Accessibility links

Евгений Жовтис: "Биліктің бейбіт жиын туралы заң жобасы төзімімді тауысты"


Қарсылық акцияна шыққан адамды әкетіп бара жатқан полиция. 26 қараша 2019 жыл.
Қарсылық акцияна шыққан адамды әкетіп бара жатқан полиция. 26 қараша 2019 жыл.

Қазақстандағы адам құқығы бойынша халықаралық бюро директоры Евгений Жовтис бейбіт жиындар туралы заң жобасын дайындайтын парламенттегі жұмыс тобынан шығып кетті. Ол министрлік дайындаған заң жобасы демократия қағидаларына қайшы деп санайды.

Бір апта бұрын, наурыздың 26-сына парламент мәжілісі бейбіт жиындар туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Бірақ бірнеше өзгеріс енгізілетінін хабарлаған. Бұған дейін құқық қорғаушылар заңды «халықаралық стандарттарға сай келмейді» деп сынаған еді.

Қазақстан билігі бейбіт жиын өткізу тәртібін өзгертетініні жайлы бірнеше рет уәде берген соң ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жаңа заң жобасына кіріскен. Былтыр маусымда өткен президент сайлауы кезіндегі наразылық акциялары мен азаматтарды жаппай ұстау шарасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев митинг өткізу үшін жергілікті биліктен рұқсат сұрау тәртібін өзгертіп, алдын ала хабарлау формасына ауыстыру керегін айтқан.

Тоқаев бұл ұстанымын президент жанынан құрылған ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында да қайталады. Ақпанда үкімет заң жобасын қоғам талқылауына шығарды. Алайда, құқық қорғаушылар мен белсенділер жаңа жобада ескі заңдағы біраз шектеулер сақталғанын, ал рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырушылар мен оған қатысқандарға жаза күшейгенін айтып, наразылық білдірді. Наурызда заң жобасы парламентке өтті. Мәжілістің заң жобасын талқылау тобына азаматтық қоғамнің бірнеше өкілімен бірге Евгений Жовтис те кірген еді.

Сәуірдің біріне Жовтистің жұмыс тобынан шыққаны белгілі болды. Дәл осы күні Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды заң жобасын парламентте қарауды қоя тұруға, белсенділер пікірін ескеруге шақырды. Халықаралық ұйым белсенділердің «билік даулы заңды коронавирусқа байланысты шектеу кезінде қабылдап тастағысы келеді» деген қаупі барын айтады. Евгений Жовтистің пікірінше, бейбіт жиын өткізу құқығын реттейтін заңды асығыс қабылдауға болмайды.

«ЖОБАНЫҢ ТҮПКІ МӘНІ МҮЛДЕ САҚТАЛМАҒАН»

Азаттық: Жовтис мырза, «Бейбіт жиындар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобынан шыққаныңыз жайлы хабар тарады. Бұл ақпарат рас па?

Евгений Жовтис: Рас, кеше кешкісін (31 наурыз. — Ред.) жұмыс тобының басшысы, мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі [Қанат] Мусин мырзаға электронды хат жазып, жұмыс тобынан шыққанымды айттым. Хаттың бір данасын жұмыс тобы мен ұлттық кеңес мүшелері Мұхтар Тайжанға және Асылбек Қожахметовке жібердім.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 17 қазан 2016 жыл
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 17 қазан 2016 жыл

Азаттық: Мұндай шешімге не себеп болды?

Евгений Жовтис: Өкінішке қарай, бұл сұраққа қысқаша жауап бере алмаймын. Негізі, «жұмыс тобында қалудың мұнан әрі мәні жоқ» деген байламға келуім әсер етті деуге болар.

Азаттык: Бұл жауабыңызға қарап, сізді біреуге өкпелеп жүр деген ой тууы мүмкін …

Евгений Жовтис: Ешкімге өкпем жоқ, біреуге ренжитін жаста емеспін. Менің бейбіт жиын өткізу құқығы бойынша халықаралық сарапшы, ЕҚЫҰ-ның бейбіт жиын өткізу еркіндігі бойынша басшылыққа алатын (бірінші, екінші, үшінші рет өңделген) принциптерін дайындаған авторлардың бірі, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінің бейбіт жиын өткізу бойынша азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісінің 21-бабына қатысты № 37 жалпы тәртіптегі ескерту (бұл құжат жыл соңына дейін қабылдануы керек) дайындау бойынша кеңестің қатысушысы екенімді білесіз.

ЕҚЫҰ басшылыққа алған принциптерді адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті және ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің соттары қолданады.

2007 жылдан бері осы салада кәсіби тұрғыда еңбек етіп келемін. Польша, Сербия, Босния және Герцеговиня, Украина, Өзбекстан сияқты бірқатар мемлекеттің заң жобалары бойынша қорытынды дайындауға атсалыстым.

2012 жылы 6 мамырда Мәскеудегі Болотная алаңында болған оқиға туралы халықаралық сарапшылар комиссиясының құрамында баяндама дайындауға қатыстым.

Мен жай ғана құқық қорғаушы емеспін, қоғамдық ұйым мүшесімін. Одан бөлек, сарапшымын. Адамдардың кәсібилігіме күмәнмен қарамай, қайта оны кәдеге жаратуға тырысатынына үйреніп қалғанмын. Сондықтан қазір қарастырылып жатқан заң жобасы бірнеше параметр бойынша халықаралық стандарттарға сай келмейтінін айтудан жалықпаймын…

Азаттық: Бейбіт жиын өткізу тәртібін өзгерту процесі басталған кезде қазақстандық басылымдардың бірқатары жаңа заң дайындау кезінде Жовтистің жобасын негізге алады екен деп жазды. Ақпарат құралдарының мәліметінше,бұл жобаңызды министрлікке былтыр жібергенсіз. Бірақ қазір жұмыс тобында сіздің жобаңыз қаралмағандай сөйлеп отырсыз...

Евгений Жовтис: 2007 жылы бейбіт жиын туралы заң жобасын дайындадым. Оған президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшылар кеңесі оң баға берген. Кейін әртүрлі себептермен назардан тыс қалды. Былтыр жазда және күзде бұл жоба Алматы әкімдігінің жанындағы қоғамдық кеңесте талқыланып, ұлттық кеңес пен президент әкімшілігіне және заң жобасын дайындаған ведомствоға (ақпарат және қоғамдық даму министрлігі — Ред.) жіберілді. Жоба қыркүйек айында қарала бастады. Бірақ қазан айында талқылау тоқтап қалды. Биыл ақпан айының басында министрлік басқа заң жобасының тұжырымдамасын, кейінірек құжаттың өзін жариялады. Ал наурызда үкімет осы заң жобасын парламентке өткізді. Министрліктің менің жобамды оқығаны, кей жерден керек тұсын алғаны көрініп тұр. Бірақ менің жобам министрлік дайындаған заң жобасын аздап өңдеу үшін ғана қолданылған. Бірақ жобаның түпкі мән-мағынасы мүлде сақталмаған.

Министрліктің менің жобамды оқығаны, кей жерден керек тұсын алғаны көрініп тұр. Бірақ менің жобам министрлік дайындаған заң жобасын аздап өңдеу үшін ғана қолданылған. Бірақ жобаның түпкі мән-мағынасы мүлде сақталмаған.

БЕЙБІТ ЖИЫНҒА ЖАУ СИЯҚТЫ ҚАРАУ

Азаттық: Сіздің жобаңыз бен министрлік жобасының түпкі мағынасында қандай айырмашылық бар?

Евгений Жовтис: Менің жобам бейбіт жиын өткізу үшін ескерту тәртібін енгізуді көздейді. Оның өзі бейбіт жиынның бәріне бірдей қолданылмайды. Қоғамдық шараны ұйымдастыруға құқық қорғау органдарының көмегі қажет болған кезде ғана ескертсе болады. Ал құқық қорғау органдарының өкілдері ұйымдастырушыларға кедергі келтірмей, оларға бейбіт, тағы да қайталап айтамын, толықтай бейбіт жиын өткізуге көмектеседі. Кез келген заңда шектеулер болуы мүмкін, бірақ олар өте сирек жағдайда қолдану керек.

Министрлік дайындаған заң жобасында шектеулер көп (ескерту қағазын жіберіп, жауабын үш күн күту керек; митинг өткізуге заңда көрсетілген бірнеше себеп бойынша рұқсат берілмеуі мүмкін; бұл себептердің біразы шерулер мен демонстрацияларға рұқсат сұрау тәртібін қалыптастырып, халықаралық құқықтың шектеулер туралы принциптерін бұзады). Министрліктің жобасы бейбіт жиын (пикет, митинг, демонстрация) сияқты қоғамдық құбылысқа жау сияқты қарайды.

Басқа заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында бейбіт жиын ядролық жарылыс, азаматтық соғыс пен қарулы қақтығысқа теңестірілген. Билік мұндай түсінікпен кез келген бейбіт жиынды қауіп көріп, алаңға жиналған азаматтарды конституциялық құрылымды құлатып, билікті басып алатын құқық бұзушылар деп тани алады.

Азаттық: Министрлік заң жобасын халықаралық тәжірибенің озық үлгілері бойынша дайындадық деп отыр. Сіз не дейсіз?

Евгений Жовтис: Келіспеймін. Заңды дайындауға қатысқан ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері бұл саладағы халықаралық құқықты мүлде білмейтінге ұқсайды. Олар Ресей мен Сингапур сияқты мемлекеттердің тәжірибесін негізге алған. Дегенмен бұл елдердің тәжірибесі әлемде үздік саналмайтынын былай қойғанда, олар халықаралық қауымдастық тарапынан қатты сынға ұшыраған. Мәселен, Ресей адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотындағы істері бойынша жеңіліп жатыр. Өйткені Ресейдің бейбіт жиын өткізу туралы заңнамасы, әсіресе құқықтық тәжірибесі мемлекет ратификациялаған адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы еуропалық конвенцияға қайшы келеді. Одан бөлек, заңды дайындағандар АҚШ, Франция, Ұлыбритания сияқты мемлекеттердің тәжірибесін қатты бұрмалаған.

Олар халықаралық құқық пен бейбіт жиын өткізу құқығы саласындағы заманауи концепциялардың негізгі принциптерін қолданбаған. Тек кей мемлекеттердің заңнамаларындағы ережелердің әр тұсынан алған, толық мағынасын сақтамаған.

Біз Солтүстік Корея мен Түркіменстан тәжірибесін негізге "алсақ болады". Сонда бұл елдерде ондай құқық жоғын ескерсек, ешқандай заң қабылдаудың да қажеті болмайды.

КОРОНАВИРУС «ҚЫСЫМДЫ КҮШЕЙТУГЕ» СЫЛТАУ БОЛА АЛА МА?

Азаттық: Заң жобасының түпкі мағынасы көңіліңізден шықпаса және сіздің пікіріңізге ешкім құлақ аспаса, жұмыс тобынан шығу туралы шешімді неге бұлай кеш қабылдадыңыз?

Евгений Жовтис: Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Министрлік пен депутаттарға көп құжат жібердім. Оның ішінде халықаралық стандарттар мен балама заң жобасының нұсқасы бар. Жұмыс тобының бірнеше отырысына қатысып, өз ойымның дұрыстығын дәлелдеуге тырыстым. Сондықтан арым таза. Аталған заң жобасына қарсы жүздеген қол жинап жүрген құқық қорғаушы және азаматтық ұйымдардағы әріптестерімнің алдында да ұялмаймын. Өйткені уәдем бойынша, жұмыс тобында қоғамдық позициямды ашық білдірдім. Өзімнің, қоғам мен мемлекеттің алдында тазамын.

Соңына дейін ақылға қонымды ұсыныстар жеңіске жетер деп үміттендім. Бірақ сейсенбі, наурыздың 31-і күні заң жобасын онлайн-талқылау кезінде түпкілікті ештеңе өзгермейтінін, ал жарамсыз заңды өңдеуге қатыса берсем, кейін мемлекет мені заң жобасын қолдады деп шығатынын түсіндім.

Азаттық: Төзіміңізді не тауысты?

Евгений Жовтис: Мәселен, пикет өткізу орны мен тәртібі. Министрлік жобасында бір адамдық немесе шағын топтар пикеттері де алдын ала ескертуден кейін және жергілікті мәслихат бекіткен арнаулы орындарда ғана өткізу керегі көрсетілген. Бұл - халықаралық тәжірибеге қайшы. Демократиялық мемлекеттердің тәжірибесі біріншіден, (бір орында тұрып, қозғалмай өтетін) пикеттер туралы шара тыйым салынған жерде өтпесе, ескертудің керегі жоғын; екіншіден, мұндай шаралар «Сарыарқа» кинотеатрының артында немесе Махатма Ганди ескерткішінің (Алматы билігі митинг өткізуге бөлген жерлер. — Ред.) алдында емес, пикет объектісінің жанында өтуі керегін дәлелдейді.

Азаттық: Пандемия кезіндегі карантин мен басқа да шектеулер бейбіт жиын туралы жаңа заң қабылдау процесіне әсер етуі мүмкін бе?

Евгений Жовтис: Оған күмәнім жоқ. Тарихтан бөлек, коронавирус пандемиясына байланысты тәжірибе де авторитарлық режимдер заңдарды қатаңдатып, қысымды күшейту арқылы қазіргі жағдайды өз мүддесіне пайдалануға тырысатынын дәлелдейді. Қазір мәселе қатаңдату шараларында емес, үкімет дайындаған заң жобасының мәжіліс пен сенаттан тез өтіп кету мүмкіндігінде болып отыр. Пандемия кезінде заң қабылдауға асығуға болмайтынын ескерткім келеді. Неге? Өйткені қазір митингілер туралы мүлде сөз болмауы керек. Ал коронавирус пандемиясы бұл заң жобасын асықпай, сапалы дайындауға мүмкіндік береді. Менің ойымша, заң жобасын парламенттен қайтарып алып, оны халықаралық сараптамаға жіберу керек.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG