Accessibility links

Жуалылық мейіргер басшысы "карантин үстемақысын" қайтаруды талап еткенін айтып Тоқаевқа жүгінді


Коронавирусқа байланысты карантин кезінде кезекшілікте отырған медицина қызметкері. 2020 жылдың сәуірі. Көрнекі сурет.
Коронавирусқа байланысты карантин кезінде кезекшілікте отырған медицина қызметкері. 2020 жылдың сәуірі. Көрнекі сурет.

Жамбыл облысы Жуалы ауданы орталық ауруханасының мейіргері Фарида Жанбатырова басшылықтың үкімет берген үстемақыны қайтаруды талап еткені туралы әлеуметтік желі арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәлімдеме жасады.

Ол видеоүндеуінде коронавирусқа байланысты карантин кезінде істеген жұмысы үшін алған үстемақысының бір бөлігін басшысының талабымен қайтып беруге мәжбүр болғанын, екінші жолы келіспегенін мәлімдеген. Мейіргер карантин кезінде таңертеңгі сағат 7:30-дан 17:30-ға дейін күнделікті аурухана алдындағы бекетте кезекшілік атқарған еңбегі үшін сәуірде 160 мың теңге, мамырда – 200 мың теңге үстемақы алғанын айтады.

- Бірақ сәуірдің ақшасы түскен соң бас дәрігердің орынбасары Абзал Байториев мейіргерлерді кабинетіне жеке-жеке шақырып, 39 мың теңгені қайтаруды талап етті. Айтқан ақшаны кассаға апарып өткіздім. Ал мамырда ақша түскеннен кейін 150 мың теңгесін сұрады. 40, 60 мың, тіпті 100 мың болса да берер едім. Бірақ 150 мыңды бер дегенге келіспедім. Күйеуім жұмыссыз, ол ақша – бала-шағамның несібесі, - деді Фарида Жанбатырова Азаттық тілшісіне.

Ол ақша беруден бас тартқаннан кейін 26 маусымда басшылық өзін аурухана алдындағы кезекшіліктен алып тастағанын айтады.

Жанбатырованың сөзін онымен бекетте бірге жұмыс істеген тағы бір мейіргер Жанар Исмаилова да растайды.

- Бас дәрігердің орынбасары 26 маусымда шақырды. "Есепшоттарыңа 200 мың теңге аударамыз, оның 150 мың теңгесін қайтарып бересіңдер" деді. Және мұны "ешкімге айтпаңдар, ешқайда шықпасын, өз арамызда қалсын" деп ескертті, - дейді ол. Мейіргерлердің айтуынша, оларға бұл "жоғарыдағы басшылардың талабы" деп түсіндірген.

Жанар Исмаилованың сөзінше, банктегі есепшоты бұғаттаулы жатқандықтан басшы сұраған ақшаны бермеген. "Бірақ сәуірде бекетте істеген жұмысым үшін алған 136 мың теңгенің 39 мыңын қайтарып бердім" дейді ол.

Facebook әлеуметтік желісінде Фарида Жанбатырованың президент Тоқаевқа үндеуі жарияланған парақшада "Жуалы аудандық орталық ауруханасы" деп тіркелген аккаунт иесі мынадай жазба қалдырды: "Жуалы аудандық орталық ауруханасында пандемиямен күрес кезінде атсалысқан медицина қызметкерлеріне үстеме ақша берілген. Ақшаны жинап алу фактісі жоқ. Жалған ақпаратты тарату заң аясында жауапқа тартылатындығын хабарлаймыз".

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Абзал Байториев өзін айыптаған Фарида Жанбатырованың сөзін "жала жабу" деп атады.

– Ол айтқандарын жоққа шығарамын, бәрі - жалған. Жала жапқаны үшін сотқа беремін. Адвокат құжаттармен айналысып жатыр, – деді Абзал Байториев Азаттыққа 30 маусым күні. Ол қазір демалыста екенін айтты.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Азаттыққа Жуалы аудандық орталық ауруханасының қызметкері Фарида Жанбатыроваға сәуірде 16 сағат, мамырда тәуліктік фильтр бөлімшесіндегі 144 сағат жұмыс істегені үшін үстемақы төленгенін растады.

Олардың айтуынша, коронавирусқа байланысты карантин енгізілгеннен кейін Жамбыл облысы бойынша сәуірде - 1611, мамырда 1700 медицина қызметкеріне (арасында дәрігерлер мен орта және кіші санаттағы медицина қызметкерлері бар) атқарған жұмысына байланысты еңбегіне үстемақы төленген. Облыстық басқарма мамандары ақша қызмет өтіліне, дәрежесіне қарап емес, тәуекел тобында істеген жұмыс сағатына байланысты, яғни бірінші топтағы қызметкерлерге 850 мың, екінші топтағыларға 425 мың теңге, үшінші топтағы адамдарға 212 500 теңге төленеді деп түсіндірді.

Кейінгі ресми мәлімет бойынша, Жамбыл облысында барлығы 1423 адам коронавирус жұқтырған. Бір адам дерттен қайтыс болды, 495 адам жазылып шықты.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG