Accessibility links

Азия қаламгерлерінің форумына жұмсалған қаржы ақтала ма?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия қаламгерлерінің форумында сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 4 қыркүйек 2019 жыл.

Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Азия елдері қаламгерлерінің алғашқы форумына бюджеттен 281 миллион 35 мың теңге (726 мың доллар) бөлінген. Әлеуметтік желі қолданушылары кешеден бері форумға кеткен қаражат ақтала ма, ақталмай ма деген мәселені қызу талқылап жатыр. Азаттық форумға бөлінген қаржыға байланысты бірнеше ақын-жазушының ой-пікірін білді.

Форумға 281 миллион теңге бөлінгені жайлы есеп Мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланды. Тапсырыс беруші – Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Ұлттық кітап палатасы. Конкурсқа тек Қазақстан жазушылар одағы қатысып, шараны өткізуге мүмкіндік алған. Қазақстан жазушылар одағының өкілі Ақберен Елгезек 4-6 қыркүйек арасында өтетін форумға 281 миллион теңгенің бөлінгенін растады.

- Ешкім жасырып отырған жоқ. Мемлекеттік сатып алу бойынша ұтып алдық. Бұл форум – имидж шарасы емес. Азия елдерінен атақтары бар жазушылар келді. Қазақстаннан 200-ден астам ақын-жазушы шақырдық. Қазақстан әдебиетін әлемге таныту үшін ұйымдастырып жатырмыз. Ақша бөлінген соң қатысамыз. Әдебиетке салынған ақша қайтады, – деді ол Азаттыққа.

Қазақстандық ақын-жазушылар Азия қаламгерлерінің форумында отыр. Нұр-Сұлтан, 4 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстандық ақын-жазушылар Азия қаламгерлерінің форумында отыр. Нұр-Сұлтан, 4 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақстан жазушылар одағының мәлімдеуінше, форумға Азияның 35 елінен 80-ге жуық жазушы қатысып жатыр. Олардың арасында Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары бар.

Азаттық тілшісі сөйлескен қаламгерлердің бірі "форумға бөлінген қаржыдан нәтиже болар" деп үміттенеді. Енді бірі "әдебиет ақша шашумен дамымайды" дейді.

Ырысбек Дәбей, жазушы:

Ақын Ырысбек Дәбей
Ақын Ырысбек Дәбей

- Қазақстанда не көп, форум көп. Оларға бөлініп жатқан қыруар ақша байқалмайды. Ал жазушылардың форумының ақшасы тез көзге түсті. Себебі қарапайым халық жазушыларды елдің мұң-мұқтажын білетін, халыққа жақын, халықтың өкілі деп түсінеді. Өз басым қыруар ақша шығарып, форум өткізгенді түсінбеймін. Әдебиет ақша шашумен дамымайды, әдебиетті жеке адамдар жасайды. Бір жылда Нұр-Сұлтанда жазушылардың үшінші форумы өтіп жатыр. Шетел жазушыларын шақырып, танысайық, әңгімелесейік дегені болмаса, басқа не пайдасы бар? Әу баста форумға Азиядағы Нобель сыйлығының лауреаттары келеді деген. Олар келмеді. Түркия жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Орхон Памук көп қаламақы сұрады дейді. Ақыры ақша шашатын елсіңдер деп көп сұраған шығар. Ол да, Қытай жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь да келмеді. Жапонияда Нобель сыйлығының көзі тірі иегерлері бар. Олар да жоқ. Қазіргі интернет заманында олар Қазақстандағы саяси жүйені білетін шығар деп ойлаймын. Мо Янь Қытай өкіметінің саясатын жазды, сол үшін Нобель сыйлығын алды (Қытайдағы бала туу мәселесі жайлы жазылған "Бақа" романы үшін 2009 жылы Нобель сыйлығын иеленген – ред.). Қытай билігі оны ұнатпайды. Орхан Памук Түркияның күрдтер мен армяндарға зорлық-зомбылығын жазды. Оны Түркия билігі біраз қудалады, шындықты айтқаны үшін жек көреді. Нобель сыйлығының лауреаты, жапон жазушысы Кэндзабуро Оэ Хиросима мен Нагасакидегі жарылыс жайлы шығарма жазды. Мұндай трагедия бізде аз ба? Шаңырақ оқиғасы, Жаңаөзен оқиғасы, Қызылағаштағы тасқын, Семей полигоны, биыл қыста Астанада өртенген бес сәбидің өлімі бар. Қазақстанда қоғамның әлеуметтік психологиясын көрсететін толымды көркем туынды жоқ. Халықтың тұрмысын, саяси өмірді жазып жатқан жазушы жоқ. Біздің жазушылар ондай тақырыптарға бармайды, сескенеді. Бүгінгі қоғамның бет бейнесін көрсететін ұлы шығарма жазылса, сонымен атымыз шықса, Нобель сыйлығының иелері форумсыз-ақ келер еді. Форумда "Азия алыбы" деген әдеби сыйлық тағайындау керек деп ұсыныс жасалып жатыр. Ұйымдастырушылар оны Нобель сыйлығына парапар сыйлық жасағысы келеді. Күлкілі естіледі. Саяси тақырыпта, адам құқығына байланысты көркем шығармалары жоқ, соған қарамай "Нобельге парапар сыйлық жасаймыз" дейді. Партияны мақтайтын, режимнің аясынан шыға алмайтын әдебиет Нобель сыйлығын ала алмайды. Социалистік лагерь жазушыларының алмағаны содан ғой.

281 миллион теңгеге жазушылар форумын өткізу дұрыс па?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:41 0:00

Қасымхан Бегманов, жазушы:

- 281 миллион теңге жұмсалады деген жаңсақ ақпарат шығар. Егер ол рас болса, көп ақша. Қазір халықтың әлеуметтік жағдайы мәз емес. Қанша ақша қайда жұмсалғаны жайлы ұйымдастырушылар есеп беруі керек. Мен қазір форум ортасында жүрмін. Ақын-жазушылардың халыққа жаны ашымайды деген пікірді қалыптастырудың керегі не? Қазақ десе сүйегі сыздап, жүрегі ауыратын ақын-жазушылар өте көп. Осындай форум керек пе, жоқ па деген мәселеге қазір жауап беру қиын. Былтыр да өткіздік. Осындай кездесулер қазақ әдебиетіне не береді? Нәтижесін күтейік. Атақты жазушылар келіп жатыр. Танысу енді ғана болып жатыр. Оның үстіне тіл білмеген соң шүйіркелесіп, кез келгенімен сөйлесіп кете алмайсың. Жеке адамдарға жеке тілмаштар жоқ. Ілеспе аудармамен тыңдап отырмыз.

Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы:

Жазушы Сұлтанәлі Балғабаев.
Жазушы Сұлтанәлі Балғабаев.

- Әдебиетті насихаттауға бөлінген 281 миллион теңге көп емес. Қазақстанға сырттан келетін бір футболшының өзіне одан әлдеқайда көп төленеді. Оның қасында бұл әдебиет емес пе? Мен жазушыны, қазақ әдебиетін қолдау жайлы талай рет жаздым. Жазушыларға жағдай жасау керек, қаламақы төленуі керек. Кітап саудасын ұйымдастырып, шығармашылықпен айналысуға көңіл бөлу қажет. Бірінші кезекте керегі – осы.

Ықылас Олжай, ақын:

- Осыдан бірер ай бұрын ғана Еуразия астаналары жазушыларының форумы өтті. Енді тағы да не үшін өткізгенде қандай қисын бар? Алдыңғы форумның нәтижесі бар ма? Форумнан жазушылардың жеке өміріне, материалдық жағдайына, тіпті белгілі бір кітаптардың тәржімалануына, жеке адами стимулына байланысты ештеңе көрмедім. Ал мына форумның мазмұны 281 миллионға тати ма, татымай ма? Өзін ақтай ма, жоқ па, мәселе сонда.

Қыркүйектің 4-і күні жиынның ашылуына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Форум кезінде Қазақстан қаламгерлер жиынын үш жылда бір рет Азия елдерінің бірінде өткізіп тұруды, әдебиет бойынша «Азия алыбы» сыйлығын (Нобель сыйлығының құрлықтық баламасы) тағайындауды ұсынбақ. Форум қыркүйектің 6-сы күні аяқталады.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG