол Сағынтайдың Тараздың тергеу изоляторында түскен суреті. Анасы Күлайша Шерәлиева берген фото

Үкімді естіген Айбол "Әділдік жоқ! Бір дәлел тапқан жоқ! Бірақ ұйымдастырушы қылды!" деп айқайлап жіберді.

Анасы Күлайшаның көзі қарауытып, буыны босап кеткен. Бірақ балам уайымдамасын деп тез есін жиып, әйнек қоршаудың арғы жағындағы ұлына тұра ұмтылған.

– "Балам, сабыр ет. Апелляцияға береміз, апелляцияға береміз" деп қайталай бердім. Аузыма басқа сөз түспеді. Айболым ақиқатқа ақырғы сәтке дейін сеніп, алаңсыз отырса керек. Үкімді естігенде өзін-өзі ұстай алмай, судья мен прокурорға "Алла жазаларыңды берсін!" деп кіжіне берді. Сот залынан әкетіп бара жатқан бес-алты айдауылға бой бермей, бұлқынып бара жатты, – деп жылайды Күлайша.

ҚҰРЫЛЫСШЫҒА АЙНАЛҒАН ЗАҢГЕР

Айбол – үйдегі екі ұлдың кішісі. Алты жасында әкесі қайтыс болған. 30-ға толмай жесір қалған Күлайша Шерәлиева екі ұлын жалғыз өсіріпті. Айбол ағасынан бұрын үйленіп, екі сәби сүйген.

Айболдың нағашы атасы Бекетай да, өз атасы Сағынтай да ішкі істер саласында қызмет еткен. Ол да аталарының жолын қуып, заң қызметкері болуды армандаған. Тараздағы "Болашақ" колледжінің заң бөлімін бітірген жігіт әскери борышын өтемегендіктен, күш құрылымдарына жұмысқа орналаса алмапты. Сол себепті пәтер жөндеп, анасы мен өз отбасын асырап жүрген.

Айбол Сағынтай (оң жақта) анасы Күлайша Шерәлиевамен бірге. Отбасы архивіндегі фото
Айбол Сағынтай (оң жақта) анасы Күлайша Шерәлиевамен бірге. Отбасы архивіндегі фото

– Балам өте еңбекқор болып өсті. Жұмыстан қолы бос уақытта аулаға бақша салып, көкөніс егетін. 20 бас ешкі, 15 тауығымыз бар еді. Айбол қамалғалы бәрін сатып тауыстық. Арлан деген алабай итін жанындай жақсы көретін. Аулада Арланнан өзге ештеңе қалмады. Биыл бақша да салмадық... Кездесуге барған сайын итінің фото-видеосын көріп мәз болады, – дейді анасы.

Айбол Астанаға, басқа қалаларға барып, үй салып, жөндеу жүргізген. Өзінің құрылыс бригадасы да болған. Үйленгеніне бес жылдан асқан. Әйелі базарда саудада. Ал Күлайшаның өзі аспаз болып жұмыс істейді.

– Үлкен немерем Раяна мамырдың аяғында төртке толады. Әкесін іздеп жылаған кезде жанымды қоярға жер таппай қаламын. Міне, 1,5 жылға жуықтады, "папаң жұмыста" деп алдарқатып келемін, – дейді Күлайша Шерәлиева.

Айболды полиция 2022 жылғы 17 ақпанда Тараздағы үйінен нан алуға дүкенге шыққанда ұстап әкеткен. Үй іші оны сарсыла іздеп, екі күн дегенде тергеу изоляторынан тапқан.

Басында тергеу Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1, 2 және 3-бөліктері бойынша, яғни "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру", "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" және "билік өкілдерінің заңды талабына белсене қарсы тұру, арандату" деген үш пункт бойынша айып таққан. Кейін үшінші пункт түсіп, алдыңғы екеуі қалыпты. Сот тергеудің тұжырымын дұрыс деп тапқан.

ТЕРГЕУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Тергеу тұжырымы бойынша, Айбол Сағынтай дүрбелең күндері төрт бірдей нысанға – облыс әкімдігіне, полиция, ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттік кірістер департаменттері ғимараттарына шабуыл жасауға қатысқан.

Жамбыл облысы әкімдігі ғимараты. Тараз, 28 қаңтар, 2023 жыл
Жамбыл облысы әкімдігі ғимараты. Тараз, 28 қаңтар, 2023 жыл

5 қаңтардағы әкімдік алдындағы жағдай "Шабуылшы санының басымдығына төтеп бере алмаған әскерилер мен құқық қорғау органы қызметкерлері кері шегінген. Осы сәтті пайдаланған шабуылшылар Айбол Сағынтайдың ұйымдастыруымен облыс әкімдігіне тас лақтырып, сыртқы есігін сындырып, сағат 22.44-те ғимарат ішіне кірген" деп сипатталған.

Тергеушілердің сипаттауынша, сол түні шабуылшылар Тараз қалалық полиция басқармасына да барған. Ол жерде полицияның 302 КР 08 деген мемлекеттік нөмірі бар Geely маркалы көлігіне от қойып, 2 694 380 теңге мүліктік шығын келтірген.

"Қаңтардың 6-сына қараған түні Айбол Сағынтай тергеу анықтамаған жаппай тәртіпсіздікке қатысушылармен бірге полицияға тиесілі 307 КР 08 деген мемлекеттік нөмірі бар "ГАЗ-33106" маркалы эвакуатор көлікті айдап әкетіп, Төле би даңғылының бойымен жүріп өткен. Көліктің кабинасында Айбол Сағынтайдың қылмыстық сыбайласы С.Жүнісәлі, ал артқы жүктиегішінде Д.Садықов отырып, қала ішіндегі мемлекеттік ғимараттарға барып, оларды қиратуды көздеген" делінген тергеу материалдарының бір тұсында.

Тергеудің тұжырымы бойынша, кейін олар эвакуатор көлікті халық шоғырланған жерге тоқтатып, жүктиегішіне жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың тағы бір тобын мінгізіп, мемлекеттік кірістер департаментіне барған.

"Сол жерде көліктен түсіп, ғимаратқа тас лақтырған, терезелерін сындырып, басқа да мүлкін бүлдіріп, департаментке 1 539 394 теңге материалдық шығын келтірген".

Тергеу материалдарында "жаппай тәртіпсіздікке қатысушы бір топ адам әкімдікті талқандағаннан кейін Қазыбек би көшесінің бойында тұрған полиция көліктерін тепкілеп, терезе-айнасын сындырып, көлік үстіне шығып секірді" деп жазылған.

Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген автокөлік паркін қалпына келтіру үшін Жамбыл облыстық полиция департаменті жалпы 48 797 714 теңге жұмсаған.

Сол күндері ұлттық қауіпсіздік комитетінің Тараздағы департаментіне де шабуыл жасалған. "Шабуылшылар 6 қаңтар күні шамамен сағат 03.40 шамасында Тараздағы Көшек батыр көшесі, №7 мекенжайында орналасқан ҰҚҚ Жамбыл облысы бойынша департаменті ғимаратының маңына келіп, көлікті көшенің басына қойып, өздері ғимараттың жанына жаяу барған. Сол жерде Сағынтай өзі танымайтын адамнан 16 калибрлі аңшы мылтығын алып, аспанға оқ атқан" делінген тергеу материалында.

"БИЛІККЕ ТАЛАП-ТІЛЕГІМІЗДІ АЙТУҒА БАРДЫҚ"

Айбол Сағынтай 4-5 қаңтарда алаңға барғанын мойындайды. "Күнкөріс қиындағанын, елді жұмыссыздық жайлағанын айтып, үкіметке талап қою үшін барды" дейді анасы. Оның сөзіне қарағанда, Айбол "Бейбіт митинг болғандықтан, билікке талап-тілегімізді айтуға бардық. Қымбатшылық қысып, тапқанымыз кредиттен артылмай қойды, отбасын асырау қиындап кетті, сол үшін алаңға бардым" деп түсіндірген.

Анасының айтуынша, Айбол қаңтардың 5-інде де алаңға барып, 6-сына қараған түні сағат 2-де үйіне қайтқан.

"Тергеу қорытындысы көбіне бірнеше куәгердің сөзі негізінде, дәлелсіз, ойдан құрап жазылған. Сот барысында тергеу деректерінің көбі дәлелденбей қалған" дейді ол.

– Тергеушілер жоқты бардай қылып, ойдан құрастырып жаза берген. Алаңда митинг болып жатқанын елден естіп барса, ол қалай ұйымдастырушы болады? – дейді Күлайша.

N2 Тараз қалалық соты. 26 қаңтар, 2023 жыл
N2 Тараз қалалық соты. 26 қаңтар, 2023 жыл

Шешесінің сөзінше, Айболды алдымен үш ай бойы ұлттық қауіпсіздік комитеті тексерген. "Ол қару ұрламағаны, эвакуаторды айдап әкетпегені, кісіге қиянат қылып, ғимараттарды өртемегені анық. Бірақ тергеу ешбір уәжімізге құлақ аспай, баламды ұйымдастырушы қылды" дейді әйел.

– Полицияның эвакуаторын айдап әкеттің деп бәле салды. Айбол – ешқашан көлік жүргізбеген адам. Жеңіл машина емес, эвакуаторды қайдан айдасын? Алаңда қолына дауыс зорайтқыш алып, жедел жәрдемнің жолын бөгеген жігіттерді сабырға шақырған, сол видеоға түсіп қалған, – дейді анасы.

Оның айтуынша, тергеу кезінде таспадағы аудионы бұрмалап, Айболдың аузына басқа сөздер салған. Бірнеше адам "Айбол "Бензин әкелейік, өртейік" деген ұран айтты" деген. Күлайшаның айтуынша, барлық жерде "айналдырған екі-үш бала куәлік еткен".

– Тергеу изоляторында тергеушілер Айболға және басқа балаларға келіп, "Біз айтқан адамдарға қарсы куәгер болсаңдар, бүгін шығасыңдар" деген. Бірақ менің балам "біреудің қарғысына қалмаймын" деп, келіспеген. "Онда отырасыңдар" деген.

Қамалмас бұрын Айбол Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істемек болып, құжат жинаған. Алайда мойнында өтелмеген несиелері болғандықтан, шекарадан шыға алмапты.

– Сол кезде қарызданып-қауғаланып несиесін жауып беретін кісімін ғой. Кореяға кетіп қалғанында, бұлай зарлап отырмас едім, – дейді Күлайша.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG