Accessibility links

Жасанды кампания ма? Шоу-бизнес өкілдері Каримованы мадақтап, босатуды сұрады


Гүлнара Каримова. Актриса Халима Ибрагимованың Instagram-дағы жазбасынан алынған скриншот.
Гүлнара Каримова. Актриса Халима Ибрагимованың Instagram-дағы жазбасынан алынған скриншот.

Маусымның 24-25 күндері Өзбекстандағы танымал шоу-бизнес өкілдері әлеуметтік желідегі парақшаларында елдің бірінші президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримованы мадақтап, оның тезірек бостандыққа шығуын тілеп отырғанын жазды. Кейбір блогерлер мұны "президент әкімшілігінің тапсырмасы" десе, кейбірі мұны жоққа шығарады.

"АЛАҚАЙ! ЖАҚЫНДА ШЫҒАДЫ"

"Ақша жымқыру" айыбы бойынша айыпталып, қамауда отырған экс-президенттің қызы Гүлнара Каримованы "мадақтау кампаниясына" қатысқандардың арасында "Божалар" тобының әншісі Жахонгир Позилжонов та бар.

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында Гүлнара Каримовамен бірге түскен суретін жариялап "Біз сізді сағындық. Отбасыңызға тезірек оралуыңызға тілектеспіз, деніңіз сау болсын!" деп жазып қойған.

Жазба соңында Позилжонов Instagram-дағы Гүлнара Каримова мен оның қызы Иман Каримованың парақшаларын белгілеген.

Дәл осыған ұқсас жазба актриса Халима Ибрагимованың Instagram-дағы парақшасында да маусымның 25-і күні пайда болды. Ол экс-президент қызының суретін жариялап:

"Алла сізді қолдасын. Отбасыңызға аман-есен оралыңыз, деніңіз сау болсын. Сіз үшін дұға жасап отырғандар бар. Сіз менің кумирімсіз" деп жазған.

Ол да жазбасында Гүлнара Каримова мен қызын белгілеп қойған.

Instagram-да 1,6 миллион жазылушысы бар Халима Ибрагимованың Каримова туралы жазбасына 10 мың лайк қойылған. Бірақ сол күні-ақ бірнеше сағаттан соң жоғалып кеткен.

Гүлнара Каримованың "бостандыққа шығуын тілеп", жылы пікір айтқан танымал азаматтар арасында әнші Шахзода Матчонова, Зиёда, Далер Субхонов, Дильфуза Кадырова және өзге де қолданушылар болды.

Олардың кейбірі "Құдайым, дұға-тілектерімізді тыңдағаның үшін алғыс айтамыз" десе, бірі "алақай, жақында шығады!" деп леп белгісімен аяқталған жазба қалдырған.

Маусымның 24-і күні өзбек журналисі әрі блогер Каримберди Турамурод Facebook-та "Каримоваға бостандық!" деген атпен мәлімдеме жариялап қойған.

"Гүлнараның күш-қайраты, білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті мен ақшасын өзбек халқының игілігіне қолдану керек. Оған бостандық беру керек. Тым болмағанда форум қоры аясында жұмыс істеуіне мүмкін беру керек. Бір ай бұрын жағдайы мүлде басқаша болған адамдардың өзін кешіріп, тіпті пәтер сыйлап жатқанда біз Гүлнараны неге кешіре алмаймыз? Егер Гүлнараға мүмкіндік берсе, ол халыққа әрқайсымыздан көбірек пайда әкелер еді. Ол да әйел, ол да ана" деп жазған.

Ал аты-жөнін атаудан бас тартқан өзбек блогерлерінің бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне маусымның 25-і күні әлеуметтік желіде жазылушысы көп шоу-бизнес өкілдеріне "Гүлнара Каримованы босатуды өтініп, жазба жариялауды" ауызша тапсырғанын айтты.

Ол бұйрықты президент әкімшілігі өкілдерінің бергенін, бірақ нақты шенеуніктің аты-жөнін атамады. Блогердің пайымдауынша, мұндай мадақтау акциясының мақсаты - Гүлнара Каримованы босатар алдында қоғамды осындай "жағымды жаңалыққа дайындау".

Ал блогер Каримберди Турамурод "Каримованы мадақтау акциясының" тапсырыспен болғанын жоққа шығарды. "Мұны әлеуметтік сауалнама десеңіз де болады" деді ол.

Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі шоу-бизнес өкілдерінің концерт ұйымдастыруына жауапты "Өзбекконцерт" мемлекеттік мекемесіне де хабарласып көрді. "Өзбекконцерттің" лицензия бөлімінің қызметкері "бұл тапсырыспен жасалған науқан ба әлде кездейсоқтық па?" деген сұраққа былайша жауап берді:

"Мұндай бұйрық берген жоқпыз. Бұған еш қатысымыз жоқ. Егер олар Гүлнара Каримова жайлы жазса, бұл олардың жеке пікірлері және біздің оған еш қатысымыз жоқ".

Бірнеше жыл бұрын қайтыс болған Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримоваға елдің бас прокуратурасы, сонымен бірге АҚШ, Швеция, Голландия және Швейцарияның құқық қорғау органдары "жемқорлықпен айналысты" және "ірі көлемде ақша жымқырды" (бірнеше миллиард доллар) деген айып таққан.

2017 жылы желтоқсан айында Өзбекстан Гүлнара Каримованы шамамен 53 миллион қаржыны жымқырды деп айыптады. Осылайша он жылға бас бостандығынан айрылды. Алайда апелляциялық инстанция экс-президент қызының үкімін жұмсартып, жаза мерзімін он жылдан бес жылға (үйқамақ) азайтты. Бірақ кейіннен "үйқамақта болу шарттарын бұзғаны үшін" түрмеге ауыстырылғаны хабарланды.

Қазіргі кезде ол Ташкент облысы Зангиат ауданындағы №21 әйелдер түрмесінде жазасын өтеп жатыр. Оны үйқамақтан кейін 2019 жылы наурыз айында сол жаққа қамаған.

Швейцариялық адвокаты Грегуар Манжа маусымның 15-і күні Twitter-дегі парақшасында Зангиат түрмесіндегі Каримоваға кіріп шыққанын, денсаулығы "алаңдатарлық жағдайда" екенін жазған.

Адвокатымен соңғы рет кездескеннен кейін Гүлнара Каримованың Өзбекстан халқы мен президенті Шавкат Мирзияевқа жазған мәлімдемесі жарық көрді. Онда Каримова өзін амнистиямен босатуды сұрап, шетелде бұғатталған қаржыны Өзбекстанға қайтаруға көмектесетінін айтқан.

"ЖЕКЕ БАСТАМА"

Өзбекстанның ақпарат және коммуникациялар агенттігінің сейсенбілік жиынында жоғарғы сот өкілі Икром Мүслимов Каримованың мәлімдемесіне байланысты түсініктеме берді.

"Гүлнара Каримова ісі бойынша соңғы уақытта ешқандай мәлімдеме жасалған жоқ. Оның отбасы мүшелерінің әртүрлі коммуникация арналары арқылы таратқан мәлімдемелері - бұл Каримованың жеке бастамасы. Бұл тұрғыда ешқандай ресми құжат қарастырылып жатқан жоқ" деді Муслимов.

Ал адвокат Грегуар Манжа Азаттық жіберген сұрақтарға әзірге жауап бермеді.

Өзбекстандық құқық қорғау органдары мен қорғау тарабы арасындағы "құпия келіссөз жайлы" өткен аптада Гүлнара Каримованың қызы Иман Каримова хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG